Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясына қатысады. Сессия Елордадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында өтеді. «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты тақырыппен өтетін сессияда ел ішіндегі татулық, ынтымақтастық, біртұтастық мәселесіне жоғары мән беру, ел егемендігінің тұғырын биіктетер, негізін нықтай түсер достық пен ауызбіршіліктің атқарар рөлі жоғары екендігі сөз болмақ.
Мемлекет басшысы кеше ҚХА Төрағасының орынбасарларын арнайы қабылдап, мәмілелі басқосу өткізді. Президент Акбаржон Исмаилов пен Аурика Дякты Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып жаңадан тағайындалуымен құттықтады. Олардың мол тәжірибесі жаңа жауапты қызметті атқаруға септігін тигізетініне сенім білдірді. Кездесу барысында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Президентке Ассамблеяның алдағы XXXII сессиясына дайындық барысы жөнінде есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлік пен тұрақтылық қоғам өмірінің барлық саласында жүргізіліп жатқан кешенді реформалардың табысты болуының басты шарты екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Ассамблея бұл міндетті жүзеге асыруда айрықша рөл атқарады. Президент барлық этникалық топ өкілдері арасында өзара түсіністікті нығайту және Қазақстан халқын одан әрі ұйыстыру үшін жаңа тәсілдер мен жасалатын нақты қадамдардың маңызды екеніне назар аударып, Ассамблея жұмысының маңызды бағыттарын баяндады. Сондай-ақ, Ассамблеяның алдағы сессиясында идеологиялық және практикалық сипаттағы бірқатар маңызды мәселе көтерілетінін айтты.
Айта кету керек, ел астанасында бүгін өтетін алқалы жиынға Шымкент қаласынан арнайы аттанған делегация да қатысады. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясына Шымкент қаласынан жалпы саны 21 делегат қатысуда. Делегация құрамында ассамблея құрамына кіретін қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ҚХА жанындағы құрылым басшылары мен «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің басшысы бар. Сессияның бірінші күні Назарбаев Университетінде секциялық пікірталас алаңдарының жұмысы делегаттардың және сарапшылардың кең ауқымының қатысуымен ұйымдастырылды. Шымкенттен барған этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық мәслихат депутаттары және қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері секциялық пікірталас алаңдарында «ҚХА-ның саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі», «Ұлттық құрылыс және жалпыұлттық бірегейлік бойынша интенсив», «Этносаясаттың өңірлік аспектілері бойынша интенсив» тақырыптары аясында сарапшылармен өзара пікір алмасты. Сонымен қатар, Шымкенттік делегаттар Назарбаев Университетінде «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбындағы ҚХА XXXII сессиясы тақырыбын секциялық пікірталас алаңдарында талқылады.
Орайы келгенде айта кету керкек, әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі әр этнос өкілінің мүддесін қорғаушы ұйым. Ол 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші органы ретінде құрылды. Қазақстан қоғамының беріктігіне негіз болар ұлтаралық татулықты қалыптастыру ел тәуелсіздігі жарияланған тұстан бастап қолға алынды десе де болады. Қазақстанның сол тұстағы Президенті Ассамблеяны құру туралы идеясын 1992 жылы Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай саяси институтты құру сол шақтағы көпұлтты, көпконфессиялы қоғамда, егемендігін енді алған ел үшін қажеттілік болғаны рас. Бұл мемлекетті дамытуда мәдениетаралық диалогты нығайтуға, этносаралық қатынастарды шешуге мүмкіндік берді. Осынау жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы толерантты, қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Құрылым нығайып, қоғамда халық дипломатиясының ерек үлгісі дамыды. Ұлттық саясаттың концептуалды идеологиясы пісіп жетілді. Әсіресе, қазақ халқының ұлт ретіндегі рухының қайта жаңғырылуы, тарихымыз бен тіліміздің, мәдениет, салт-дәстүрдің дамуына негіз болды. Елдегі 130-дан астам этнос өкілдерінің мүддесі қорғалып, жалпыұлттық тұрақтылық арқылы сындарлы мемлекеттік саясат іске асты.
Өз тарихында Ассамблея Президент жанындағы құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Ал 2007 жылы мамыр айында ел Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын иеленді. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Ел Президенті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заңға қол қойды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналғанының көрінісі. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясы) 1995 жылдан бастап облыс әкімі аппаратының құрылымдық бөлімі ретінде жұмыс істеді. Қала аумағында бүгінде 17 этномәдени бірлестік тіркелген, оның 16-сы қоғамдық аккредиттеуден өткен. 2018 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласы Президент Жарлығымен республикалық деңгейдегі дербес қала болып құрылғаннан кейін еліміздің үшінші мегаполисінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алдына құрылып, оның жанынан әрекет ететін қоғамдық құрылымдар жасақталды. Қала әкімі аппараты құрамындағы қалалық бөлім 2020 жылы қайта жасақталып, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың құрамына еніп, этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім болып қайта құрылғанын айта кету керек.
Қазақстан халқы Ассамблеясының берекелі шаңырағының астына жиналған этностар үнемі елдік жолындағы байыпты бастамаларға қолдау көрсетіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосуда. Бірлік пен тұрақтылықты нығайту бағытында қоғамдық негіздегі құрылымдар кеңінен тартылып, этносаралық тұрақтылықты нығайту бағытындағы әлеуеті кеңінен пайдаланылуда. Атап айтқанда, «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Медиация кеңесі», «Журналистер мен блогерлер клубы», «Ассамблея жастары» штабы, Ғылыми сарапшылық топ – қаланың өсіп-өркендеуі жолындағы қоғамдық істерде өз позицияларын айқын аңғартып жүр. М.Әуезов атындағы ОҚУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы да бұл ретте игілікті шаралардан тыс қалған емес.
Шымкент қаласында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы тарапынан нүктелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіледі.
Жыл сайын тұрғындармен кездесулер кестесі қала басшылығымен түзіліп, 2022 жылы кездесулер кестесіне сәйкес 92 кездесу өткізілсе, биылғы жылы 81 кездесу ұйымдастырып, өткізу жоспарланған. Оның есепті кезеңде 21 кездесуі көрініс тапты. Биылдан бастап кездесулерді жаңа форматта өткізу мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру жоспарлануда.
Жылда көрші елдермен халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларымен бірлескен іс-шаралар өтуде. 2022 жылы осы бағытта 3 іс-шара ұйымдастырылды.
Шымкент қаласында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Қазақтану» ғылыми ағартушылық жобасы, өнерлі жастарды қолдауға бағытталған «Ұлт үні» байқауы, кәсіпкерлікке баулуға бағытталған «Ұлттық бренд» онлайн-бизнес шеберлік дәрістері, шетелдермен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Достық» керуені этносаяхаты, мемлекеттік тілді меңгерген жастарды қолдауға және дамытуға бағытталған «Ұлы даланың – Ұлтаралық тілі», «Мен қазақша сөйлеймін», «Мың бала», «Мың жүйрік» ағартушылық жобалар бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында берген тапсырмасы негізінде Шымкент қаласы Достық үйінің базасынан «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы алғашқы болып ашылып, этнос өкілдеріне тегін мемлекеттік тілді үйретуде. «Бірлік алаңы» кеңсесі бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған 4 негізгі бағытта қызмет көрсетуде. Соның негізгі бір бағыты – мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету болып табылады. Орталықтар мемлекеттік саясат аясында жергілікті биліктің қолдауымен этностар мәдениеті мен ана тілін сақтап, дамуға және қазақстандық патриотизмді насихаттауға белсене атсалысуда
Қолданыстағы заң талаптарына сай қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласы ҚХА төрағасы болып саналады. Төрағаның қоғамдық негіздегі қосымша екі орынбасары бар. Олар жыл сайын ауысып отырады.
Шымкент – қазақы кең пейілінен арылмаған, сан ұлттың өкілін бауырына басқан, достық пен татулықтың мекені. Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасы, аналар мен іскер әйелдер бірлестігі, жастар қанаты қоғамдағы көптеген келелі мәселелерді талқылауда белсенділік танытып келеді. Бүгінде 1 миллионнан астам шымкенттіктің үштен бір бөлігін этнос өкілдері құрайды. Елімізде тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың негізі. Сол себепті Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие. Бүгінде орталық жанынан ашылған тегін тіл үйрету курстары жұмыс істейді.
Елімізде барлық этностарға өз ана тілін дамытуына шектеу жоқ. Этностық бірлестіктер жанынан кешкі, жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Онда өскелең ұрпағына өз ана тілін ұмытпауы үшін тіл үйрету сабақтары өтіп тұрады. Қазаққа тән кеңпейілділік пен мейірімділікті этнос өкілдері жоғары бағалайды.
Шымкент қаласында өтіп тұратын түрлі мәдени іс-шараларға Ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктер белсенді түрде қатысады. «Мектепке жол», «Қайырымдылық істер марафоны» атты сауапты істерде өз үлестерін қосудан Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер шет қалған емес. Асарлатып іс тыңдыруда бір елдің баласындай жұмыла кірісу барлық этномәдени бірлестікке тән қасиет. Өзгелерде жоқ, дара – қазақстандық моделдің қалыптасуы да осы болар.
Шымкентте этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүретінін айғақтайтын ескерткіш белгілер де бар. Мысалы, Тәуелсіздік саябағында орналасқан алып Шаңырақ формалы ескерткіш кешені бір елдің тату-тәтті халқының символы. Шаңырақты биік көтеріп тұрған уық санының 131 болуы да тектен тек емес. Ол Қазақстанды мекен еткен этнос өкілдерінің бір шаңырақ астындағы тату тұрмысын сипаттайды. Дәл осындай достық пен татулықты паш еткен ескерткіш Желтоқсан көшесі бойындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты алдында да бой көтерген.
Ж.Жайлаубекқызы