Биыл фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына –165 жыл толып отыр. Осыған орай 11-12 тамыз күндері Павлодар облысы, Баянауылда «Алты Алашқа жайылып кеткен атым» республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыстың алғашқы айналымы С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінде өтсе, мәре Ескелді алқабында жалғасқан. Дүбірлі доданы белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Айтысқа Бекарыс Шойбеков, Дидар Қамиев, Нұрмат Мансұров, Айым Асылбекқызы, Аспанбек Шұғатаев, Қабдолла Бейісхан, Абзал Қабдраш, Тілек Сейітов, Рауан Қайдаров, Мәрес Байрон сынды айтыстың жампоздары, жалпы саны он ақын қатысқан.
ҚР Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов салтанатты іс-шараға қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз» – делінген Президент құттықтауында.
Дүбірлі доданың мәре сызығын айтыстың арыстаны атанған түркістандық ақын Бекарыс Шойбеков батыл кесіп өтіп, бас бәйгені еншіледі. «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбековтың айтуынша, Павлодар облысында өткен айтыстарға бұрын жолы түспеген, өңірдегі дүбірлі додаға бірінші рет қатысып отыр екен. Ол Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мерейтойына арналған айтыстың тартысты өткенін айтты.
– Шыдатпай бойындағы шіркін өлең,
Ақындар жүр арқырап-күркіреген.
Баянауыл бейнеңді бір көрсем деп,
Шайырыңның бірі едім шын тілеген.
Бірінші рет басыппын топырағыңды,
Бісміллә деп қазақтың ғұрпыменен.
Асан Қайғы тамсанып кеткен жерге,
Арман шығар талайға бір түнеген.
Қалайша жадырамай тұра аласың,
Жолыққанда Арқаның жұртыменен.
Қабыл ал ақыныңның ақ тілегін,
Сәуірдің жауынындай сіркіреген.
Тамылжыған тамызға тура келген,
Тойларың құтты болсын дүркіреген, – деген түркістандық айтыскер ақынның айтыстағы шумағы да бұл сөзді дәлелдей түскендей.