Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданында көпқабатты 283 үй бар. Олар 132 аулаға біріктірілген. Ауданда екі жылдан бері аулаларды абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асып келеді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажеттігін айтқан болатын. «Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс», — дей келе Президент «Халық қатысатын бюджет» жобасының тиімділігін атап өткен-ді. Бұл жобаның шарапатын тұрғындар көре бастағанын, алдағы кезде жобаның ауқымын кеңейтіп, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс екендігін айтты.
Мемлекет басшысының осынау тапсырмасын жүзеге асыру барысында мысалы, Еңбекші ауданында алғашқы жылы 41 аула абаттандырылып, осынша ойын алаңшасы ашылған. Былтыр мұнда көпқабатты 75 үйдің аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жеке секторда 11 кешенді балалар ойын алаңшасы салынған. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес биыл 25 ауланы абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, жеке секторда 4 кешенді балалар ойын алаңшасы құрылмақ. Ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында былтырғы жылы 6 спорт алаңшасы орнатылып, 5 алаңшаға қайта құру жұмыстары жүргізіліпті.
Жыл соңына дейін тағы 7 спорт алаңшасын орнату жоспарлануда екен.
Дәл осындай игі істерді кеше ғана құрылған Тұран ауданынан да көруге болады. Қазір бұл ауданда барлығы 355 аула бар. Абаттандыру жұмыстары мұнда да «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Құрсай елді мекеніндегі Құлаңтөбе, Бекболатов, Сатқанбаев, Әулиекөл, Ұзынағаш көшелеріне ойын алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Қазығұрт елді мекеніндегі Оңдасынов көшесіне, Отырар шағын ауданындағы №52 үй, Бәйдібек би көшесі №246, Жарқынбеков көшесі №17 үй ауласына да ойын алаңшасын орнату биылғы жылдың еншісінде.
Мұндай шарапатқа 112 орам, Ақжар, Ақтас, Арғымақ елді мекенінің тұрғындары да бөленетін күн алыс емес. Сонымен қатар, биыл Тұран ауданы бойынша 10 аумақта ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда.
Игілікті іске Қаратау ауданының тұрғындары да куә болатын күн жақын. Аудандағы 70 көшеге биыл асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүреді. Атап айтқанда, асфальттеу жұмыстары «Қайтпас», «Тұран», «Достық» шағынаудандарында, «Таскен», «Тассай», «Сайрам» тұрғын алаптарында, «Бозарық» саяжайында жүргізілетін болады. Ал 4 шағынаудандағы көшелерге шағал тас төсеу жоспарлануда. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары «Нұртас», «Тұран», «Қайтпас», «Мирас» шағынаудандарында, «Сайрам», «Мәртөбе», «Тассай», «Таскен» тұрғын алаптарында атқарылады. Жоспар бойынша 24 көшеге жарық жүйелері жүргізіліп, шам орнатылмақ. «Сонымен қатар жыл соңына дейін «Сайрам», «Тұран» елді мекендеріндегі атауы жоқ немесе атауы моральдық тұрғыда ескірген көшелерге тарихи тұлғалардың есімдері берілетін болады», — дейді Қаратау ауданының әкімі.
Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ елді мекенінде 60 мыңнан астам тұрғын бар. Инфрақұрылымның жоқтығынан, бары ескіріп тозғандығынан мұндағы тұрғындар көптеген тұрмыстық түйіткілдерге тап болатыны жасырын емес. Биыл осы мәселелерді шешу, тұрғындардың талап-тілегін орындауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Соның негізінде Қайнарбұлақ елдімекеніне бір мезетте бірнеше инфрақұрылым жүйесі тартылуда. Атап айтқанда, тұрғындар биыл электр желісімен қамтылып, сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады. Ал маусым айынан бастап 70 шақырымды электр жүйесінен 3 мыңға жуық абонент сапалы электр қуатына қосыла бастайды. Қазірдің өзінде жарықтандыру жұмыстары 95 пайызға аяқталған.
Жыл соңына дейін елдімекенге ауыз су құбырлары тартылып, жергілікті тұрғындар сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді. Сондай-ақ, көшелерге табиғи газ құбырлары жүргізілуде. Нысанның құрылысы келесі жылы толық аяқталады деп күтілуде.
Ж.Ержанова