Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың назарына!
Шымкентте 83 жастағы, «Білім саласының үздігі» он үш жылдан бері үй-күйсіз қаңғып жүр
«Қарттарымыз – қазынамыз», «Ұстаз – ұлы тұлға» деп, оларға аса қамқор адам ретінде лауазым иелерінің биік мінберлерден айтқан жалынды сөздерін естігенде жанарымызды жас шылауға шақ қалады. Кешегі өткен мұғалімдер мен қарттар күні осы көрініс тағы қайталанып, мұғалімдерге марапат үлестіріліп, қарттарға шапан жабылды. Әрине, оларға қандай марапат жасасақ та жарасады, алайда, көбінше қазіргі атағы дүркіреп тұрған ұстаздар мен кешегі биліктің тізгінін ұстаған қарияларға жыл сайын қошеметтің түр-түрі көрсетіледі де қарапайым, бірақ, өз қызметіне адал болғандар тасада қалып қойып жатады. Солардың бірі – Айткүл Қылышбай.

Биыл жасы 83-ке толған Айткүл Сұраулықызы 50 жыл бойы ағарту саласында еңбек еткен. Білім саласының үздігі, еңбек ардагері. 1998 жылы зейнетке шығып, содан бері Шымкент қаласында тұрып келеді. Қартайған шағында тағдыр сынағына жолығып, жарты ғасыр бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен жарымен жолы екіге айырылады. Тағдыр тәлкегі де осы кезден бастау алды. Дерт жанарына жабысып, жасаған ота көмектеспей, бір көзі көрмей қалды. Дәл осы кезде 50 жыл отасқан отағасы екеуі бірігіп қол жеткізген баспанасы белгісіз жағдайда сатылып кетеді.
— Жұбайым алдымен үйімізді кепілге қойып, банктен несие алды. Алауыздық осыдан басталды. Бірақ, бұрынғы күйеуімнің жоспары бұдан да сорақы болып шықты. 2012 жылы 11 маусымда мен облыстық көз ауруханасына түсіп, ота жасаттым. Ауруханадан шығып, үйіме оралсам, баспанамда бөтен біреулер жүр. «Кімсіңдер» десем, «осы үйдің жаңа егесіміз» дейді. Қалайша? Түкке түсінбедім. Сөйтсем, бұрынғы күйеуім менің ауруханада жатқан сәтімді пайдаланып, қитұрқылыққа барған екен. Жылжымайтын мүлікті сату барысында ерлі-зайыптылардың екеуінің де келісімі қажет екені белгілі. Осы талаптан айналып өту үшін күйеуім алдымен Еңбекші аудандық сотына екеуміздің арамыздағы некені бұзу жайында арыз түсірген екен. Судья менің ауруханада жатқаныма қарамастан талап арызды қанағаттандырған шешім шығарады. Ең қызығы, мен тура ота төсегінде жатқан күні судья мені «сотқа қатысып, тиісті сауалдарға жауап берді» қылыпты. Сотта осындай да сорақылық, заңды белден басушылық болады екен. Судьяның осындай «көз қыстылығының» кесірінен некеміз бұзылып, күйеуім нотариусқа жалған мәліметтер ұсынып, ақыры сыртымнан сатып жіберген, — дейді кейуана жанарын жасқа шылап.
Қаншама жылдар еңбектеніп тапқан табысына сатып алынған басапанадан әп-сәттә айырылып қалу оңай ма? Айткүл апа әділдікті ізденеді. Қарызданып, қауғаланса да адвокат жалдап, үйдің сату-сатып алу келісім шартының күшін жоюға күш салады. Сотқа арыз түсіреді. Бірақ аудандық сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырады. Облыстық сот та шешімді өзгеріссіз қалдырды. Іс кассациялық сатыға келгенде алғашқы сатыдағы сот шешімі бұзылады. Алайда, Жоғарғы Сот қайтадан алғашқы сот шешімін күшінде қалдырады. Осылайша әбігерге түскен кейуана Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің қабылдауында болғаннан кейін ғана жағдай өзгеріп, жаңа шешім шығады. Ол шешімде Айткүл Қылышбайға үлесі ретінде бұрынғы күйеуінен 4 миллион теңге өндіру міндеттелген. Алайда, бұл кезде бұрынғы күйеуі үйді сатқан қаражаттың барлығын жаратып жіберген, өз атында ешқандай жылжымайтын мүлкі болмаған. Барлығын басқа біреулердің атына жазып тастаған. Ендігі жалғыз табысы – зейнетақысы ғана. Сот орындаушылар ай сайын күйеуінің зейнетақысынан 45 мың теңге аударып тұрудан басқа амал жасай алмапты. Ал, бұл 45 мың теңгені жинап, баспана алу мүмкін бе? Әрине, жоқ. Осылайша судьяның «бармақ басты, көз қысты» әрекетінің салдарынан кейуана 13 жылдан бері үйсіздің күйін кешіп, пәтерден пәтерге көшумен келеді.
— Әділдіктің соңына түсемін деп денсаулығымнан да айырылдым. Құқымды қорғайды деген мекемелердің барлығына кіріп шықтым, бәрі арызымды бір-біріне жолдаудан басқа ешқандай әрекетке бармады. Жағдайым жылдан жылға, тіпті күннен күнге нашарлап барады. Жамбасым сынып, өз аяғыммен жүре алмай қалдым. Бір көзімнен айырылғаннан кейін үшінші топ мүгедектігіне шықсам, қазір бірінші топ мүгедегімін. Екі ұлым қайтыс болды. Бір балам маған қараймын деп отбасынан ажырады. Қыздарымның маған көмек беретіндей шамасы жоқ, өз арбаларын өздері әрең сүйреп жүрген жандар. Қартайған шағымда далада қалып, өлігім өзгенің босағасынан шыға ма деген уайыммен жылай-жылай жалғыз жанарым да суалатын болды. Шымкент қаласының бұрынғы әкіміне көмек сұрап талай бардым. Ешқандай көмек болмады. «Аманат» партиясына кіргенде басшы «бір бөлмелі болса да баспана тауып беру керек» деген тапсырма берді. Кейін ондағылар маған үй кезегіне қойғанын айтты. 17 мыңыншы болып кезекке тұрыппын. Жасым 40-50-де болса мейлі, көзімнің тірісінде кезегім келіп, баспаналы боларыма кім кепіл? Қаланың қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбековтың қабылдауына қанша жазылғаныммен, кіре алмадым. «Арызыңызды әкімге кіргіземіз» деп алып қалды. Кейін менің арызымды «Отбасы банкке» жіберген екен. Ондағылар маған «үй алу үшін депозитіңіз болу керек, әзірге «1 және 2 топтағы мүгедектер» санаты бойынша кезекке тіркеп қойдық, бірақ қазір үй беріліп жатқан жоқ» деген мазмұндағы хат жолдапты, — дейді Айткүл Сұраулықызы.
Иә, қазақ қашан да Жаратушыдан «қамсыз қарттықты» сұраған. Оның мәнісін қартайғанда тағдыр тәлкегіне тап болғандар, қиындықты басынан өткізгендер ғана шынайы түсінсе керек. 50 жыл өмірін бала тәрбиесіне арнаған кейуанаға шұғыл жәрдем керек. «Жалға алынатын тұрғын үйге қол жеткізсем де жарар еді, пәтерге төлеп жүрген қаражатты сол мақсатта жұмсайтын едім», — дейді амалы таусылған кейуана.
Әрине, ешкімнің де заңсыз баспаналы болуға құқы жоқ. Алайда, «ағарту саласының үздігі», еңбек ардагері, ендігіде төрінен көрі жақын 1 топ мүгедегі үшін жеңілдікпен баспаналы болудың мүмкіндіктері қарастырылған емес пе? Шымкент қаласы әкімдігінің заңгерлері осы мүмкіндік аясында кейуанаға үйлі болуға көмектессе үлкен сауап іс болар ма еді?!
Шадияр Мекенбайұлы.
