Әлеумет

БЕСІК – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАСЫ

Бесік – ұлттың тәрбиесі мен тағылымын, салт-дәстүрі мен дүниетанымын бойына жинаған қасиетті мұра. Сәбидің алғашқы ұясы болған бесік ғасырлар бойы қазақ отбасындағы береке мен тәрбиенің алтын арқауы болып келеді.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөздің астарында терең мән жатыр. Өйткені әрбір адамның мінезі мен болмысының қалыптасуы бесіктен басталады. Қазақ халқы бесікті қастерлеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Сондықтан бесік ұлттық тәрбиенің ғана емес, рухани сабақтастықтың да символына айналған.

Белгілі этнограф-ғалым Халел Арғынбаев өз зерттеулерінде қазақ бесігінің көшпелі өмір салтына бейімделген ерекше өнер туындысы екенін атап көрсетеді. Ғалымның пікірінше, бесік нәрестенің тазалығы мен денсаулығын сақтауға өте қолайлы жасалған. «Бесіктің құндылығы оның тәрбиелік маңызымен ғана емес, ерекше құрылымымен де байланысты. Қазақ бесігі көбіне тал, қайың, арша, емен сияқты жеңіл әрі берік ағаштан жасалған. Оның негізгі бөліктеріне бас жақ, аяқ жақ, екі жақтауы, шабақтары және бөгені жатады. Бесіктің ортасына түбек пен шүмек орнатылып, нәрестенің тазалығын сақтауға қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ бесікке төсек, жастық, көрпе және түрлі жабдықтар салынып, сәби жайлы жатуы қамтамасыз етілген. Көшпелі өмір салтына бейімделген бесік жеңіл, жинақы әрі көшіп-қону кезінде алып жүруге ыңғайлы болған. Осы ерекшеліктері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен даналығының көрінісі болып табылады» деп жазып кеткен. Ал этнограф Өзбекәлі Жәнібеков бесікті қазақтың материалдық мәдениетінің ең құнды жәдігерлерінің бірі ретінде бағалаған.

Қазақта нәрестені бесікке салу – үлкен тәрбиелік мәні бар дәстүр. Бесікке салу рәсіміне ауылдың көпті көрген, өнегелі аналары қатысып, сәбиге ақ батасын берген. Бұл рәсім арқылы балаға жақсылық пен ізгілік тілеген. Халық ұғымында бесікке бөленген бала тәрбиелі, ұқыпты әрі дені сау болып өседі деп есептелген.

          Бесіктің тағы бір ерекшелігі – бесік жыры. Ана әлдиімен тербелген сәби мейірім мен махаббатты сезініп өседі. Этнопедагогика саласының көрнекті ғалымы Сейіт Қалиев бесік жырының бала тәрбиесіндегі рөлін жоғары бағалап, оның сәби санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудегі маңызын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Расында да, ананың әлдиі – баланың жүрегіне жол табатын алғашқы тәрбие мектебі.

Ұлт ұстазы Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде тәрбиенің бесіктен басталатынын ерекше атап өтеді. Өйткені сәби дүниетанымының алғашқы негіздері дәл осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан қазақ аналары бесік жанында отырып тек ән айтып қана қоймаған, баласының болашағына деген арман-тілегін де әлдиімен бірге жеткізген.

Бүгінде технология дамып, тұрмыс өзгергенімен, бесіктің тәрбиелік мәні жойылған жоқ. Керісінше, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық артқан сайын бесікке деген құрмет те жаңғырып келеді. Себебі бесік – өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа бастайтын рухани көпір.

            Халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Осы бір дана сөздің мәніне үңілсек, бесік қазақ үшін тек сәби жататын орын емес, ұлттың болашағы тербелетін қасиетті мекен екенін аңғарамыз. Сондықтан бесікті дәріптеу – өткенді сағыну емес, ұлттық тамырымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат ету.

Бесіктің тербелісімен бірге ғасырлардан жеткен ұлттық рух та тербеліп келеді. Сол рухты жоғалтпау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Гүлжауһар Пазылбекова,

 Әдет-ғұрып және салт-дәстүр

орталығының тарихшы маманы.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *