Биылғы қыс Шымкентте ерекше болғаны рас. Жаңа жыл қарсаңында жауған қалың қар әлі толық еріп кеткен жоқ. Аязды күндер мұрша бермеген қардың тіні енді ғана ажырауда. Аяз сынып, күннің көзі күлімдей бастағанымен қыстың аты қыс. Десе де көктемгі жауын-шашынды күндерге дайындық қажет-ақ. Қамсыз отыруға болмайды. Сол себепті де Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов су басу қаупі бар аумақтарды аралап шықты. Төтенше жағдайлар жөніндегі сала мамандарына артылар міндет пен тапсырма да аз болмады.
«Бадам» су қоймасында көктемгі тасқынның алдын алуға бағытталған іс-шара қолға алынған. Су қоймасы толып тұр. Тасқын қаупі туындаған жағдайда шлюздерді реттеу арқылы суды Бадам өзеніне жіберу жоспарлануда. Сыйымдылығы 4,6 млн текше метрлік «Тоғыс» қоймасында да су жинау бүгінде автоматты түрде жүргізіледі. 265 шақырымды құрайтын тоған аумағында қазір су басу қаупінің алдын алуға бағытталған шаралар жан-жақты атқарылуда екен.
Бұл орайда «Ақсай қарабастау» каналын да бақылаудан тыс қалдырмау керек. Мамандар бұл каналдың да суы толып тұрғанын, көктемгі жауын-шашында қауіп туғызатынын айтады. Қазір ұзындығы 10,5 шақырымды құрайтын канал қардан, мұздан тазартылып жатыр.