Шымкент

Іскер қала

           

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде  орындағанын қалайды» деп нақтылап айтты.

Бұл орайда Шымкент қаласында тың серпін әкелген нәтижелі жобалар аз емес. Мысалы, «Іскер қала» бағдарламасы негізінде жыл басынан бері шаһарда 153 жобаға 412 млн теңгенің қолдауы көрстеліп отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерлікті қолдау ғана емес, экономиканы дамытуға, сол арқылы елдің әлеуметтік әлеуетінің дамуына тың серпін берері анық.  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бағдарламада жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін несиелендіру, өндіріске бағытталған 2 пайыздық мөлшермен 50 млн. теңгеге дейін несие беру қарастырылған.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен шағын кәсіпорындардың өнеркәсіптік парктердегі үш жылдық жалдау ақысының шығындарын 25-75 пайызға дейін  өтеу тетігі де қамтылған.

«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілуде екен. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте белсенді кәсіпкерлік нысандар саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға артқан.

Тұрғындары еңбекқор – іскер қала Шымкентте соңғы 5 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есеге артқан. Шымшаһар республикалық қала мәртебесіне ие болған 5 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жеткен. Бұл орайда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсіп отыр. Қалаға бес жылда 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд. теңгеден 613 млрд. теңгеге ұлғайғанын да айта кеткен орынды.

Мегаполистің макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика биыл да байқалады. Мамандар жыл басынан бері инвестиция көлемі 22, құрылыс жұмыстары 29, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 және бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқанын айтады.

Жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істеп тұрған Шымкентте 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Өндірістік аймақтарда кәсібін ашқандар көп. Аймақтың толымдылығы 90 пайыздан асып отыр. 400 млрд. теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылатын тағы да өндірістік аймақтар құрылуда. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Қазір жұртты әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы қызықтырып отыр. 132 гектар аумақта орналасатын бұл кешенде қазір инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жүктеген міндеттердің бірі — әлеуметтік нысандарды көбейту екені даусыз. «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» деген Мемлекет басшысы апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешуды тапсырған-ды. «Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтуы керек» дегенді де қадап айтты. Шымкент қаласында өткен жылы 24 800 орынды 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде екен. Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жыл соңына дейін 28 мың орынды 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-еуі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Жолдауда жүктелген міндеттердің тағы бірі — медицина саласындағы кемшіліктерді жойып, тұрғындарға қолжетімді дәрігерлік қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болу. «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» деген Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орынды клиниканың құрылысы жүруде. Бұдан бөлек 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылмақшы. Қала басшысы соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайғанын айтады. Осылайша соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артқан. Нәтижесінде жыл басынан бері қалада жалпы өлім көрсеткіші 8 пайызға, нәресте өлімі 20,6 пайызға төмендеген. Ана өлімі тіркелмеген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жүктеген міндеттердің басында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы тұрғаны анық. Бүгінде бұл талаптың нәтижесін тұрғындар сезініп, талай игі іске куә болып та жүр. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта түсуде бұл қағиданың маңызы зор. Президент атап өткендей, Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.

Шымкенттіктер өздерін толғандырып жүрген мәселені қала билігіне ашық айтып, талап ету мәдениетін қалыптастыруда. Соның нәтижесінде тұрмыстық түйіткілдердің бірқатары шешілуде. Мысалы, қазір қалада ауыз сумен қамту деңгейі – 98, электрмен қамту – 98, табиғи газбен қамту 94 пайызға жеткен. Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газ тарту құрылыстары аяқталып, қала халқы 100 пайыз көгілдір отынға қол жеткізеді деп күтілуде. Қала әкімінің айтуынша, Шымкентке осыдан бес жыл бұрын магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың текше метр болса, халықтың қажеттілігі 323 мың текше метрді құраған. Қала тұрғындары тәулігіне 330 мВт жарық қуатын қолданып келген. Ал, негізгі қажеттілік 455 мВт. Шымкент халқы 270 мың текше метр табиғи газ қажеттілігі болғанымен, тәулігіне 180 текше метр газды тұтынып келді. Жалпы, қаладағы 297 мың тұрғынға ауыз су, 308 мың тұрғынға электр энергиясы және 257 мың тұрғынға табиғи газ жеткізу мүмкіндігі болмады. Мұндай күрделі мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленген.

– Қаланы инфрақұрылыммен қамту жөнінде арнайы жол карта әзірленіп, жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылып жатыр. 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Ол шамамен 2030 жылға дейін жетеді. 4 қосалқы станция салу арқылы электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында да оң нәтижеге қол жеткіздік. Жаңа АГРС салу арқылы газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты, — дейді қала басшысы Мұрат Әйтенов.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *