Әлеумет Мәселе

Горилла қасіреті. Мопед машақаты…

        Үй артын айнала бере байқап қалдым, жас шамасы алғашқы мүшелге де тола қоймаған төрт балақай қолдарына ұстаған қаңылтыр құтыдағы сусынды құмарлана сіміріп жатыр. Жақындап барып қарасам, «Горилла» деген энергетикалық сусын екен. Қайдан алғанын сұрадым, дүкеннен сатып алыпты. Зиян екенін айтып едім, аса елең қылмады. «Күнде ішіп жүрміз ғой» дейді беймарал. Сосын талап етіп, қолдарындағысын тастатқыздым…

          …Бір туыс інім бар еді, жасы әлі отызға да толмаған. Бойы екі метрге жуық. Сүйегі де ірі, нағыз тепсе темір үзетін бақуат жігіт-тұғын. Мезгілсіз қаза болғанын естігенде абдырап қалғанымыз рас. Жақын інімнің онымен аздап аралас-құраластығы бар еді. Ажалының себебін содан сұрадым. «Нақты диагноз қоя алмапты, әйтеуір жүрегі кенеттен тоқтап қалған ғой. Кәсіппен айналысатын, күндіз-түні тыным тапаушы еді. Ылғи түнде жол жүретін, рөлде ұйықтап қалмас үшін ұдайы горилла ішіп жүретін. Ажалы да содан болды-ау шамасы», — деді өкінішті үнмен.

«Соңғы кезде түсініксіз аурулар көбейіп барады. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген науқасқа нақты диагноз қоя алмайсың. Жан-жақты сұрастырып жүріп біле бастадық, олар энергетикалық сусынға құмартқандар, соңынан тәуелді болғандар екен. Өздері де күніне бірнеше құты энергетикалық сусын ішетінін жасырмайды. Өкініштісі, оларға ешқандай ем-дом жасай алмаймыз. Көпшілігі көз жұмады. Жүрегі шыдамайды», — дейді дәрігер болып жұмыс істейтін сыныптас досым.

Энергетикалық сусынның құрамында алкоголь болмағандықтан, оның сатылуына да ешқандай тыйым жоқ. Ал википедиадағы түсіндірмесіне көз жүгіртсеңіз, аңсарыңыз еріксіз ауады. «Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Олардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі – дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, күндіз сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған. Ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады. Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады және бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді. Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталады, ал энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағатқа дейін. Оған қоса, көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді. Бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жеделдетеді. Құтысы да ыңғайлы болғандықтан, энергетикалық сусындарды өзіңмен алып жүруге және кез келген жерде ішуге болады. Бұл да оның кофеден артықшылығы». Түсіндірмеден гөрі жарнамаға жақынырақ осындай түйіндемеден кейін шынында да көп адамның оны тұтынғысы келетінін рас. Жарнама демекші, энергетикалық сусындардың телеарналар мен электронды ақпарат құралдарындағы жарнамасы да қаншама адамның оған деген құмарының артуына себеп болуда.

Қарап отырсаңыз, бұл жекелей адамдардың емес, тұтастай қоғамның проблемасы. Осы сусынның салдарынан қаншама жас өрендер өмірімен ерте қоштасып жатыр. Үйдегі балақайымыздың түзде осындай сусынды құмарта сіміріп жүргенінен бейхабар болуымыз да мүмкін. Сол себепті бұл мәселені үкімет деңгейінде көтеріп, сатылуы мен қолданылуына қатаң шектеулер қоймаса әлі қаншама адамның ажалына себепкер болатыны белгісіз.

Үкімет деңгейінде көтеріліп отырған түйткілдің бірі – мопедтер машақаты. Қазір көлік жүргізушілері үшін ең қауіпті қозғалыстың бірі – осы мопед пен электросамакаттар болған. Қауіптілігі сол оны тізгіндегендер өрімдей жас жігіттер мен кәмелетке толмаған балақайлар, яғни тәжірибесіз, көзсіз батырлар. Көліктің бұл түрін жүргізу үшін әл-әзірге құжат пен мемлекеттік номер талап етілмейді. Олардың ережеге бағынбауының, жылдамдықты асыра айдауының бір себебі де осы. Қай тұстан желдей есіп кеп қалғанын да байқамайсың. Салдарынан жол апаты да жиілеп барады. Қала көшелерінен күн сайын мопедтердің қатысуымен болып жатқан жол апаттарының куәсі болып, әлеуметтік желілерден оқып жүрміз. Жапа шеккен жастарды көргенде жүрегің ауырып, жаның күйзеледі. Бұл қаншама отбасыға қасірет тарқызып жатқаны анық.

Ішкі Істер Министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде электросамакаттардың қатысуымен елімізде 78 жол апаты мен 2 адамның қазасы тіркелген. 76 адам жарақат алған. Ал жол ережесін бұзғандар қатары 12 мыңнан асып жығылады. Өткен жылдың алғашқы алты айында 9365 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген екен. Бір жылдың ішінде ереже бұзу фактісі 30 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Ал мопедтердің қатысуымен айтылып отырған уақыт ішінде 542 жол апаты тіркеліп, 27 адам қазасына қара жол үстінде жолыққан екен. 577 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Арасында мүгедек болып қалғандар да кездеседі. 31 мыңнан астам құқық бұзушылықтар анықталған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылы 25030 болған екен. Ереже бұзушылардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да көп. Жағдай осылай жалғаса берсе, еліміздегі ең үлкен қауіпқа айналары анық. Міне, үкіметтің назарын аудартқан да осы қауіп.

Ішкі Істе Министрі Ержан Сәденовтың сөзіне сенсек, қазір осы көлік түрлерінің жүрісін жүйелеуге негіз болатын заң жобасы Сенатта талқыланып жатыр екен. Жоғары палатаның сүзгісінен өтсе, Президентке жол тартады. Дәл қазіргі кезде мопедтердің есебі жүргізілмейді. Ал жол ережесін бұзған жағдайда тағылатын айыппұл мөлшері 11 мың теңге ғана. Бұл жүгенсіз жүргізушілерге ауыздық болмасы анық. Заң қабылданған жағдайда бұл көліктер міндетті тіркеуге алынып, мемлекеттік номер беріледі. Жыл сайын техникалық байқаудан өткізуі тиіс болады. Ал оны тізгіндейтін адам А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға мәжбүр және оларға өзге көлік жүргізушілермен бірдей жауапкершілік бар.

Иә, технология дамыған сайын оның адамзатқа пайдасымен қатар қауіп-қатері де артумен келеді. Қазір адамзат баласын бір сәтте-ақ жер бетінен біржолата жойып жіберетін қарулар бар деседі. Жаратқан, соғыстың бетін әрмен етсін. Бізді бейбіт күндегі ажал апанына айналған осындай жайттар қынжылтады. Әрине, бұл қауіптің бетін қайтаруға әрбір ата-ана өз үлесін қосуы қажет. Балаңыздың көңіліне қарап мопед әпердіңіз бе, оны қалай тізгіндеп жүргенін де қатаң бақылауға алыңыз. Ақша тапсын деп, көше-көшеде тамақ тасытпаңыз. Кешкісін көшеге шығуға қатаң талап қою керек. Сонымен қатар, әсіресе, сыртта не ішіп, не жеп жүргенін бақылауда ұстаңыз. Бесіктен белі шықпаған балаңыз күн сайын горилла ішіп жүрсе, денсаулығы не болмақ? Бүгін горилла ішкен бала ертең одан да сорақысын құмарта сіміретініне күмәнданбай-ақ қойыңыз.

Бір сөзбен айтқанда, аталап емес, боталап қалмайын десеңіз, перзентіңіздің жүріс-тұрысы мен ішіп-жемі қатаң бақылауыңызда болсын. Ал, мемлекет өз құзырындағы тірлікті жасай береді.

Ш.Мекенбайұлы.     

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *