Білімді ұрпақ еліміздің болашағын жарқын етер білікті маман, көшбасшы азамат болары анық. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында да айрықша атап өткені белгілі. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген Президент білім беру саласын жаңдандыру, педагог мамандардың абыройын арттыру мәселелеріне де айрықша тоқталды. «Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс» деді.
Бала тәрбиесіндегі маңызды шаруаның бірі – мұғалім мен ата-ана арасындағы байланыстың жандана түсуінің арқасында бүгінде білімге деген қызығушылығы жоғары ұрпақ легі қалыптасып келеді. Ал оларға қолдау көрсету, ынталандырып, жігерлендіріп отыру ел ішіндегі бірқатар кәсіпкер жігіттердің, елдің енсесін тіктеуде аянып қалмайтын азаматтардың игілікті ісіне айналуда.
Осындай игі шараны жуырда Сайрам ауданында Мәліковтер әулеті жүзеге асырды. Ауданға қарасты Ақбастау ауылы Нұржан Шойынбаев атындағы №33 мектептің оқушыларын серпілткен игі іске ауылдастары риза болысты.
–«Бұлақ көрсең — көзін аш» деген халық даналығы бар емес пе?! Олай болса оқуда озат, мектепішілік қоғамдық істерде белсенді оқушыларға қолдау көрсетіп, білімдерін арттыра түсуіне ықпал етуді азаматтық борышымыз деп ұйғардық. Ардақты әкеміз бен өмірден ерте кеткен ағамыздың атындағы арнайы шәкіртақы тағайындап, білімді жастарды жыл сайын арнайы шәкіртақымен қолдап отыруды ұйғардық,- дейді игі шаруаны ұйымдастырып жүрген Бақсейіт Мәліков.
Осылайша Мәліковтер әулетінің қолдауымен оқушылардың зейінін арттырып, талапты жастарды ынталандыруға негіз болатын арнайы Мәліковтер шәкіртақысы тағайындалды. Оны биыл алғаш рет екі оқушы иеленді. Олар – 7 а сынып оқушылары Заңғар Үшкемпіров пен Нұрислам Нұрмахан. Екеуі де зерек бала. Ал арнайы шәкіртақы жауапкершілікті арттырып, өзге замандастарын да ынталандыра түсері һақ.
Игілікті шараның тізбегінде тағы бір өнегелі іс жүзеге асты. Н.Шойынбаев атындағы мектептің спорт залына ауылдың ардақтысы болған, тәрбиелі ұл-қыз өсіріп қана қоймай, көзі тірісінде ауылдың көркеюіне үлес қосқан Мият Мәліковтың, информатика кабинетіне, энергетика саласында жемісті еңбек еткен, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азамат Жаңабек Мәліковтың есімі берілді. Білім ордасының спорт залы мен информатика кабинетінің арнайы әдістемелік құрал-жабдықтармен жарақталуына марқұмдардың ұл-қыздары, бауырлары демеушілік жасады.
Туған жерді түлетуге осылай үлес қосып жүрген Мәліковтер әулетінің игілікті ісі өзгеге үлгі, көпке өнеге.
Білім мен спортқа құмар жас ұрпаққа мотивация болатын игілікті іс жалғасын таба берсін!