Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен бақылаудағы нысандарды тексерудің өз тәртібі бар
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен бақылаудағы нысандарды тексеру тәртібі біршама өзгерді. Бұл өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №95-VII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілді.
Осы заңға сәйкес, нысандардың талаптарға сәйкестігі тексеріледі, және бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар, шұғыл хабарламалар және өтініштер негізінде тергеп-тексерулер мен жоспардан тыс тексерулер болады.
Нысандардың талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізу үшін, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары негізінде жылдық тексеру кестесі жасалынады. Тексеру кестесі ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау және қадағалау субъектісіне тексеру жүргізуден алдын, кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын, тексерудің басталу мерзімі көрсетіле отырып, талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізілетіндігі жөнінде жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Тексеру жүргізілетіндігі жөнінде хабарлама берілгеннен соң, 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін нысанды тексеру үшін тексеру тағайындау туралы акті шығарылып, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық басқармасына тіркеліп, сонан соң ғана талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізіледі.
Тексеру жүргізу кезінде санитариялық қағидалардың талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сай жауапты тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және нысанға кемшіліктерді жою жөнінде, орындау мерзімі көрсетіле отырып санитариялық ұйғарым беріледі.
Нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау осы бақылаудың алдындағы жылы аталған нысанға бармай профилактикалық бақылау жасалған жағдайда жүргізіледі. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімі жасалынады. Тізім ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізуден алдын, кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын, басталатын мерзімі көрсетіле отырып нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілетіндігі жөнінде хабарлауға міндетті. Хабарлама берілгеннен соң, 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізуді тағайындау туралы акті шығарылып, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық басқармасына тіркеліп, сонан соң ғана нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі.
Нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу кезінде санитариялық қағидалардың талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, анықталған кемшіліктер бойынша әкімшілік шара қолданылмайды, нысанға кемшіліктерді жою жөнінде, жою мерзімі көрсетіле отырып, санитариялық ұйғарым беріледі.
Санитариялық ұйғарымдағы кемшіліктерді жою мерзімі өткеннен соң, тексерілген нысан кемшіліктердің жойылғандығы жөнінде бақылау және қадағалау органына ақпарат жолдауы тиіс. Ұйғарымның орындалу мерзімі аяқталғаннан соң, бақылау және қадағалау органына тексерілген нысан ұйғарымның орындалғаны жөнінде ақпарат бермеген жағдайда, тексеру жүргізген орган екі жұмыс күні ішінде ұйғарымның орындалғаны жөнінде ақпарат беру керектігі жөнінде бақылау субъектісіне сұраныс жолдайды.
Анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұйғарымның орындалғаны жөнінде ақпарат берілмеген жағдайда, ұйғарымның орындалуын тексеру үшін бақылау және қадағалау органы нысанға жоспардан тыс тексеру ашуға құқығы бар.
Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.