Шымкент

Оқушылар үйі – тәрбие жұмыстарын арттырады


Кеше ғана Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші жиынында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты қадау-қадау мәселелерді айтып, қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді болдырмау үшін қазірден бастап бала тәрбиесіне жіті мән беру керектігін айтты.

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» деді Президент.

Бала тәрбиесінде мектептен тыс уақыттағы тәлім-тәрбиенің алар орны ерекше. Қазіргідей жазғы демалыс кезінде баланың салауатты өмір салтын құруына, дүние танымын арттыруға негіз болатын үйірмелік, демалыс лагерлері, оқушылар үйі сынды мекемелердің жұмысы жандана түскені абзал. Содан да болса керек, Шымкентте тағы бір оқушылар сарайы салынып,  қала күні қарсаңында пайдалануға берілді. «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген Оқушылар сарайынының ашылуын жұртшылық көптен күткен. Ата-аналар қауымы мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орынды сәулетті ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашатын болды деп қуанып жүр. Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін осындай оқушылар үйі әр ауданда ашылатындығын жеткізді.

– 2025-2026 жылдарға дейін қаламызда тағы 3 өнер мектебін салуды жоспарлап отырмыз. Тұран шағынауданында қазір бір мектептің құрылысы жүріп жатыр. Біртіндеп, алдағы уақытта әр ауданда Оқушылар сарайы іске қосылады. Мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына, тәртіпті, тәрбиелі болуына ықпал ететін болады, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Жұмысын 4 ауысым бойынша істейтін, жаңадан ашылған оқушылар сарайында бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары бар. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ, балалар мұнда футболға, баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *