Оқшау ой

Жолдауда бір жылда атқарылатын жұмыс жоспарланса

    Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауын жолдады. Бастан аяқ тыңдап шықтым. Кейін ғаламтордан Жолдаудың мәтінімен асықпай қайта таныстым. Президент көңілге қонымды мәселелерді көтеріп отыр. Бұған ешкім күмән келтіріп, таласпайды.

Осы Жолдауда айтылғандардың бәрі орындалар болса, қазақстандықтардың хал-ахуалы жақсаратыны анық. Өкінішке қарай, олай бола бермейді. Бұл жөнінде Парламент мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Ринат Зайытовтың өзі: «Толық орындалып жатыр деп өтірік айтуға болмайды. Керісінше, қазір Президенттің тапсырмалары әрі кетсе, 30-40 пайызы ғана орындалуға енді жақындап жатыр», – дегенді ашық айтып отыр.

Шыны керек, маған «ұзақ мерзімдік Жолдауды жыл сайын жолдай беру қаншалықты қажет» деген ой келеді. Жолдау бір жылға арналған, қысқа болса деймін. Президент өз Жолдауында мемлекеттік органдарға бір жылдық тапсырма беру керек. Содан соң оның орындалуын Президент әкімшілігі бақылап, орындамағандарына шара көріліп отырса, нәтиже болады. Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір мемлекеттік қызметкер үшін міндетті түрде орындалуға жататын құжатқа айналуы тиіс. Сол Жолдауда 3, 5, тіпті 10 жылдық ұзақ мерзімге арналған тапсырмалар болса, оның орындалуы, алдағы жоспарлары келесі Жолдауда айқындалып отырса деймін. Әйтпесе қазір Президент Жолдауын қаржы шығарып, түрлі іс-шаралар өткізу арқылы насихаттайды, сонымен жұмыс бітеді. Мысалы, биылғы Жолдау Үкіметтің келесі жылғы жұмысының бағыт-бағдары болып қабылданып, ауыл әкімінен бастап Үкімет басшысына дейін сонымен жұмыс жүргізсе Жолдау өміршең, әрі халыққа пайдалы болады. Әйтпесе айтылған тапсырмалардың аз ғана бөлігі орындалып, өзгесі айтылған жерде қала береді.

Менің мұндай пікір білдіруіме осыған дейінгі Жолдауда айтылғандардың орындалмай қалғанына ешкімнің жауап бермеуі себеп болуда. Жолдау міндетті түрде орындалсын десек, оның орындалу мерзімі мен жауапты лауазым иелері нақты көрсетілуі тиіс.

Жәлел Рамадан,

Келес ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *