Оқшау ой

Көшпелі тойхана керек


Жасыратыны жоқ, қазақ тойшыл қауым. Тіпті, той істеу бәсекеге айналды. Сол себепті 500-700 адамдық тойханалар да көбейіп жатыр. Кейде жартысы бос тұрса да элиталы тойханада қуанышын тойлау әдетке айналып барады. Мұның барлығы шығын, түптеп келгенде – ысырап. Ал ысырап ауыр күнәлардың бірі.

Жуырда Ақтөбе қаласындағы туысқаным немересіне той жасады. Бара алмадым. Бірақ вацап арқылы ағайындардың чатына той суреттері келіп жатыр. Тойды тойханада емес, есігінің алдындағы алаңқайда ұйымдастырыпты. Баяғы 80 жылдардағы «комсомол тойға» ұқсайды. Бірақ арнайы даяшылар жүр, бәрі тойханадағыдай. Темір құрандылардан жасалып, үсті кленкамен жабылыпты. Есік, терезе, бәрі ойластырылған. Бір шетте мұздатқыш жұмыс істеп тұр. Орындықтар тойханадағыдай орналасқан. Сыртта био әжетхана қойылған екен. Адам басына 10 мың теңге төлейтін тойханадан әсте кем емес.

Көшпелі тойхананы ініміз 100 мың теңгеге жалға алыпты. Өздері келіп құрып, той тарқаған соң жинап алып кетеді екен. Қаласаң аспаз бен даяшылары да бар. Жоқ, оны өзім табамын десеңіз, қалауыңыз білсін. Мұның артықшылығы ақшаны адам басына төлемейсің. Азық-түлікті де қалауыңша алуға болады. Шығын тек азық-түлікке ғана есептеледі. Қазіргі тойханалардан әлдеқайда арзанға түседі.

Қарағанды облысында той иелері тойханаға қарыз болып, амалсыздан көлігін кепілге қалдыруға мәжбүр болатындар жиі кездеседі екен. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де болуы мүмкін. Сондықтан менің ойымша көшпелі тойханаларды көбейту керек. Жиналмалы тойхана бизнесін жандандырғандар ештеңеден ұтылмайды. Өздерімен бірге асаба, даяшы, аспазы болса, оларға да сұраныстың артары анық. Мұндай жағдайда той иесі үй мен тойхана арасына жүгіріп шаршамайды. Бәрі ауласында өтеді. Ең бастысы қалтаға көп салмақ салып, қарызға батырмайды.

Н. БЕКМҰРАТОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *