Әлеумет

Зират. Зиярат. Шариғат

Жыл сайын сәуір-мамыр айларында жұртшылық мазараттарға барып, оны шөп-шаламнан арылтады, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізеді. Осындай кездері түрлі діни жоралғылар жөнінде айтылып та жатады. Олардың бірін білсек, бірін біле бермейтініміз рас. Осы орайда Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сәуірбаевпен (суретте) сұхбаттасып, жұрт есінде сақтап жүруі тиіс біраз жайлар жөнінде білдік.

Зират басында сурет
қою күнә болады

– Сәуір айының соңы мен мамыр айының басында жер-жерлерде мазараттарды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, бұл кезде қандай шаралар атқарылады?

– Алла Тағала адам баласын тіршілік иелерінің ең ардақтысы етіп жаратқан. Тірі адам қандай құрметті болса, қайтқан кісілер де сондай қадірлі. Сол себепті адам тәні көмілген зираттарды құрметтеу, таза ұстау, қорғау және бірқатар әдептерді ұстану тірілер үшін талап етіледі.

29-сәуір елімізде мазарат аумағын тазарту күні. Осыған орай біздің Төлеби ауданы имамдары мен ауыл белсенділерінің тікелей ұйытқы болуымен 25-26 сәуір күндері ауданда ҚМДБ-ның бекітіп берген «Зират және зиярат» мәдениеті ережелерін қатаң сақтай отырып, мазарат аумағын тазарту жұмыстарын жүргіздік. Шара «Өткенге құрмет – ұрпаққа міндет» тақырыбы аясында өтеді.

Адам – қасиетті жаратылыс. Алланың ең көркем жаратылысына тірісінде қандай құрмет көрсетілсе, бұл жалған дүниеден өткеннен кейін де құрмет көрсетілуі, жөн-жоралғысы толықтай атқарылуы кейінгілерге міндет.

– Жөн-жоралғы демекші, көп адам кей діни жоралғыларды біле бермейді. Мысалы, адам дүние салғанда мәйітін жууға «құдалар жағынан кірсін» деп жатады. Біздіңше, бұл шаруаны кім болса да тек шариғаттан хабары бар, мәйітке жанашыр, күш-қуаты жететін адамның атқарғаны дұрыс сияқты. Дінде бұған байланысты не айтады? Қалай болғаны дұрыс?

– Негізі өмірден өткен адамды соңғы сапарға шығарып салуда оны жуындыру жанашыр, жақын жандардың тікелей міндеті. Себебі кей адамның денесінде мына өмірде жасырып жүрген жеке айыптары болуы мүмкін. Оны ертең ешкімге жария етпейтін жақындары мәйітті жууға кіргені дұрыс болады. Марқұмды соңғы ақтық сапар алдындағы жуындырудың шариғи маңызы жоғары. Сондықтан оған нағыз жақын бауыры мен балалары кіргені дұрыс деп білеміз. Сондай-ақ сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса, оған шариғат қарсы емес. Біздің діни басқармаға қарасты имамдар осы ұстанымды барынша қолдануда.

– Кей кісілер зират басына үлкен үй соғып, тіпті, ескерткіш орнатып, қымбат құлпытас қойып, оған суретін салып жатады. Жалпы, зиратқа адам суретін немесе бейнесін бейнелеген дұрыс па?

– Өз заманында Алла елшісі (Оған Алланың мейірімі мен шапағаты болсын) үй ішінде жанды нәрсенің суреті бар заттарды сақтауға тыйым салған. Өйткені періштелер мұндай үйлерге кірмейді екен. Сол сияқты зират басында да қайтыс болған адамның суретін қоюға болмайды. Сурет болған жағдайда зиратқа періштелер жақындамайтын болады. Керісінше, ондай жерді шайтан жайлайды. Қабір басына өлген адамның аты-жөнін, тегін, өмір сүрген жылдарын жазса жеткілікті. Ал, суретін қою күнә болады.

– Мазарат басының тазалығы қандай болуы керек?

– Шариғат заңы бойынша мұсылмандардың қабір басын тазалап, оған жиі барып тұруы сауапты іс саналады. Зират басында құрылыс жұмыстарын жүргізіп, мешіт салу, намаз оқу, мәйіт жерленген жерді басу күнә деп есептеледі. Алла Елшісінің (Оған Алланың мейірімі мен шапағаты болсын): «Зиратқа көбірек барыңдар, сонда өлімді жиі еске аласыңдар» деген хадисі бар. Әрбір мұсылман зиратқа барар алдында дәрет алып, екі ракат намаз оқуы керек. Қазіргі уақытта барлық ауыл ақсақалдары, билері мен имамдары жерлеу рәсімі кезінде реттілік, тазалық, ұқыптылық жолдарын насихаттап, мазарат аумағын толығымен таза әрі ретті сақтауға қатысты жұмыстар атқаруда. Мазарат қоршауларын жаңартып, ағаштар егіп, діни рәсім өтетін  орынды бір реттілікке келтіру жағынан да біраз жұмыстар жасалған. Жылына екі-үш мәрте тазалық жұмыстарын ұйымдастырып отырады.

Жүрек жылайды, бірақ тіл Алланы жазғырмауы тиіс…

– Тас түскен жеріне ауыр. Кейде қаралы үйдің адамдары әртүрлі сөздермен жоқтау айтып, қатты айқайлап жылап жатады. Осыған байланысты не айтасыз?

– «Жан бар жерде қаза бар» демекші, өлім – хақ. Марқұмды жаназа рәсімдерінің жөн-жоралғысын шариғат тәртібімен жасап, ақтық сапарына аттандыру маңызды. Бұл – мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу, жерлеу рәсімдері. Мәйітке жылау мәселесіне келсек, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл жөнінде: «Менің көздерім жылайды, жүрегім қайғырады, бірақ тілім Алланы, тағдырды жазғырмайды» деген екен. Әрине, жақыныңның қазасы қабырғаңды қайыстырады. Бірақ мұсылманшылық әдептерін сақтап, мәйіттің жайын ойлаған дұрыс. Себебі хадисте орынсыз сөздермен жоқтаудың кесірінен мәйіттің зиян шегетіні айтылады. Әсіресе, мәйітті алып бара жатқанда әйел адамдардың артынан жүгіріп, айқайлап, дауыс көтеруі жөн емес. Оның орнына «Алла алдынан жарылқасын», «жақсылығын көбейтсін» деген ниетте іштей дұға-тілекте болу қайырлы.

– Көрқау әр мазаратта болады ма? Оның қызмет ақысы бекітілген бе? Жалпы, көрді көрқау қазғаны дұрыс па, әлде марқұмның жақын адамдары ма?

– Бұрындары ауылды жерлерде арнайы көрқау болмайтын. Мәйіттің ағайын-туыс, көрші, бауырлары көр қазу қызметін атқаратын. Бүгінде уақыттың тапшылығы, заман ағымымен зулаған күйбең тіршіліктің себебімен көп жерлерде арнайы көрқау қызметшісі бекітілген. Оның жұмсаған уақыты мен күшінің ақысын ауыл болып ақылдасып, ортақ шешіммен төлейді. Ол әр жерде әртүрлі, мәйіт иесіне де ауыр болмайтын, көр қазушыны да ретжітпес мөлшерде белгіленіп жүр.

Көрқаудың қызметіне көр қазудан бөлек мәйіт жерленетін орынды белгілеу, мазаратты күтіп ұстау және сондағы тыныштықты сақтау да кіреді.

– Үлкен қалаларда марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерін атқаратын арнайы орындар бар, ал ауылдарда ше?

– Біздің аудан ауылдық аймақ болғандықтан марқұмды барынша өз шаңырағы немесе өсіп-өнген қара шаңырақтан, реті келсе мешіттен шығарғанды жөн санайды. Сұраныстың болмауына байланысты ауданымызда ондай арнайы орталықтар жоқ.

– Марқұмның туыстарына көңіл айту әдебі туралы айтсақ. Мысалы, «иманды болсын» деп жататындар бар. Дұрысы – «иманы жолдасы болсын», «иманы саламат болсын» емес пе? Қалай айтылғаны дұрыс?

– Мұсылмандар үшін қабір әлемі – мәңгілік өмірдің алғашқы қақпасы, ақыреттің бастауы. Дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтары мен жанашыр жақындарына «Марқұмның топырағы торқа болсын», «Алла алдынан жарылқасын», «Жаны пейіште шалқысын» деп ізгі тілек пен дұға жасап жататыны сондықтан және осылай айтылғаны жөн.

– Ас беру жайында Мүфтияттың пәтуасында не айтылған? Дастархан мәзірі қандай болуы керек және ол сақталып жүр ме?

– Ас беру, елдің басын қосып, өмірден өткендерді еске алып, құран бағыштау дініміз бен дәстүрімізге қайшы дүние емес. Алайда шариғатымыз қатаң ескерткен дүниенің бірі – ысырапшылдық. «Нанды жоғары көтер», «нанды шашпа», «нанды тепкі қылма», «ұсақтарын теріп ал, обал болады» деген тәрбиеде өскен ұрпақпыз. Сол себепті ҚМДБ осы жайттарды қатаң ескере отырып, ысырапшылдықтан барынша сақтану мақсатында арнайы дастархан мәзірін де бекітіп берген болатын. Қазіргі таңда ең қарапайым түрде әзірленетін дастархан мәзірінің үлгісі ауданымыздағы барлық мешіттер мен мешіт жанынан салынған асхана аумағында ілініп, жарияланған. Осы мәзірден ауытқымауды айтып отырамыз.

Қаралы үйде қазан көтермеген дана халықтың кейінгі ұрпағына да осы үрдіс үлгі болуы керек деп білеміз. Қазіргі таңда аудан имамдары насихаттарының себебімен барлық ауылдық жерлерде қаралы үйде үш күнге дейін қазан көтермеу, яғни ас бермеу үрдісі қатаң сақталып келеді. Жоғын жоқтап, жақынынан айырылған отбасыға қосымша жүк артпау керек. Адамынан айырылған қаралы үйде қосымша ас беру бүгінде оңай шаруа емес екендігін түсінген ауыл ақсақалдары бұл бастаманы барынша қолдап отыр.

– Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *