Қыркүйектің соңғы жексенбісі елімізде – Еңбек күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай Шымкентте «Еңбекпен өткен өмір – ұрпаққа үлгі» атты салтанатты жиын өтті. Шараға қала тұрғындары, ардагерлер кеңесі мен кәсіподақ өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің даму жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар әрдайым құрметке лайық екенін жиі айтады. «Ең үздік еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн» деп Президент атап өткендей, еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән беру – ел болашағының жарқын кепілі. Бұл орайда «Еңбек күнінің» белгіленуі де елімізде еңбек адамына деген құрметтің жоғары екенін айғақтайды.
Шымкентте өткен мерекелік салтанатты кеште «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқау еңбеккерлерді танымал ету және ынталандыру мақсатында республика бойынша ұйымдастырылып отыр. Байқау шарты бойынша «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бар. Салтанатты шарада номинация егелері марапатталып, жеңімпаздарға алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен, «Өндірістің жас қызметкері» номинациясымен «Бал текстиль» ЖШС тоқымашысы Қ. Арапбаев, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясымен «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС-нің технологиялық цех бастығының орынбасары Қ.Мірхайдаров, «Үздік еңбек әулеті» номинациясымен «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік инспекторы Р. Тұрғанұлы марапатталды.
Жеңімпаздар «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінде Шымкент қаласының атынан қатысатын болады.