Әлеумет Қоғам

Ақын қыздар кітапханаға жиналды


Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ақын. Ана. Әже» тақырыбында белгілі айтыс ақындары Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Кәрима Оралова, Анар Жаппарқұловамен сыр-сұхбат кеші өтті. AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған кешке өнер сүйер қауым, ақын қыздардың өнеріне тәнті көрермен жиналды.

Айтыстың арулары атанған ақын қыздардың сахнаға шыққан алғашқы сәттерінен басталған әсерлі естеліктері көрерменді бірден баурап алды. Өнер майталмандарының жеке өмірлері де көпшілікке қызық. Сондықтан да болса керек, кештің тақырыбы айтып тұрғандай өнермен қатар тұрмыстық түйіткілдерді де қатар арқалап жүрген арулардың ақын ғана емес, ана, әже болмыстары өзгелерге үлгі. Ақын адамға, оның ішінде әйелге шығармашылықпен қатар шаңырақтың отын шайқалтпай алып жүру, ұрпақ өргізіп, бір әулеттің түтінін түзу шығару оңай шаруа емес. Осынау жауапкершілігі мол жүкті абыроймен арқалап келе жатқан ақын қыздардың өзгелерге айтар өнегесі, тәрбиесі де аз емес. Кештің мақсаты да сол. Оларды өзгеге үлгі ете отырып, өскелең жастардың тәрбие алуына негіз қалау.

Осы болмысты аша білген, көпшілікке етене таныта түскен әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы, кештің модераторы Анар Жаппарқұлованың еңбегі ерек.

Ауыз әдебиетінің жарқын үлгісі ретінде ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан айтыс өнерінің туын жықпай жүрген ақын қыздарға кездесуге келгендер ізгі ниеттерін, тілектерін жеткізді. Өлең де оқылып, терме де шырқалып, әзіл әңгіменің тиегі ағытылған әсерлі кештен кітапхананың тұрақты оқырмандары ғибратты тәлім алды деп ойлаймыз. Кештің өне бойында ақын қыздардың сөзіне жазылған әндер шырқалды.

Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбет, ф.ғ.к, ОҚМПУ-нің аға оқытушысы Қосай Алтынбеков кешке жиналған көрермендер атынан ақын қыздарға жылы лебіздерін арнады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *