Басты жаңалықтар Шымкент

Шымкент: Тұрғындар талабы орындалуы керек


Кеше ғана ел тұрғындарына Жолдау арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғасатынын атап айтты. «Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», — деді Президент.

Кез-келген деңгейдегі биліктің беделі халықтың сенімімен өлшенері даусыз. Бұл орайда сенім үдесінен шығудың жолы елмен етене жақын болу. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, талабын орындау. Шымкент қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының шарапатын көргендер көп. Одан бөлек, қалалық әкімдік мамандары шағынаудан, елді мекен тұрғындарымен жиі кездесіп, оларды толғандырып жүрген коммуналдық, тұрмыстық мәселелерді тыңдап, оны шешудің жолдарын сала мамандарымен бірге қарастыруды дәстүрге айналдырған.

Сондай талаптардың бірі — №35 автобус маршрутын Арғымақ шағынауданына дейін ұзарту болатын. Осыдан бір ай бұрын шағын ауданға газ құбыры тартылып, соның құрылыс жұмыстарымен танысуға барған қала басшысына тұрғындар автобустың жырын айтқан еді. Халықтың талап-тілегін ескерген қала әкімі №35 бағыттағы автобустың жүру сызбасын Арғымаққа дейін, яғни 5 шақырымға ұзарту бойынша тапсырма берді. Қазір № 35 автобус маршруты Арғымақ шағынауданына баруда. Бұдан бөлек бағытқа қосымша 2 автобус қосылды.

 ЖОЛ ЖАҚСАРУДА

Еңбекші ауданы аумағындағы «Жұлдыз» тұрғын алабының Асубұлақ көшесіне асфальт қабатын төсеу және аяқ жол салу жұмыстары басталып кетті. Аумақ тұрғындары жолдың нашарлығын айтып, қала әкімдігіне өтініштерін жолдаған. Мәселе шешімін тауып келеді. «Жұлдыз» тұрғын алабында әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселе көп. Олардың бәрі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Көпқабатты 27 үйге былтыр орталықтандырылған кәріз құбыры тартылды. Қазіргі уақытта магистралды құбырға тұрғын үйлерді қосу бойынша абоненттеу жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Жалпы, Еңбекші ауданы аумағында ұзындығы 732 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Жолдың 535 шақырымы, яғни 73 пайызы асфальт, 158 шақырымы (21,6%) тас, 38 шақырымы (5,3%) топырақ. Жолдың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жіті көңіл бөлініп келеді екен. Мысалы, 2021 жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып, жөнделген. Былтыр жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Сайрамсу өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды.

Биыл ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарланған. Қазірге дейін 38 көше асфальтталып, 25 көше жөнделуде. Сондай-ақ, 9 көше бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.

Жол жөндеу, көшелерді асфальттау жұмысы Шымкент қаласында қарқын алған. Тұрғындар тозығы жеткен көшелердің жайын айтып, жергілікті әкімдікке өтініш білдірумен ғана шектелмейді. Жөнделіп жатқан жолдың сапасын да өз бақылауында ұстайды. Содан да болса керек, әкімшілік пен тұрғындар арасында екі жақты сенім, қолдау орныққан. Мердігер компанияның жұмысына бағаны тұрғындар беруде. Сондай игі істердің көші Қаратау ауданында да қарқын алған. Биыл аудандағы Қайтпас шағын ауданындағы 5 көшеге шағал тас төселді. Қалған көшелер түгел дерлік асфальтталған. Асфальтталған көшелер санын 100 пайызға жеткізу мақсатында биыл Ер Жәнібек, атауы жоқ №1,2,3,4 көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар 6, атап айтқанда Болашақ, Медеу, Ахметбаев, Дайрабеков, Ақбаев, Ақберен көшелеріне жарық шамдар орнатылады. Келесі жылы Көркем, Тұран, Әмірбеков көшелерін жарықтандыру жоспарланған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аталған шағын аудан интернет жүйесімен толық қамтамасыз етілген. 

 ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Шымкенттіктерді жылыту маусымындағы жылудың, газдың сапасы, жарықтың жиі өшіп қалу жағдайы алаңдататыны рас. Жыл сайын күзгі, қысқы жауынды-шашынды күндері орын алып жататын бұл келеңсіздіктердің биыл орын алмауы үшін қала әкімдігінде арнайы штаб құрылған.

Қазір қала аумағындағы 23 жылу қазандығының 19-ы қысқы маусымға дайын. Қалған қазандықтар бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде,  кестеге сәйкес қысқа дайындық мәселесі 15 қыркүйекте сақадай сай болуы шарт. Орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының 13-ы дайын, қалғанында тиісті шаралар жалғасуда. Сала мамандары былтырғы қыстың қаттылығын ұмытқан жоқ. Сол кезде жол берген кемшіліктерді қайталамау керектігін біледі. Бастысы, тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін сала мамандары жылу құбырлары жүргізілген аумақтарды дер кезінде қалпына келтіруі керек.

Өзекті мәселелелер туындаған көпқабатты тұрғын үйлерге басымдық беріп, ішкі жүйелерді қалпына келтіру бойынша тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда шаралар қабылдануы керек. Жауаптылар қала аумағындағы барлық мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйелері мен қазандықтардың қысқа дайындығын тездету және жұмыстарды сапалы, мерзімінде жүргізу бойынша нақты тапсырмалар алды.

 ШЫМКЕНТТІҢ ДАМУ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Өткен апатда Үкімет отырысында еліміздің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы мен геология саласын дамыту шаралары қаралды. Шымкенттің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес әзірленуде екен. Қаладағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары, сауда және қызмет көрсету салаларындағы өсіміне байланысты өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге болжанып, жыл сайын орташа 4 пайыздық өсім күтілуде. Қаланың 2024-2026 жылдарға жоспарланған бюджет көлемі 551 млрд. теңге. Бюджет жоспарлау барысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген.

Премьер-Министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап айтты. Үкімет басшысы экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және газдандыруға басымдық берілетінін де тілге тиек етті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *