Бүгінгі той тойлау үрдісі осыған саяды
Жұрттың өзін өзгеге жақсылап бір көрсетіп, мақтанып қалатын кезі – той-томалақ маусымы. Тойға алдын-ала, жан-жақты дайындалады, қатардан қалмай өткізуге күш салады. Мұның бәрі жақсы-ақ, дегенмен кейінгі кездері осындай қызықшылықтарға шығынның көп жұмсалатыны, жөнсіз ысыраптың орын алатыны ойландырады. Базбіреулер тойға өзінше жаңалығын ендіріп жібереді, өзгелер соны қайталап, ол бірте-бірте бұлжымас әдетке айналып кетіп те жатыр.
Айталық, таяуда бір танысымыз туыстарының отбасындағы үш ұлдан кейін туылған қызға бесік апарыпты. Яғни тұңғыштары дүниеге келгенде дәстүр бойынша нағашылар жағынан бесік апарған, енді екінші мәрте бесік апарып отыр. Бұл негізі қазақтың салтында жоқ нәрсе. Бесік бір-ақ рет апарылады, ол үйдің кейінгі туған балалары да сол бесікте кезегімен тербеліп өседі. Бұл жолғы бесік апаруды әулеттің үлкен қызы ұйымдастырыпты. Бауырлары іштей жаратпағанымен әпкелеріне қарсы келсек ренжіп қала ма, ашуына тиіп қаламыз ба деп қорқасоқтап, қарсы уәж айта алмапты. Ал дегені болып үйреніп қалған апамыз онымен қоймай бауырларына «сен ананы апарасың», «сен мынаны апарасың» деп «салық» салған. «Бесік өз алдына, одан бөлек, алған қоларба, велосипед, тағы басқа заттар төрт-бес машинаның жүк салғышына әзер сиды, салонға да артуға тура келді. Сөйтіп жиен қарындастың үйіне екінші мәрте бесік апарып қайттық. Заттарды түсіріп жатқанда жұрт таңқалып, таңдай қағумен болды. Жұрт мәз, бірақ маған осы жай тіпті де ұнаған жоқ. Өйткені елде болмаған нәрсені істеп, сонша шығынданып, ысырап жасау ғой бұл. Мұны ұйымдастырып, жүзеге асырып отырған өз туысым болған соң, амал жоқ, іштен тындым», — деді мұны бізге әңгімелеп берген азамат.
Оның сөзін қоштаған танысымыз да таяуда бір туысының ұлын сүндеттеткен соң жақындарының басын қосып құран оқытқанын айтты. «Ағайын-туыстардың әкелген заттары үйіліп қалды. Шынында да жұртшылық арасында осындай кездері бұрын дәстүрімізде болмаған жаңа жоралғылар таралып, әдетке айналып бара жатқан сияқты», — дейді ол.
Бұрын келін түскен үйге жұрт кәмпиттен шашу шашатын, кейін «кәмпит тоғыз» деген шықты. Қазір осындай тоғыздардың санынан жаңылатын болдық. «Үй тоғыз», «ағайын тоғыз», «нағашы тоғыз», «құрдастар тоғызы», «кластастар тоғызы», «достар тоғызы», «көршілер тоғызы», «нан тоғыз», «жеміс тоғыз»… деп жалғасып кете береді. Тіпті «арақ тоғыз» деген де шыққан. Дастархан болса да астың небір түріне сықия толып тұрады. Жұрт дастарханды жарысып жасайды. Бір-бірінен асырмаса, кем түспеуі тиіс. Бұл өзгелердің «дастарханды керемет жасапты» деп мақтап кетуі үшін керек. Әйтпесе «дастарханы жұпынылау болды» деп сөз етеді.
Ал осынша дайындалып жасалған дастархандағы тағамның көбі тіпті ауыз да тиілмей, тұрған жерінде қалады. Күн ыстық, тоңазытқышта орын жоқ, содан әлгі тағамдардың көбі бүлініп, жарамсызданады. Малы барлар оны малына береді, ал малы жоқтар, амалсыздан бір шұңқырға апарып төге салады. Тойхана жанындағы қоқыс салатын жәшіктердің тағам қалдықтарына толып жатқанын да талай көрдік. Мақтангершілік, ысырапшылық обалды ұмыттырып бара жатқан жоқ па?!
Кезекті оқу жылы басталып, биыл мыңдаған бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Кейінгі жылдары баланың мектепке барғанына арнап той жасайтындар шықты. Бұрын мектепте «Әліппемен қоштасу» деген салтанатты шара өткізілетін, енді оны ата-ана тойханада атап өтетін болды. Ел ішінде бұрын дәстүрімізде болмаған осындай тойлар, салтымызда болмаған жоралғылар көбейді. Дәстүрлердің әу бастағы мән-мағынасы өзгерді.
Жалпы, қоғамда мақтангершілік, жұрттан ерекшелену үрдісі белең алды. Біреу барын көрсетіп, мақтан үшін елде жоқ үрдісті бастап, «таңдай қақтырса», екінші біреу «жұрттан ұят болатынын» уайымдап, қарызға белшеден батады. Өз кезегінде ол әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне де себеп болуда. Өз күнін әзер көріп жүргендер де «қатардан қалмайын» деп қажетсіз шығынға батуда.
Бұл үрдістің үдеуіне өз кезегінде кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де үлесін қосып жатыр. Біреудің «жүздеген адам қатысқан» қызылды-жасылды тойын, аста-төк дасарханын, қымбат киімін көрсетеді. Өзге жұрт осыған еліктейді, сондай той жасауға тырысады. Осының бәрі жатқан бір ысырап. «Дәстүрімізде мұндай болмаған» деп салтты сақтау жағын ойлайтындар аз, сол дәстүрдің түпкі мәнін білмейтіндер көп. Содан «жаңалық ашу», ысырап жасау басталады. Өкінішке қарай, оны тоқтату ешкімнің де ойына кіріп шықпайды.
Той дегеніміз ортақ қуанышты ағайын-туыспен, дос-жаранмен бөлісу, арадағы байланысты нығайта түсу үшін жасалады емес пе? Ол жұртқа қызықты болып, араны жақындатуға қызмет етпей ме? Ал бүгінгі тойлардың мәні өзіңді кімдермен теңдес екеніңді, кімдермен араласатыныңды барынша көрсетуге мүмкіндік туғызатын жарысқа, көзбояуға көбірек ұқсап барады. Ең жаманы – ысырапшылдыққа жол берілуде. Оның соңында кей отбасыларда уайым, ұрыс-керіс, қарызға бату ғана қалады.
Бүгінгідей әлемде ой жарысы бәсекеге түсіп жатқанда, біздегі той жарысы қаншалықты керек? Әрине, той тойлаған жақсы ғой, алайда шектен шығу, дарақылану құрдымға құлататын қадам. Ысырапқа, «тойға жаңалық енгізуге» тоқтам болуы керек. Қажет болса, той өткізу тәртібін заңмен бекітіп, стандартты бір ережелер енгізілуі тиіс деп ойлаймыз. Ендеше жаңадан іске кіріскен Құрылтайымыздың «құлағына алтын сырға» дейміз.
