Басты жаңалықтар Шымкент

Бақытты отбасы қандай болу керек?


Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі қолға алған жаңа жоба осы сұраққа жауап табуға көмектеседі. «Бақытты отбасы – бақытты жан» жобасының басты мақсаты да сол, отбасы татулығын арттырып, жанұялық құндылықтарды өміршең етуге, отбасындағы әр адамның өз құқығы мен міндетін қалыптастыруына көмектесу. Бұл орайда сізге заңгер маман да, психолог та көмек қолын созады. Семинар-кездесу түріндегі басқосуда көп болып ортаға түскен тақырыпты талқылап, әр адамның ой түйюіне, пікір қалыптасуына түрткі болуда. Өз орнын таппай немесе дағдарысқа түсіп, күйзеліске ұрыншақтанып жүргендері аз емес бүгінгі қоғамда көпке керегі де осы емес пе?

Түркістанның төрінде өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғам тәрбиесіне басты назар аударуымыз керектігін айта келе, «Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.

Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді. Ата-аналар баланы, ең алдымен, мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс», — деді.

Отбасындағы татулық пен келісім берік болса қоғамның дамуы да, мемлекеттің нығаюы да қиын емес. «Отан отбасынан басталады» деген тәмсілдің  себебі де осында.

Ал азаматтық қоғам белсендісі Дана Маманова басқаратын «ғаламаттықтар» өткізіп отырған «Бақытты отбасы – бақытты жан» жобасы «Бақыттың бастауы ізгілік пен сенімде» дейді. Бұл орайда олар семинар-кездесуге келгендерге заңгер Гүлжан Айберованың, психолог Гүлсара Малғайдарованың кеңестерін ұсынып отыр.

Айталмаған тақырып қалмайды. Отбасының іргесін берік ету жолында ата-ананың құқығы, балалардың құқығының сақталуы, өзара сыйластық, тығыз қарым-қатынасты қалыптастыру жолдары, шиеленіскен дауды қалай шешу жолдарынан бастап, татулықты тұрақты етудің қыр-сыры баяндалуда. Семинар-кездесуге отбасылар, мұғалімдер, қоғам белсенділері, әйтеуір, отбасындағы бақытты баянды етуді қалайтын азаматтардың көбі келіп қатысуда. Олардың түрлі тренингтік сұрақтар, жұмбақ-ойындар барысындағы белсенділіктерін көріп, бақытты отбасын көбейтуге құштар жандар көп екенінен қуанасыз.

–Әрбір отбасының өзіндік салт-дәстүрі, тарихы, шежіресі бар. Бәрі де өзінше бақыттымыз деп санайды. Десе де қоғамдағы көптеген әлеуметтік дүрдараздықтар, тұрмыстық түйткілдердің бастауы отбасындағы тәрибеден, қарыс-қатынастан өрбитіні жасырын емес. Бірін-бірі түсіне алмайтын ата-ананың қарым-қатынасын көріп өскен ұл мен қыздың қызықты сырттан іздеуі, сол жолда теріс ағымдарға бой алдыруы немесе қылмысқа баруы сияқты келеңсіз жағдайлар күнделікті өмірімізде кездесіп тұратыны жасырын емес. Олай болса біз қоғамдағы осындай олқылықтарға бей-жай қарамай, әрбір отбасының бақытты болуына, жанұя жарасымын қалыптастыруға ықпал етуіміз керек. Септігімізді тигізсек дейміз,- дейді «Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, семинар-кездесудің ұйымдастырушысы Зәуре Оралбаева.

«Ғаламат» өткізіп жатқан жобаның семинарлары алдағы күндері де жалғасады. Барып, қатысып көріңіз. Сізге қажетті мол мағлұмат беріледі. «Бақытты отбасы қандай болу керек?» деген сұрақтың жауабын аларыңыз даусыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *