Мәдениет және өнер

БАБАМЫЗДЫҢ ЖЫРЫСЫҢ СЕН, ДОМБЫРА!

Қазақ халқының рухани әлемін, ұлттық болмысын, ғасырлар қойнауынан жеткен тарихы мен тағдырын бір ғана құдіретті аспаптың үнімен бейнелеуге болатын болса, ол – қасиетті домбыра. Қос ішегінен төгілген қоңыр күй халқымыздың мұңын да, қуанышын да, арманын да, азаттығын аңсаған асқақ рухын да бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. Сондықтан домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың жаны, халықтың үні, бабалардың аманаты.

Домбыраның тарихы халқымыздың тарихымен тамырлас. Сан ғасырлар бойы кең байтақ қазақ даласында өмір сүрген ата-бабаларымыз өздерінің өмірлік тәжірибесін, елдік мұратын, ерлік дәстүрін күй мен жыр арқылы ұрпақ санасына сіңірді. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір әуенде ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт тағдыры жатыр. Сондықтан халқымыз домбыраны ерекше қастерлеп, үйінің төріне іліп қойған.

Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениетін домбыра үнінен табуға болады. Құрманғазының күйлерінен азаттыққа ұмтылған халықтың өр рухы сезілсе, Дәулеткерейдің шығармаларынан нәзік сыр мен терең ой аңғарылады. Тәттімбет күйлерінен туған жердің көркем табиғаты көрініс тапса, Дина анамыздың шығармаларынан қайсарлық пен даналықтың лебі еседі. Осындай ұлы тұлғалардың мұрасы арқылы домбыра ұлттық өнердің ғана емес, халықтық тәрбиенің де алтын арқауына айналды.

Домбыра – халқымыздың рухани тұтастығын сақтап келген киелі мұра. Тарихтың талай тар жол, тайғақ кешу кезеңдерінде қазақтың рухын түсірмей, еңсесін тіктеген де осы домбыраның үні еді. Ел басына күн туған шақтарда батырларды ерлікке үндеген, жұрттың жігерін жаныған жыраулар мен күйшілер домбыраны серік етті. Сол себепті домбыра үні қазақтың жүрегімен бірге соғып келеді деуге толық негіз бар.

Бүгінде Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнеріне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Бұл мереке ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді, ұлттық сана мен рухани жауапкершілікті қалыптастыруға қызмет етеді. Әсіресе жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетімізді сақтау мен насихаттаудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осындай кезде домбыра – ұлттың рухани қалқаны, мәдени бірегейлігіміздің символы болып қала береді.

Қазіргі таңда домбыра өнері жаңа белеске көтерілуде. Ел ішінде домбыра үйренуге қызығушылық артып, түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылуда. Өнер мектептерінде мыңдаған жас домбыра тартуды меңгеріп, ата-баба мұрасын жалғастыруда. Бұл – ұлттық өнердің өміршеңдігінің, халықтық құндылықтардың мәңгілік екендігінің айқын дәлелі.

Домбыраның құдіреті – оның адам жүрегіне жол таба білуінде. Бір ғана күй арқылы сөзбен жеткізу мүмкін емес сезімдерді жеткізуге болады. Сондықтан халқымыз «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаған. Домбыра – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, ұлт рухын ұлықтайтын қасиетті мұра.

Ұлттық домбыра күні қарсаңында барша жұртшылықты халқымыздың асыл қазынасы – домбыраны қастерлеуге, күй өнерін насихаттауға және ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға шақырамыз. Қос ішектің қоңыр үні қазақ даласында мәңгі күмбірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Бабамыздың жырысың сен, домбыра! Күмбіріңнен қазақтың кең даласы, бай тарихы, асқақ рухы мен мәңгілік үні естіліп тұра берсін!

Мәдина АХМЕТОВА,

Әдет- ғұрып және  салт-дәстүр орталығының

ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *