Мәселе

Алтынтөбеліктер пай үлесінен неліктен қағылған?

Мәселе облыста шешілмесе, тұрғындар Астананы бетке алмақ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін арада 29 күн өткен соң, яғни 1992 жылдың 14 қаңтарында Президент «Ауыл шаруашылық кәсіпорындарын жекешелендіру» туралы Заңға қол қояды. Осы заң талабына сай еліміздегі барлық колхоз, совхоздың мүлкі (жер, мал, техника мен ғимараттар) пай үлесі ретінде жеке адамдарға берілген. Бірақ, түрлі себептермен Қазығұрт ауданының асылтұқымды мал өсірумен айналысатын Алтынтөбе совхозының тұрғындары үлессіз қалды. 

35 жылдан бері алтынтөбеліктер өз үлестерін алу үшін не істемеді, қайда бармады дейсіз? Шындықтың түбіне жетсем деп армандаған талай тұрғын бүгінде өмірден озған. Дегенмен, әділдік жолында жүргендер әлі де райынан қайтқан жоқ. Шілде айының ортасында Алтынтөбе ауылының бір топ тұрғыны заңгер Жаңабек Әбішевтің басшылығында Ауыл шаруашылығы министрлігіне барады. Оларды министрдің өкілі мен Президенттің Түркістан облысы бойынша кураторы қабылдап, уәждерін тыңдайды. Сол жерде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековпен тікелей байланысып, ертесіне Қазығұрт ауданының әкімі Әзізхан Исмайылов пен облыстық жер қатынастары басқармасының басшысын Астанаға шұғыл шақыртады. Екі күнге созылған кездесуден кейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ.Қайыпбек жекешелендіру жұмыстарының Алтынтөбе ауылында дұрыс жүргізілмегені жайында Ауыл шаруашылығы министріне төмендегідей мәтінде хат жолдаған: «…Алтынтөбе ауыл округі тұрғындарының 1992 жылғы 14 қаңтардағы ҚР «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүлкін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» Заңымен (қазіргі таңда күші жойылған) бекітілген құқықтары бұзылып, «Алтынтөбе» тәжірибе совхозының мүлкіне (жері, т.б) жекешелендіру жүргізілмеуіне байланысты 2026 жылдың 14 шілде күні ауылдың бірқатар тұрғындары Астана қаласындағы Үкімет үйінің 16 кіреберістегі қабылдау орталығында болуына сәйкес, мәселені толық зерттеп, Алтынтөбе ауыл округінің бірқатар тұрғындарының шартты жер үлесін реттеп, шешу тетіктерін қарастыруды сұраймыз».

Бұл мәселе жөнінде заңгер Жаңабек Әбішев (суретте) былай дейді: «Қаншама су тасқыны болып жатыр, Арыста әскери қойма жарылды, барлығында да шығынды мемлекет өтеп берді. Себебі Конституцияның бірінші бабында көрсетілгендей, мемлекет тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешіп беруге міндетті. Президент қол қойған заң жергілікті шенділердің кемшілігінен Алтынтөбеде орындалмай қалды. Енді аудан мен облыс деңгейіндегі басшылар сол кемшіліктерін өздері түзеуі керек. Әйтпесе, Президенттің қабылдауына баруға мәжбүр боламыз. Біздің қолымызда жекешелендірудің дұрыс жүргізілмегені жайындағы облыс әкімінің орынбасары қол қойған хат бар.

Осы мәселеге байланысты Қазығұрт ауданының басшылығы шаруашылықтағы 9 мың гектар жерді барлық тұрғынға бөліп берейік деген ұсыныс айтты. Ол дұрыс емес. Себебі совхозда өмір бойы қызмет атқарғандар немесе олардың ұрпақтары бүгінде ол жерде тұрмауы мүмкін. Керісінше, кейіннен көшіп барғандар бар. Сонда бұрынғылар ештеңе алмай, жаңадан барғандар жерге ие бола ма? Сол себепті Үкімет Алтынтөбенің 9 мың гектар жерін бөлу жөнінде жаңа ереже қабылдап, сол ереже бойынша жерді бөліске салған жөн. Н.Тұрашбековтың «бәрі әділ болу үшін комиссия құрамыз» деген бастамасын біз де қолдадық. Тіпті, төраға облыс әкімінің өзі болуын ұсындық. Тек жергілікті тұрғындар комиссияға мүше болуы керек, біздің талап осы».

Алтынтөбеліктердің жер үлесіне қатысты мәселе көтерген бастамашыл топтың мүшесі Әбілқасым Исабаевтың (суретте) да пікірін білдік. «Дауға себеп болып отырған 9 мың гектар жер осы кезге дейін қолдан қолға өтіп келген. Ауданның, облыстың арнайы жер қорына бірнеше рет беріліп, бірнеше корпорацияның иелігінде болғаны анықталды. Ол жерді 35 жылдан бері біреуі малын жайып, екіншісі егінін егіп, тұрғындардың өздері пайдаланғанымен, түпкілікті иелік ете алмауда. Себебі құжат жоқ. Ертең кез келген адам иеленіп алуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, бізде осы жерлерге егін егілді деп біреулер мемлекеттен миллиондап, бәлкім миллиартдап субсидия алып отырған жоқ па деген күдікті ой келе бастады. Әйтпесе халыққа өз жерін неге бөліп бермейді?» — дейді Әбілқасым Мұхтарұлы.

Алдағы сейсенбі күні бір автобус толы адам Түркістанға барып, облыс әкімінің орынбасары Н.Тұрашбековтың қабылдауында болмақ. Мәселе сол жерде шешілсе жақсы, ал кері жағдайда алтынтөбеліктер Ақордаға, Президенттің өзіне қайта барамыз деп белді бекем буып отыр.

Ұ. ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *