Қоғам

Сіз Жаңа жылды тойлайсыз ба?

  • Тосын сұрақ

Жалпы күнтізбелік жаңа жыл, жылдың жаңару мерекесі ретінде желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні аталып өтілетін мейрамды әркім әрқалай қабылдайтыны рас. Бірі — әлемнің талай елінде бір мезетте тойланатын мерекеден қалыс қалмайтынын айтса, енді бір қауым ел «шығын әкелетін, шырша кесіп қоршаған ортаға залалын келтіретін бұл мерекенің тәрбиелік мәні жоқ» деп қабылдайды. «Біздің Жаңа жылымыз – Наурыз» дейтіндер де жоқ емес. Олай болса, күнтізбелік Жаңа жыл мен Ұлыстың Ұлы күні Наурыздың сіз білетін бір-бірінен қандай айырмасы бар? Айта отырыңыз… 

Сая ҚАСЫМБЕК, драматург, Ж.Шанин атындағы Шымкент академиялық театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

Қалай десек те, жер бетіндегі миллиардтаған адам қарсы алып, тойлап жататын Жаңа жылдан бас тарта алмайтынымыз анық. Оның үстіне бұл балалық шақтан қалыптасқан мерекеміз болғандықтан, оны «тойламаймын» деп кесіп айта алмаймын. Жаңа жылды күтетінім, қарсы алатыным рас. Тойлағанда ысырапшылдыққа, бос даңғазаға жол бермеуге тырысамын. Мемлекет басшысы Президентіміздің құттықтауын арнайы күтіп, бала-шағамды жаңа жылдың келуімен құттықтап, елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тілеп, үйде, отбасы-ошақ қасында отырып қарсы аламын. Бала күнгі, жастық дәурендегі қызықты оқиғаларды еске алып, сағынышпен сырласатын күн ретінде өткіземіз.

Бірақ, Наурызға деген ықылас-ниетім ерекше. Наурыз көже қайнатып, алдын ала дайындық жасап, туған-туыстың амандығын біліп қарсы аламын. Наурыз басқа мерекедей емес. Адамға рух беретін мейрам. Қанымызда болғандықтан да шығар, Ұлыстың Ұлы күніне деген құрметіміз бәрібір ерекше. Айналаның бәрі жаңарып, жасарып жатқан шақта келетін өзіміздің төл мерекеміз ретінде қастерлеймін наурызды.

Нұрлан ЖҰБАЕВ, Отырар ауданы М.Шаханов атындағы орта мектептің директоры:

– Мен күнтізбелік жаңа жыл — 31 желтоқсанды мүлдем тойламаймын. Жеке басым күн мен түн теңесетін, халқымызға көнеден келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін қазақтың жаңа жылы деп есептеймін.

Жаңа жылға қарағанда Наурыз мерекесінен өзімізге алар тәрбиелік мән көп.  

Атап айтар болсам, асық ату, ұлттық ойындар жарысын өткізу арқылы қызықты ойын-сауық думанын ұйымдастыруға болады. Қымыз, шұбат, пайдалы сусындар ішіп, табиғатты қорғау үшін тал-терек отырғызып, ақ дастарханға жиылған жұртқа Қызыр атаның бата беруі үлкен мән-мағыналы рәсім. Наурызды осылай тойлау арқылы салт-дәстүрімізді дәріптеп қана қоймай, өскелең ұрпаққа тәлім аларлық үлгі көрсетеміз.

Ал, күнтізбелік Жаңа жылда бұның бірі де жоқ қой. Керісінше, кей адамдар дастарханына ішімдік қойып, оның соңы қайғылы жағдайларға бастап, сол күндері қылмыс көбейіп жататыны бар. Оның несі мереке? Не тәрбие беретін мейрам?!

Ақбала ҚҰЛЫМБЕТ, «Аманат» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының төрағасы:


            – Жаңа жылдың алғашқы күні өмірге келгенмін, сондықтан кішігірім болса да жылда дастархан жайып қоямын. Жаңа жылмен, туған күніммен құттықтап келушілер болады.

     Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін Жаңа жылмен салыстыруға болмайды. Оның орны ерекше. Күн мен түннің теңелген күні деп үйді тазалап, иіс шығарып, нан пісіріп арнайы күтеміз. Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәні үлкен, яғни салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды осы мереке қарсаңында көбірек насихаттаймыз. Барлық көшелер бірігіп наурыз көже бергеннің өзі қандай керемет. Далаға көшенің бойына төсеніштер алып шығып төсеп, үйден жасап әкелген әртүрлі көжелерді араластырып ішу қандай ғанибет. Сонау жаугершілік заманда наурыз көже жасап, бір қазаннан тамақ ішкізген, мұның өзінде үлкен мән бар.        

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *