Бірақ жұмысын ауыстыра алады ма?
«Менің атым Қожа» фильмін барлығымыз да жақсы білеміз. Сондағы бір сюжет есіме түсіп отыр. Сұлтанның сұғанақтығының кесірінен таяқ жеп, ұяттан өртенердей болып жатқан Қожа қиялында өмірмен қоштасарда «Өлген адам сөйлемейді» демеуші ме еді. Иә, өлген адам сөйлемейді, бірақ, Қызылордада өлген адам жұмысын ауыстыра беретінге ұқсайды…
Түсінікті болу үшін айтайық, газетіміздің шілде айында жарық көрген 29 санында «Кінәні өлген адамға арта салу қызылордалықтарға тән құбылыс па?» атты мақала жарияланған болатын. Онда Қызылорда қаласының тұрғыны Ақжарқын Есқалидың әкесі Ақболаттың қазасына байланысты Қызылорда облысының прокуроры мен облыстық бақылау басқармасының басшысына жазған арыз туралы айтылған. «Әкем мамыр айының басында «Диас күзет» ЖШС мекемесіне жұмысқа орналасқан болатын. Содан бері оны 2 ай бойы демалыссыз, 45-50 градус ыстықта үйге қайтармай жұмысқа салды. Әкемнің миына қан құйылуының негізгі себебі де осы болуы мүмкін. Оның үстіне алғашқы медициналық көмек те дұрыс көрсетілмеген деген күдік бар. 6 шілде күні шешем ауруханада әкемнің қазасына қайғырып, енді не істерін білмей жүргенде «Диас күзет» ЖШС қызметкерлері «Ешқандай дауым жоқ» деген тілхатқа қол қойдырып алыпты», – деген Ақжарқын Ақболатқызы мәселеге біздің де араласып, журналистік зерттеу жүргізуімізді сұранған-ды. Содан бері Ақболаттың өліміне қатысты мәселені біз де назарда ұстап, тиісті адамдармен хабарласып жүргенбіз.
Кеше, яғни 31 шілде күні редакцияға күтпеген мәлімет келді. Бұған дейін Ақболаттың 6 шілде күні таңғы сағат алтылардың шамасында бақилық болғаны айтылып келген. «Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарламасында» Ақболат Уәлибекұлының қайтыс болған күні 5 шілде 2023 жылы деп көрсетілген. Демек, Ақболат жұмыс орнында қайтыс болып, оны жасыру үшін мәйітті әдейі ауруханаға жеткізіп, содан кейін барып алыстағы туысқандарына хабар берді деген күдік күшейе түседі. Ол аз десеңіз мына бір мәліметке де көз жүгіртіп көріңіз. Марқұмның қызы Ақжарқын Есқалидың арызына байланысты тексеру жүргізген Қызылорда облыстық бақылау басқармасының қызметкері «Ақболаттың 29 маусым күні өз еркімен «Диас күзет» мекемесінен жұмыстан шығып кеткені, басқа мекемеге жұмыс ауыстырғаны анықталды», – деген жауап жазыпты. Бұл енді марқұмның отбасы үшін де бұрын-соңды естімеген тосын жаңалық болды. Ақболат шынымен жұмысын ауыстырған болса, бұл туралы күн сайын телефон арқылы хабарласып жүрген жұбайы мен перзенттеріне неге тіс жарып айтпаған? Оның үстіне басқа мекеменің қызметкері үшін «Диас күзет» ЖШС басшылығы марқұм қайтыс болғанда үйіне барып, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруы көңілдегі күдікті онан сайын қоюлата түседі екен. «Әкем қайтыс болғанда «Диас күзет» мекемесінің басшылары үйге келді. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып, үйін қазғызды. Әкемді мәйітханаға апаруға, одан үйге алып келіп, жаназадан кейін мазаратқа апаратын көлікпен қамтамасыз етті. Дәгігерлерге мәйітті шомылдыртып, ақшасын төлеп, мәйітханаға сақтауға қойды. Анама сол күні әкемнің 2 айлық жалақысын да берді. 10 күн бұрын жұмыстан шығып кетсе бұлайша бәйек болып керегі не? Бұл жерде бір кілтипан бар секілді…», – дейді күдіктен арыла алмай жүрген қызы Ақжарқын.
Шырылдаған қызының «шындыққа жетуге көмектесіңіз» деген өтінішінен соң біз Қызылорда облыстық бақылау басқармасына хабарластық. Телефон тұтқасын көтерген азамат өзін бөлім басшысы Айдос Асқар деп таныстырып, мән-жайдан хабардар болған соң былай деп жауап берді: «Ақболат Уәлибекұлы «Диас күзет» мекемесінен 30 маусымда өз еркімен жұмыстан шығып кеткен, ол туралы өзінің жазған арызы бар. Арызға қол қойылғанын көрдік. Маған жұмыс беруші «өзінің жазған арызы, бұйрығы» деп қолыма құжаттарды берді. Құжаттағы Ақболаттың қолы емес, оған қатысты бұйрық емес дей алмаймын. Егер бұған қызы «әкемнің өзі жазбаған, қол қоймаған» деп күдіктенсе, арнайы сараптамаға беріп, анық-қанығына көз жеткізуге, содан кейін заң аясында талап етуге болады. Маған ұсынған мәлімет бойынша 1 шілдеден бастап «Басты күзет» деп аталатын мекемеге жұмысқа қабылданған. Ал «Басты күзет» басқа заңды тұлға болғандықтан оларды арызсыз тексеруге құқым жоқ».
Құзырлы мекеменің тексеру қорытындысына қарап біздің де көңілде күдікті ойлар пайда болды. Неге десеңіз, журналистік зерттеу жүргізу барысында, дәлірек айтқанда, 7 шілде күні «Диас күзет» мекемесінің басшылығына барғанымызда Ақболаттың өздерінде жұмыс істемейтінін, басқа мекемеге ауысып кеткені жайында ешкім ештеңе айтқан жоқ. Керісінше «Ақболат бұрын да бізде жұмыс істеген. Мамырда қайтып келген соң қабылдадық. Момын жігіт еді, Құдайдың салғаны осы шығар. Отбасына көмектесіп жатырмыз. Өзі «қызымды емдетуге ақша қажет болып тұр, тағы бір ауысым жұмыс істейін» деп өтінішпен қалған еді», — деп марқұм жайлы жақсы мінездеме, жылы сөз айтқан болатын. Енді келіп «30 маусымда өз еркімен жұмыстан шығып кетті» деп «айды аспанға шығарып» отыр. Егер шынымен ол басқа мекемеге ауысып кеткен болса алғаш жолыққанымызда бізге бірінші кезекте осы мәліметті айтқан болар еді. Ал олар бұл туралы жақ ашқан жоқ. Демек, ол кезде әлі бұл қитұрқылықты істеп үлгермеген немесе мұндай жоспар құрылмаған болуы мүмкін деген күдікті ой келеді. Міне, «өлген адам сөйлемесе де жұмысын ауыстыра алады» деп отырғанымыз осыдан. Өлген адам сөйлей алмайтын болғандықтан, оның атынан жалған құжаттар жасау оңай екені түсінікті. Әрине, әзірге біз «құжаттар жалған, қолдан жасалған» деп нақты кінәлай алмаймыз. Бірақ, уақыты келгенде мұның да анық-қанығына көз жеткізуге болады.
Адам өліміне қатысты жоғарыда айтылған сәйкессіздікке қатысты Қызылорда облысының прокуроры мен ішкі істер департаментінің басшылары не айтар екен? Әлде олар да «көрмес, түйені де көрмес» дегеннің керін келтіріп отыра бере ме?
Ұ. БЕК.