Құқық Мәселе

40 мемқызметкер түрмеге барып қайтты


Түркістан облысының бір қауым лауазымды қызметкері ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 түзету мекемесіне барып, ондағы тәртіп пен тұрмыстық жағдайды көзбен көріп қайтты. Шенеуніктер темір тордың арғы жағында отырған сотталушылардың жағдайымен танысты. Бостандығынан айырылған қылмыскерлердің ахуалын көзбен көрді.

Сотталушылардың ешқайсысы да кезінде «қылмыскер атанамын» деп ойламағандар. Бірі ақшаға құнықса, енді бірі қызмет бабын асыра пайдаланды. Үшіншісі тіптен, көпе көрнеу қылмысқа барды. Ойланбастан от басып, опық жеп отыр. Сондықтанда саяхатқа келген, бүгінгі таңда мемлекеттік, лауазымды қызмет атқарып жүрген азаматтардың алда не күтіп тұрғаны ешкімге белгісіз. Адал еңбек етіп, әділдікті ту етсе түрменің «төрінен» орын алмасы анық. Саяхаттың да мақсаты осы. Көзбен көрсетіп, ойландыру.

Бұл түрме – қатаң режимдік бақылау изоляторы. Түрмеге саяхат жасағандардың ішінде мемлекеттік мекеменің басшылары мен олардың орынбасарлары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары да бар. Бәрі де түрмеге бір автобуспен келді. Қоғамды жегі құрттай іштен ірітіп, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп жүрген дерт – сыбайлас жемқорлықтың салдары қандай болатынын бажайлап қайтты. Сотталғандардың жатын бөлмесін, ас ішетін орнын аралап көрген олар «қылмыс түбі – қорлық» екенін түсінгені анық.

Шененуніктерді түрмеге саяхатқа апарудағы басты мақсат та осы. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары салдары бойынша мемлекеттік қызметшілердің санасына әсер ету. Түзету мекемесінің басшылық құрамы мемлекеттік қызметшілерге түрмедегі жағдайды ашып көрсетті. Тергеу изоляторынан бастап, жеке камера, асхана мен аулаларын аралап көрді. Көкейге не түйді? Оны уақыт көрсетеді…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *