Мегаполисті дамытудың алдағы жылдарға арналған бағдарламасы негізінде Шымкентте бірқатар жаңа нысандар бой көтеріп, сәулетті ғимараттар салынатыны белгілі. Десе де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың құрылысына басымдық берілуде. Тұрғындардың қажеттілігі үшінгі нысандар көптеп бой көтеріп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі артуы қажет. Содан да болса керек бүгінгі Шымкенттің кескін-келбетінен алып құрылыс алаңын аңғару қиын емес.
Әлеуметтік нысандар
Алдымен мектеп, балабақша, білім беру нысандары, медициналық қызмет көрсету мекемелері салынып, жөнделіп жатыр. Соның бірі Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның қосымша ғимараты. Бұл мектептің сынып бөлмелерінің тарлығын, нақты білім алып жатқан оқушылар санына лайықталмағанын айтып біраздан бері ата-аналар қауымы билікке базынасын жолдап жүрген-ді. Себебі, 1251 орынға арналған мектепте бүгінде 3567 оқушы білім алуда. Ал, 600 орынға арналған қосымша оқу корпусы осы таршылықты едәуір жеңілдетеді деген мақсат бар. Қосымша корпус негізгі мектеп ғимаратынан алыс емес. Іргесінде, «Сайрам» шағын ауданында орналасқан.
Құрылысын өз бақылауына алған қала әкімі Мұрат Әйтенов кешегі аптада жаңа қосымша ғимараттың жұмыстарымен тағы да барып танысты. Жалпы алаңы 5 мың шаршы метрді құрайтын нысандағы құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Ғимарат үш қабатты, 2 блоктан тұрады. Мұнда 0-4 сынып оқушылары білім алады деп жоспарлануда. Оқу ғимаратында 24 оқушыға шақталған 25 оқу сыныбы бар. Мектептің бастауыш сынып бөлігінде 50 педагог сабақ беретін болады. Оқушыларға 220 орынды асхана және спортзал қарастырылған. Нысанның үшінші қабатында 16 оқу, 3 компьютер орны бар 10 мың кітап қорына арналған кітапхана, шахмат клубына орынжай ұйымдастырылып отыр.
Әлеуметтік нысандардың сыйымдылығын арттырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуіне қолайлы жағдай туғызу жоспары Шымкент қаласындағы №5 емхана ғимаратына да қатысты болып отыр. Еңбекші ауданына қарасты аумақта орналасқан бұл емханаға келушілер саны көп. Сол төңіректегі тұрғындармен қатар Сайрам ауданынан кейінгі жылдары қалаға қосылған ауыл тұрғындары да осы емханаға тіркелген. Нақтылап айтар болсақ, амбулаториялық емханалық көмек көрсететін мекеме қазіргі уақытта 58 мыңнан астам тіркелуші тұрғынға медициналық қызмет ұсынып отыр. Сондай-ақ, мұнда 500-ден аса медицина персоналы қызмет етеді. Ал, ғимараты 1984 жылы пайдалануға берілген емхананың тозығы жеткен. Биыл күрделі жөндеу жасалуда. Мамандар инженерлік желілері түгел ауыстырылады дейді. Сондай-ақ, сыртқы қасбеті жаңартылады екен.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шілде айының 1-інен басталған емхана құрылысындағы жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Төрт айға созылатын жөндеу жұмыстарында құрлысшыларға бірінші кезекте сапаға мән беру керектігін тапсырды.
Осылайша қырық жылдық тарихы бар емхананың күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деген жоспар бар.
Тұрғын үй
Мегаполистің тұрғындар саны жыл өткен сайын артып келеді. Демографиялық өсімнен бөлек, алыс-жақын ауылдардан қалаға бет түзеген азамат көп. Олардың бәрі де болашағын Шымкенттің өсіп-өркендеуімен байланыстырып, осында тұрып, тамырын тереңге жаюды көздейді. Бұл орайда баспана мәселесі басты ауруға айналары сөзсіз. Десе де жоғарыда атап өткеніміздей, алып құрылыс алаңына айналған бүгінгі Шымқалада тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүруде. Биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында арендалық 324 пәтер мұқтаж жандарға берілетін болады. Нақты айтқанда бұл баспана ең алдымен тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағы азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, сонымен қатар, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға беріледі. Сонымен бірге, пәтер кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлерге берілмек. Бұдан бөлек, 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға тапсырылады деген жоспар бар. Бұл аз десеңіз, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасыны баспанамен қамту жоспары бар екен. «Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда» дейді жауапты мамандар.
Ал Отбасы банк арқылы несиелік негізде 1732 жанұяны баспанамен қамту өз алдына бөлек жоспар. Қазір 973 азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған. Оның ішінде «5-20-25» бағдарламасы бойынша 609, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 293, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында — 71 пәтер бөлінген.
Инфрақұрылымдар
Жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруда инфрақұрылым жүйлерінің алар орны маңызды. Тұрғындарға түйіткіл тудырмайтын нысандар қатарында жол, ирригация, жарықтандыру жүйелерінен бөлек балаларға арналған ойын алаңшалары да қажеттілер сапында. Ал, мұның бәрі де біртіндеп жобаланып, жүзеге асып келеді. Мысалы, тұрғындар тарапынан жиі айтылып келген талап-тілектің бірі Қаратау ауданы Бозарық саяжайындағы жолдың жоқтығы еді. Мұндағы бірқатар көшеге қазір асфальт төселуде. Қала әкімі М. Әйтенов Бозарықтағы Қалқаман, Мамыр, Құдірет көшелеріндегі асфальттеу жұмыстарымен танысып, кешегі аптада жұмысты пысықтап қайтты. Мұндағы асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 3 шақырымды құрайды екен.
Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 11,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Асфальттеу жұмыстары Егемен Қазақстан, ПК Асар, Наркескен, Саяжай, Алмасқылыш, Балқадиша, Айқаракөз, Өскен өңір, Ерлік тау, Көрімдік, Сұлутау, Буғынай, Шидерті, Арғанат, Бурма көшелерінде жүреді. Қала басшысы М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты өндірістік кестеге сай жүргізіп, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Көшелерді жол қозғалысына қолайлы етіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескертті. Биыл жалпы қаладағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, Бозарық шағынауданының болашағы зор. Мұнда қазір Бозарық индустриялық аймағында инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Бүгінде бас мердігер мекеме аймақтың ауыз су және кәріз жүйелерін тартуда. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс барысын қадағалап, жауаптыларға кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бағытында арнайы тапсырмалар жүктеді. Ауыз сумен қамту жұмыстары бойынша бүгінге дейін жұмыстардың 85 пайыздан астамы орындалған. Сол сияқты электр және табиғи газ желілері бойынша орындалған жұмыстар көлемі 68 пайызды құрап отыр екен. Жоба бойынша аймаққа 10,9 шақырым табиғи газ желісін тарту көзделгенін айтады мамандар. Қазір ішкі және сыртқы автомобиль жолдарын салу жұмыстарының тең жартысы аяқталыпты. Сондай-ақ, кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша арнайы жобалар әзірленіп жатқанын білдік. Индустриалды аймақты сапалы инфрқұрылыммен қамту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы қажет.
Инфрақұрлым демекші, жақында Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты аудан аумағында су шаю қаупі туындаған қауіпті орындарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде су басу қаупін алдын алу мақсатында ауданның 5 аумағында ирригациялық жүйелер орнату жұмыстары жүргізілуде. Арық-атыздардың жалпы ұзындығы 1330 метрді құрайды.
Сонымен қатар, 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында су жиналу қаупі бар 16 мекенжайға ирригациялар жүргізіледі. Қазір желілердің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Бүгінгі таңда қаладағы 81 шағын ауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың жоспарына сәйкес «Мирас» және «Шапағат-2» шағын ауданын кәріз жүйесімен қамту мақсатында жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізілуде.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы нысандардың құрылысы басында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жобада көрсетілген жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Құрылыс процесіне 30 жұмысшы, 7 арнайы техника жұмылдырылған. Аталған елдімекендерге канализациялық желілерді тарту бағытында 2020 жылы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамалық қорытынды алынған болатын. Кәріз жұмыстарының құрылысына арнайы қаражат 2021-2023 жылдар аралығында бөлінгендіктен, қазір мұнда мердігер мекеме тарапынан жұмыстың қарқындылығы арта түскен. Кестеге сай бәрін де сапалы аяқтау қажет.
Сонымен қатар биыл мамандардың айтуынша «Тассай», «Тұран» шағын аудандарының ішкі жүйесі, «Қайтпас-2», «112-орам», «Бозарық» шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады екен. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан 65 пайызға артады.
«Халық қатысатын бюджет»
Бұл жобаның тиімділігін дұрыс пайдаланып үйренген шымкенттіктер өздеріне қажетті аяқжол, ойын алаңшасы, ауланы көріктендіру ісін жоспарлауды меңгерген. Сондай жоспардың негізінде Шымкент қаласы Тұран ауданында аула ішілік аяқжол салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта А.Байтұрсынов көшесі №59А, №94, Ғ.Орманов көшесі №40-42, «Спорт» шағын ауданындағы №18-23, №14 тұрғын үйлер, Қ.Рысқұлбеков көшесі №50А, О.Жандосов көшесі №2 көпқабатты тұрғын үй кешені аумақтарында осындай құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Аяқжол салу жұмыстарын биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарланған.
Кешегі аптада қала әкімі «Нұрсәт» шағынауданындағы 105, 106, 107, 108 көпқабатты үйлердің ауласымен танысты. Мұнда ауланы абаттандыру, көгалдандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары қолға алынған. Қала әкімі М. Әйтенов жауаптылармен бірге абаттандырылып жатқан аулаларды аралап, жұмыстардың барысын пысықтады. Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта жыл соңына дейін 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Алаңшалар «Тұран», «Нұртас», «Таскен» және «Өтеміс» тұрғын алаптары мен елдімекендерінде салынады. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жөндеу жүргізіліп, балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылатын болады.
Қала басшысы М.Дүйсенбекұлы мердігерлерге ең алдымен балалар қауіпсіздігін ескеріп, тұрғындарды жайлылығы үшін құрылысты тиісті талаптарға сай жүргізуде тапсырды. Алаңшаларды орнатуда жергілікті тұрғындардың да ұсыныстарын ескере отырып, нысандарды өндірістік кестеге сай қолданысқа беруді ескертті.
Айтпақшы…
Шымкент қаласының цифрлық «Ашық картасы» әзірленіп, жұртшылыққа ұсынылып отыр. Картада қала бойынша жер сауда-саттығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары, қаланың бас жоспары, егжей-тегжейлі жоспары, қызыл сызықтар, шекаралар, құқық бұзушылық картасы, бос жер учаскелері бойынша өзекті ақпараттар орналастырылған. Сонымен қатар, ақпараттық жүйе бойынша 16 мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Яғни, сәулет, қала құрылысы саласында — 8, жер қатынастары саласында — 8 мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ осы картаның көмегімен пайдалана аласыз. Ол үшін, Шымкент қаласының геоақпараттық жүйесіне https://geo-shym.kz сілтемесі арқылы өтсеңіз болғаны.