Біле жүріңіз

Магнитті дауылдан абайлаңыз!

                         

  Астрономдар жариялаған деректерге қарағанда, биылғы жыл өткен жылдан ерекшелеу болып тұр. Бұл магнитті дауылдарға байланысты. 2022-жыл бойына ондай дауылдар 7 мәрте орын алған болса, биылғы ақпан айында ғана олардың саны 5-ке жетіпті. Осыған орай алдағы уақытта ескеретін тағы бір жайт бар. Мамандардың есертуіне қарағанда, наурыз айында да бірнеше мәрте магнитті дауылдар орын алмақ екен.

Магнитті дауыл дегеніміз – Жер қойнауындағы магнитті өрістің Күн бетіндегі табиғи жарылыстардан тарайтын зарядталған бөлшектермен әсерлесіп, ширығуы. Жиілігі әрқалай болып тұрады. Қуат деңгейіне қарай ол табиғатқа, тіршілік иелеріне әртүрлі әсер етеді. Біреулер оны бірден сезіп, мазасызданады, ал енді біреулер оны тіпті де сезінбейді. Негізінен ол ауа құбылыстарын нәзік түйсінетін, жүрек-қан тамырлары ауруы, қан қысымының қалыпсыздығы бар, созылмалы дерттен зардап шегетін адамдарға көбірек білінеді.

Магнитті дауыл орын алған күндері адам өз жай-күйіне мұқият болып, тиісті сақтық шараларын жасай жүргені жөн болмақ. Ағзаға, психологияға салмақ түсіретін жайлардан абай болу керек, күрделі істерді кейінге шегере тұрған абзал. Кофеге, ішімдікке әуес адамдар одан бас тарта тұрғаны жөн болады. Дұрыс тамақтанып, дұрыс тынығуға, мүмкін болса, көкөніс, жеміс-жидектерді жиірек тұтынуға, таза ауада жеткілікті деңгейде серуендеуге тырысу керек.

Мамандардың ескертуінше, бұл айдағы магнитті дауылдың біріншісі 2-наурызда орын алмақ. Оның қуаты орта дәрежеге жетпейді. Екіншісі 5 – 8-наурыз аралығын қамтиды, ол алғашқысынан күштірек болады. Әсіресе 6-7-наурыз күндері абайлаған жөн. 15-наурыздағы магнитті дауыл да созылмалы дерті барларды біраз әбіржітуі мүмкін. 23-наурызда болатыны да ауа құбылыстарына тәуелді адамдарға біршама жайсыз тимек. Ең соңғысы, 31-наурызда орын алатын магнитті дауылдың қуаты да осы деңгейлес болады.

Жалпы, наурызда болатын магнитті дауылдардың қуаты 3-4 балл аралығын қамтымақ. Денсаулығында кінәраты бар адамдар осының ішінде 5 – 8-наурыз аралығындағы және 15-наурыздағы магнитті дауылдардан сақтануды ұмытпағаны дұрыс.

…Негізі көктемнің алғашқы айында ауа райының құбылмалы келетіні белгілі. Мысалы, былтырғы 22-наурызда облысымызда қар жауып, күн суытқаны есте. Сондықтан бұл айда күн райына жіті қарап, соған сай киініп жүрген де дұрыс болмақ.

Х. АСАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *