Өмірдің өзі

Теміртапшылықты анемиялар

        Анемия — қан гемоглобинінің жалпы мөлшерінің азаюымен сипатталатын патологиялық жағдай. Гемоглобиннің (Нв) жалпы мөлшерінің азаюы көбіне эритроциттер санының азаюымен қосарланады.  Теміртапшылықты анемия (ТТА) — қансарысуында, сүйек миында, деполарда темірдің жетіспеуінен дамитын анемия. Темірдің тапшылығынан гемнің және құрамына темір кіретін ақуыздардың синтезі бұзылады. Темірдің тапшылығы екі түрлі бұзылысқа әкеледі — сидеропенияға және анемияға. Гемоглобин синтезінің бұзылысынан анемия дамыса, миоглобиннің және құрамына темір кіретін ферменттердің синтезінің бұзылысынан сидеропениялық синдром пайда болады. Сидеропениялық синдром анемияның көрінісінен бұрын дамиды, бірақ науқас оның белгілерін елеместен жүре береді. Теміртапшылықты анемия — жер бетінде кең тараған патологиялық үрдіс, оның саны барлық анемиялардың 80-95% құрайды. Онымен ауыратын көбіне әйелдер, мәселен, жүкті әйелдердің және 16-17 жастағы қыздардың 60-65% осы ауруға шалдығады.

         Теміртапшылықты анемияның басты себептері —   қан жоғалтуға әкелетін жағдайлар: асқорыту    жолдарының    аурулары    (асқазан, 12-елі ішектің эрозиялары, жаралары, асқазанның, ішектің рагы; өңештің рагы; диафрагманың жарығы, жаралы колит, Крон ауруы; геморрой; асқорыту жолының ангиомалары, телеангиоэктаздары);   өңеш, асқазан, тікішек веналарының варикозды кеңеюі (бауыр циррозы, Бадда-Киари синдромы); макро, микрогематурия (Берже ауруы, алкогольдік нефропатия, гломерулонефриттер,  несептас ауруы,  қуықтың рагы,  бүйрек туберкулезі, т.б.);    қан   қақыру,   өкпеден   қан   кету   (бронхоэктаз   ауруы,   өкпе туберкулезі, өкпенің рагы);   мұрынның жиі қанауы (гипертониялық криздер т.б.);   донорлық (400-500 мл қантапсырғанда онымен 250мг темір кетеді);  гельминтоз.

         Темір сіңірілуінің бұзылысына әкелетін жағдайлар -асқорыту жолының  аурулары   (жіңішке   ішектің  резекциясы, созылмалы   энтерит,   Крон   ауруы,   ішек   амилоидозы,   өзге себептерден болатын мальабсорбция); қою шайға әуесқойлық (шәйдің құрамындағы танин темірдің сіңірілуін бөгейді); гипотиреоз.

         Темірдің көп мөлшерде жұмсалуына әкелетін жағдайлар:    улануға әкелетін аурулар (бүйректің, бауырдың шамасыздығы);    Қатерлі ісіктің барлық түрлері, жүктілік және лактация, организмнің тез өсуі.

         Темірдің туа біткен тапшылығы: көпбалалы, теміртапшылығы бар анадан туылу.   

         Клиникалық көрінісі. Әлсіздік, бас айналуы, көз алдында шыбын-шіркейлерді көру. Талмалар болуы мүмкін, ентікпе, шаштары сынғыш, түседі және тырнақтың сынғыштығы (кейді қасық тәрізді ішке ойылуы). Тәбеттің бұрмалануы, кейде науқастар жерді, шикі ет, қамыр, мұзды жейді.  Иіс сезу бұрмалануы: керасин, зәр, ацетон.  Түңгі диурез болуы мүмкін. Обьективті: терісары – бозғылт. Температура субфебрильді, жүрекше карасы  сол жаққа ығысуы. Кейде тілдің шырышты қабатының атрофиясы байқалады және кариес дамуы ықтимал. Сидеропениялық синдром: шаш түсуі, тырнақ сынғыштығы, тері құрғақтығы.

         Емі  — диетотерапия,    қан алмастыру (көрсеткіш бойынша), дәрі-дәрмектік ем (темірі бар препараттар), витаминотерапия, темір препаратының емінде қажетті мөлшерінде және ұзақтылықта емдеу.

Лаззат Туртаева,

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының орынбасары .

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *