Иран мемлекеті ел астанасын басқа аумаққа көшіруді ойластырып жатыр. Негізі бұл мәселенің көтерілгеніне бірнеше ондаған жылдар болған. Нақты бір шешімге келу қиын боп тұр. Дегенмен астана ауыстыру жайы алдағы уақыттарда өмір шындығына айналуы әбден мүмкін сияқты. Себебі бұл мәселе таяуда ел Президенті Масуд Пезешкианның аузынан тағы да көтерілді.
Иран астанасы Тегеранда бүгінде 10 миллионнан астам адам тұрады. Қаланың экологиялық ахуалы жыл сайын нашарлап келеді. Ауа жиі ластанады. Тұрғындарды электр жарығымен қамтамасыз ету қиын. Ең бастысы – ауыз су жетіспейді. Адамдар ежелден бері мекендеп, өмір сүріп келе жатқан аумақ астынан жерасты суларын көптеп тарту әсерінен оның кей тұстарында жердің беткі қабаты жылына 15-20 сантиметрге дейін «отыруда». Сондықтан жылына бірнеше ондаған шақырым теміржол, автокөлік жолдары, көпірлер, үйлер, мұнай-газ инфрақұрылымдары және жүздеген мың ғимараттар бүлінуде, оларды үнемі бақылап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Сондықтан да мемлекет жылына қыруар заңсыз су тарту қондырғыларын, құдықтарды жапқызып та жатыр. Бірақ қалада адамдар тығыз қоныстанғандықтан мұндай әрекеттер оңды нәтиже бермеуде. Қала төңірегінде ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу де қиындап келеді. Өйткені жерасты сулары көптеп тартылғандықтан кей аумақтар опырылып төмен түскен, жер тегіс емес, ойлы-қырлы, егілген дақылдарды суғаруға жіберілген су сол ойықтарға сіңіп кетеді. Осындай проблемалар жыл сайын көбейіп, үсті-үстіне жамалып жатқасын ел басшылығы астананы басқа жаққа көшіру жөнінде ойластыра бастаған. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Есептеулер бойынша 80-100 миллиард доллар қаржы қажет болады. Үкімет алғашында Парсы шығарағынан су тарту жайын да қарастырған. Бірақ ол да оңай емес. Сондықтан соңғы кездері астананы көшіру жайлы ұстаным белең ала бастаған сыңайлы.
Үкімет ел астанасын Парсы шығанағына жақын аумаққа, елдің оңтүстігіне көшіруді ойластыруда. Бендер-Аббас, Бендер-Ленге, Бушер айлақты қалалары «кандидаттар» қатарында. Жалпы алғанда 27 аймақ зерттелу үстінде. Олардың қатарында Пәкстанмен шекараға жақын Махран мен Чабахар да аталып жатыр.
О. ТҰРАР.
