Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында Шымкент қаласында 2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асып келеді. Жобаның мақсаты жергілікті бюджет қаражатын бөлу процесіне қала тұрғындарын қатыстыру арқылы қалалық бюджетті қалыптастырудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардан өтінімдер әр жылдың қаңтар айының 20-сынан басталып, 1-наурызға дейін қабылданады. Көрсетілген мерзімде тұрғындар өтінімдер беріп, келесі кезеңде ұсынылған өтінімдерге тұрғындар арасында электронды түрде дауыс беру процесі жүргізіледі. 50 дауыс жинаған жоба әкімдіктің жұмыс жоспарына енгізіліп, іске асырылады. Мысалы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша қала тұрғындары аумақты көгалдандыруға, тротуарларды жайластыруға, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеуге, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыруға (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де нысандар) атсалыса алады.
Бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу, қоқыс тастайтын орынды жоюға, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату, жөндеу ісіне де өз ұсыныс, пікірлерін айтуына толық құқы бар. Сонымен бірге, аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру жұмыстары бойынша өз ұсыныстарын енгізе алады.
Осынау талап-тілектер мен міндеттердің жүзеге асуы Шымкент қаласының Еңбекші ауданында қарқынды. «Халық қатысатын бюджет» жобасыныңаясындаЕңбекші ауданындакөпқабатты 35 үйдің ауласын абаттандыру (ойын алаңшасымен бірге), жеке сектор саналатын 11 мекен-жайда заманауи кешенді спорт және ойын алаңшаларын құру жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда көпқабатты 25 үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 8 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары аяқталып, тұрғындардың пайдалануында. Бұл жоба аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Мысалы, осы жоба аясында 2024 жылы көпқабатты 40 үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 8 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнатуға сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді, — дейді аудан әкімі Досбол Есілбек.
Тұрғындардың өтініші бойынша мәселенің мән-жайын анықтау, зерделеу жұмыстарын басты назарға алатын аудан әкімі Еңбекші ауданына қарасты ауыл-аймақ, шағынаудандарды жиі аралайды. Тұрғындармен тілдесіп, тұрмыстық түйіткілдердің бар-жоғынан хабар алып отырады. «Біз әрбір шымкенттік тұрғынның жайлы ортада өмір сүргенін қалаймыз. Шымкент барлық тұрғыдан өмір сүруге ыңғайлы, қауіпсіз қала болғанын күйттейміз. Сол үшін де тұрғындармен бірлесіп, ақылдасып жаңа жобаларды жүзеге асыруға, ел үшін еңбек етуден аянып қалмасымыз анық». Осылай деген аудан басшысы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарымен бірге «Бадам» шағынауданы Кенесарин көшесінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында жауын-шашын кезінде судың жиналуын, көлдеуін алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғырдың өтініш-пікірлерін тыңдады. Сала мамандарына тұрғындардың өтініштерін заң аясында қарап, жауын суларының жиналуын алдын алу бойынша жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Аудан тұрғындарында Еңбекші ауданы әкімі аппаратының Whatsapp желісі (8-708-326-10-58) бар. Тұрғындар өз талап-тілектерін осы нөмір арқылы жолдай алады. Айналаға бей-жай қарамайтын азаматтар кез-келген келеңсіз жағдайды видео, фотоға түсіріп, әлгі нөмірге күні-түні жолдап жатқаны. Нәтижесі жаман емес. Көтерілген мәселеге дер кезінде назар аударатын әкімдік қызметкерлері орын алған олқылықтың мән-жайын анықтап, тиісті шара көруге білек түре кірісіп кетеді. Жақында ғана тұрғындардың өтініші бойынша әкімдік қызметкерлері «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жерлеу орындарын күтіп ұстау бөлімімен бірге ауданға қарасты 27 мазаратта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Өскен шөптерді орып, қураған ағаштарды кесіп, жинақталған қоқысты арнайы орынға шығару жұмыстарын ұдайы жүргізуді қолға алып отыр.
Айта кету керек, аудан аумағындағы мазараттарды күтіп ұстау, тазалық жұмыстарын жүргізу Еңбекші Ауданы әкімі аппаратының жанынан құрылған «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген. Осылайша 195-орамдағы Христиан мазаратында және Орманшы елдімекеніндегі Алатау көшесінде орналасқан Мұсылмандар мазаратында тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда Түркістан облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті де ауданға өз қолғабысын жасады. Себебі, Шымкент қалалық «Еңбекші аудандық пробация қызметімен» арада меморандум түзілген. Соның негізінде бас бостандығынан айырылу жазасынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылуда.
Дәл осылай тұрғындардың талап-тілегі негізінде Жібек жолы көшесі бойындағы көпқабатты 30, 32 үй аумағындағы қураған ағаштарды қырқу, шөп ору және санитарлық қоқыстардан тазалау жұмыстары да көптің көңілінен шығып отыр. Бұндай игі іс Қазығұрт, Қаратөбе, Жұлдыз аумақтарының ішкі орам, орталық негізгі көшелерінің бойындағы ағаштарға санитарлық қырқу, шөп ору және тазалау жұмыстарымен жалғаса түсті.
Ауданда әсіресе қоғамдық тәртіпке жіті назар аударылады. Тұрғындар хабардар еткен кез-келген оқыс оқиға назарға алынып, Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасымен бірлесе отырып, тыныштықты сақтау, қылмыстың алдын алу шаралары жүзеге асады. Бұл орайда аудандық ішкі істер басқармасының басшысы А.Әмзеев аудан әкімдігімен бірлесіп, тұрғындардың өтінішін қабылдауға әрдайым дайын. Аудан әкімімен бірге полиция басшысы да елді мекендерді, шағынаудандарды аралап отырады. Аралау барысында тұрғындардың талап-тілектері тыңдалып, ұсыныстары ескеріледі.
Еңбекші ауданында мектеп директорлары жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшыларымен жиі кездесіп тұрады. Мұндай кездесулерге аудан әкімдігі ұйытқы болуда. Жақында осындай кездесу №127 мектепте өтті. Онда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, олардың тәртібі мен қауіпсіздігін күшейту мәселелері сөз болды. Жиналысқа Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек, аудан прокуроры С.Әбдиев, Полиция басқармасының басшысы А.Әмзеев, аудан әкімдігі аппаратының өкілдері, Білім басқармасының қызметкерлері, мектеп директорлары және ЖПҚБ ЮПБ-нің жеке құрамы қатысты. Кездесуде жастардың арасындағы зорлықзомбылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдің қатысуындағы жол көлік оқиғаларын болдырмау, қыздар арасындағы ерте жүктілікті алдын алу, жеке қауіпсіздік шараларын қабылдау, нашақорлық пен есріткі (синтетикалық) жарнамалармен күресуді күшейту, жасөспірімдердің конституциялық құқықтарын қорғау, олардың арасындағы қылмыстың алдын алу және болдырмау, кәмелет жасына толмағандардың тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, алкогольдік, есірткі заттары мен темекі бұйымдарын қолдану жайттарын болдырмау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөспірімдер мен заңды өкілдермен түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.
Оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, барлық мәселелер «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасында бірге атқарылды. Мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім бар.