Қызылша– ауа тамшы жолымен өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы ауру. Негізгі белгілері: қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болып, көзі қызарып, тыныс ағзалары зақымданады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді.
Инкубациялық кезеңнің 2-күні мен бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.
Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.
Қызылшаның асқынуы:ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.
Әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын оқшаулап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.
Егер сіз немесе сіздің балаңыз ауырған жағдайда:
- катаралды құбылыстармен (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) байқалып және бөртпе шығып аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларын орындау;
- ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақырту;
- дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеу;
-жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды немесе сулықты пайдаланып, ауызды және мұрынды жабу, қолды сабынмен жиі жуу;
-тыныс алу ағзаларының қорғаныш құралдарын (мысалы, бетперде немесе дәке таңғыш) пайдалану қажет!
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егілмеген адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады. ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01.11.2023 жылғы «Қызылшаға қарсы санитариялық-
эпидемиялық және
санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» №7 қаулысына сәйкес 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы егу, егу
мәртебесіне қарамастан, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ қызылшаға қарсы
профилактикалық иммундау жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық
сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне егілетін адамның немесе ата-анасының (заңды өкілдерінің) хабардар етілген келісімін алғаннан кейін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде.
Б.Идияева, Шымкент қаласы Қаратау ауданының
СЭББ-ның бөлім басшысы.