Ал біз қаңғыбас ит-мысықтарды «мәпелеуге» миллиардтар жұмсаудамыз
Мөлтекаудан тұрғындарының ортақ ватсап чатында көршілердің күнделікті тірлік-әрекеттері жайында айтылып-жазылып жатады. Қайбір күні бастауыш сыныпта оқитын бір қызды ит қауіп алыпты. «Қозыны талап, жеп қоя жаздады» деген бір көрші апай оны иттің тісінен әзер ажыратып алғандарын айтып, абайлауымызды ескертіп жатты. Үйір болып көшенің ортасында жүрген иттерден қорыққан бала сабақтан қалып қойған, енді бірі сабақтан үйіне жете алмай жүректері шайлығыпты. Бірінің соңынан бірі емін-еркін еріп, көшенің қожайынына айналған он шақты иттің суретін чатқа салған тағы бір көрші әбден әбігер болғанын айтып, «ит ататындардың телефонын тастаңыздаршы» деп көмек сұрайды. «Әкім қайда қарап отыр?!» деп ашуға ерік беретіндер де табылады…
Чатымызды күнделікті осындай жазбалар жыл он екі ай толтырады. Бірақ, одан азайып жатқан ит жоқ. Қайта көбейіп бара жатқан сықылды. «Сонда кешелі бері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жыр болып айтылып жатқан бюджеттің миллиардтары қайда кетуде?» Осы сұрақ әркімді мазалайды. Бізді де…
14 490 ит ауланған
Жалпы, бүгінде қаңғыбас иттерді аулаудың, жоюдың тәртібі қандай? Қазір Шымкент көшелерінде қанша қаңғыбас ит жортып жүр? Өткен жылы қанша, биыл қаншауы ауланды? Қаншасы жойылды? Ауланған ит-мысықты күтіп ұстауға бюджеттен қанша қаржы бөлінеді? Осы сұрақтарды қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасындағы азаматтарға жолдаған едік. Ветеринария бөлімінің басшысы Ерлан Әбеновтен келген жауапты қаз-қалпында бергенді жөн көрдік.
«Қала аумағында қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын ізгілікті тәсілмен қарғыбауды (петля) қолдану арқылы азаматтардың өтінімдері негізінде «Ветеринариялық қызмет» МКК (аулау қызметі) жүзеге асыруда. Қаңғыбас жануарларды аулау кезінде адам мен жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін агрессивті және емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар жиі кездеседі, олар питомникке жеткізіліп, жансыздандыруға жіберіледі. Уақытша ұстау орталығында жануарларға тұрақты түрде күтім (ауыз су шектеусіз, тамақтандыру мен механикалық тазарту күніне екі рет) жасалады.
Қағида бойынша, қаңғыбас жануарды мерзімінен бұрын стерилизациялауды болдырмау мақсатында стерилизациялау туралы шешім уақытша ұстау пунктінде болғанның төртінші күні қабылданады. Стерилизациядан кейін қаңғыбас жануарларды операциядан кейінгі асқынулар болмаған жағдайда ұрғашылар үшін кемінде күнтізбелік 11 күн және еркектер үшін күнтізбелік 4 күн күтіп ұсталып, бұрынғы мекендеу орнына жіберіледі.
2025 жылы қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, күтіп ұстау, жансыздандыру жұмыстарына қаралған 124 992,0 мың теңгеқаржы толығымен игеріліп, 40,0 мыңға жуық ит-мысықтар ауланып, күтім жасалған. 2025 жылы зооеріктілер мен иелеріне 1584 бас ит-мысықтар берілген. «Ветеринариялық қызмет» МКК тарапынан 2,5 мың бас қаңғыбас жануарларға зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, бұрынғы мекендеу орнына жіберілген.
Ағымдағы жылы қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, күтіп ұстау, жансыздандыру жұмыстарына 124 992,0 мың теңге қаржы қаралған. Аулау қызметінің мәліметіне сәйкес, қала аумағында ағымдағы жылы 14 490 бас қаңғыбас ит ауланды. «Қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыру» бағдарламасы бойынша жоспарланған 1 000 бас қаңғыбас жануарды зарарсыздандыру жұмыстарына 12 000,0 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар әлі жүргізілмеді.
Уақытша ұстау орталығында жануарларға тұрақты түрде күтім жасайтын 1 орталық меңгерушісі, 1 ветеринариялық дәрігер және 15 санитар (5 санитар 3 ауысымда) жұмыс істейді. Қала аумағына 7 аулау бригадасы жұмылдырылған.
Аталған қаржы жұмысшылардың қызметтік киімдері мен құрал-жабдықтарына, сондай-ақ жануарларға тамақ, су беретін ыдыстар мен басқа қажетті заттарды қамтамасыз етуге, айлық жалақыға, коммуналдық төлемдер үшін қаралған».
Сағат сайын 5 адам зардап шегеді…
Таяуда Мәжіліс депутаттары қаңғыбас жануарлардың көзін жоюға қатысты Заңға ендірілмек толықтыруларды мақұлдап, жоғары жаққа ұсыныс жіберді. Енді оны Сенаттағылар қарайтын болады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға ендірілуге ұсынылып отырған ең басты мәселе – қаңғыбас жануарды ауланған соң ұзатпай көзін жою жайы. Яғни оны бұрынғыдай біраз күн арнайы орындарда емдеп, піштіргесін тіршілік ортасына қайта жіберудің пайдасы жоқ, ол әдіс тек қана шығын әкелетіні айтылуда. Еліміз бойынша бұл шараларға бөлінетін қаржы миллиардтап саналады екен. Егер ұсыныстар қабылданса, ендігі жерде қаңғыбас жануарды аулаған соң бұрынғыдай апталап ұстамайды, көзін жояды, шаруаны бес күннің ішінде аяқтайды. Жергілікті мәслихаттардың шешіміне байланысты мұндай шекті күндер саны әртүрлі боп бекітілуі де мүмкін. Ал иесі бар қаңғыған иттер арнайы питомникте екі айға дейін ұсталмақ. Осы аралықта иесі табылмаса, ол да көзін жоюға жатады.
Иесі бар иттер мен мысықтарды чиптеу мәселесі де қозғалып отыр. Үйінде ит, мысық асырайтындар оларға міндетті түрде чип жасатуы керек. Бұған байланысты ереже бұзғандарға алғашында ескерту беріліп, оған құлақ аспаса айыппұл салу, бұл да пайда бермесе жануарды иесінен алып қою амалы көзделген. Осы орайда ит-мысық асырауға арнайы салық ендіру жөнінде бастама көтерген депутаттар да жоқ емес. «Салық төлейтін болса, адамдар қос-қостан ит, мысық ұстамас бұрын жақсылап ойланады. Ал салықтан түскен қаржыны қаңғыбас жануарларды асырап-бағуға бағыттауға болар еді» дейді олар.
Құтырудан үш адам қаза болған…
Әрине, мұның бәрі әзірге заңға ендірілмек түзетулер, толықтырулар мен ұсыныстар ғана. Ал оның толықтай қабылданып, қабылданбасы алдағы уақыттың еншісінде. Жалпы, бүгінде жұртшылық арасында қаңғыбас иттерді «қауіпсіздік үшін қырып тастау керек» дейтіндер де, «олар да тірі жан, аяушылықпен қарап, қорғау керек» деп жүргендер де бар. Қалай болғанда да жергілікті әкімдіктерге, ветеринарлық қызметке шағымданушылар қатары аз емес. Осы орайда өткенде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мынадай деректер келтірді: «Орташа алғанда елде әр сағат сайын бес адам қаңғыбас ит шабуылына ұшырап, жарақат алады. Соңғы жыл ішінде ғана қаңғыбас жануар шабуылынан 23 мың 134 адам зардап шеккен».
Қолданыстағы заң жайлы болып жатыр ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір қаңғыбас жануарлар қатары жыл санап артумен келеді. Мысалы, елімізде ауланған жабайы ит-мысықтардың саны биылғы жыл басында ғана 276 мыңнан асқан. Оларды аулап, питомникте ұстауға, піштіріп, екпе жасауға қазынадан миллиардтаған теңге шығын болуда. Алайда, елеулі нәтиже жоқ. Мұндай жануарлардан жапа шегушілер қатары азаяр емес. Соңғы жылдары дәрігерлер де иесіз жануарлардан сақ болуды, әсіресе құтыру дертінен сақтануды үнемі ескертуде. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың тістеп, тырнауынан, талап тастауынан өткен жылы елімізде 60 мыңнан астам адам зардап шеккен екен. Соның ішінде үшеуі құтыру ауруын жұқтырып алып, қаза болыпты. Ал биылғы жыл басынан бері 14 мыңнан астам адам ит, мысықтардан зардап шегіп, медициналық жәрдемге жүгінген.
Бұл деректер жұртты ойландырмай қоймайды. Жануарларға деген аяушылық жайында қанша айтсақ та, адам өмірі мен қауіпсіздігі, денсаулығы бірінші орында тұруы қажет. Сол себепті қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар ауадай қажет болып тұр. Бұған қатысты Сенат депутаттары тарапынан да қолдау болады деген үміттеміз.
Д. НҰРПЕЙІС.
