Шымкентте 524,7 миллиард теңгеге 143 жобаның тиімділігі зерделеніп, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобалар да жетерлік. Мысалы, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған сусындар зауыты да бар. Бұл түркиялық инвесторлардың бастамасымен жүзеге асатын кәсіпорын. Ал инвестициялық көлемі 5 млрд теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон жасау, темірбетон бұйымдарын өндіру, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.
Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жаңа экономикалық бағдардың басты басымдықтарын атап көрсеткен болатын. Онда – жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру мәселелері айшықталған.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен қаланың инвестициялық штаб отырысында Жолдауда айтылған осы мәселелердің орындалу барысы талқыланды. Мысалы, сала мамандарының айтуынша, ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және ПВХ-дан жаңбыр суағарларын өндіру зауытының құрылысы 60 пайызға дайын. Зауыт биыл ашылып, өз жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр. Ал, автомобиль әйнегін шығаратын зауыт, керамикалық тақталар өндірісі, көпфункционалды қойма кешені де қаланың экономикалық даму көрсеткішін ілгерілететін тетіктердің бірі.
Қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға мемлекет тарапынан қолдаулар кедергісіз көрсетілуі қажет екенін айтып, басқарма басшыларына жер және инфрақұрылымдық мәселелеріне қатысты тапсырмаларды жүктеді.