Шымкент

Қоғам тынысын ашық диалог айқындайды

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтан үлкен емес екенімізді ұмытпаңыздар», – деп мемлекеттік қызметтегі азаматтарға қарата айтқан ескертпесі мен «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» жобасының талаптарын жүзеге асыруда шымкенттік шенеуніктер өзгелерге үлгі боларлықтай. Бұл, әсіресе, мегаполистегі аудан әкімдерінің ел алдындағы есеп беру жиындарында айқын аңғарылып жүр. Есеп беру жиынына келген көпшілік көкейдегі сұрақтарын қойып, өздері тұратын аумаққа қатысты мәселелерді ашық айтуда.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен өтіп жатқан мұндай жиындардың соңы есепті жиында көтерілген мәселені көзбен көріп, мән-жайды анықтауға ұласып жатады. Кешегі апта соңында қоғамдық кеңес отырысында да қала басшысы кеңес мүшелерімен мегаполисті дамытуға қатысты өзекті мәселелер аясында пікір алмасты. Қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау тұрғысындағы бірқатар ұсыныстарды тыңдап, мәселені шешуді алдағы күннің еншісіне жоспарлауға уәде етті.

Қалалық қоғамдық кеңеске мұңын айтып, талап-арызын жолдап жататындар аз емес. Кеңес мүшелері солардың бірқатарын қала әкіміне жеткізді. Кеңесте жыл басынан бері 52 мәселе қаралып, 22 хаттама түзілген. Мемлекеттік мекемелерге 212 хаттамалық ұсыным жолданыпты. Осыған дейін 91 нормативтік құқықтық акт жобалары қаралып, қорытынды берілген. Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қоғамдық кеңестің жұмыстарын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс жолданғанын да айта кету керек.

– Халықтың мұң-мұқтажы, өзекті мәселелерімен етене танысып, оңтайлы шешім қарастыруда қоғамдық кеңестің атқарар рөлі жоғары. Әкімдік кеңеспен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында шешімдер қабылдауда кеңес мүшелерінен пікір алысып отырамыз, – деді қала әкімі.

 Қарты бар елдің қазынасы бар. Десе де…

Халықаралық қарттар күніне орай қала әкімі бірқатар қариялардың үйіне барып, сәлем берді. Саулығын сұрап, қоғамдық жұмыстағы белсенділігі үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті. Ел дамуындағы кешегі елеулі еңбектерін ескеріп, сый-сияпат табыс етті.

Осындай кездесулердің арқасында қарияларға қатысты бірқатар мәселенің барын да білді. Мысалы, Шымкенттегі Орталық саябақты талайдан бері мекен еткен шахматшы қариялардың тұрақты орны жоқ. Үйреніскен саябақтағы орындарына зәру. Айта кету керек, мұнда 58 және 85 жас аралығында, тұрақты түрде шахмат ойнап тұратын қарттардың «Ақ тұлпар» клубы құрылған. Клубтың баспанасы жоқ. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков спортты серік еткен қарттардың мұң-мұқтажын тыңдай келе мәселені шешуге уәде берді. Аталмыш клубтың ескі ғимараты М.Х.Дулати атындағы №8 мектептің күрделі жөндеу жұмыстар жүргізілуіне байланысты бұзылған болатын. Қазір клуб мүшелері «Орталық саябақта» орналасқан «Оқушылар сарайына» жиналып жүр. Бірақ, ол жерге оқу жылы басталғалы түрлі үйірмелерге келетін оқушылар көбейе түскендіктен, қарттарға ыңғайсыздық туындайтыны тағы бар. Сондықтан да шахматшы аталар «Бізге басыбайлы баспана тауып берсе» дейді.

Қарақан басының емес, қоғамның, тұрғындардың ортақ мәселесін көтеріп жүрген қариялардың бірі — Өркен Әбдіреев ақсақал. Қария көп жылдан бері «Фосфоршылар» сарайының бүгінгі күйіне алаңдайды. Кезінде ортақ қазынадан бөлінген қаржыға салынып, талан-таражға түсіп, бүгінде түгі қалмай бүлініп жатқан мәдениет сарайын қалыпқа келтірсек, әжетке жаратсақ, балаларға арналған мәдени орынға айналса дейді. Жасы 89-ды алқымдаған ақсақалдың арызын мұқият тыңдаған қала әкімі, қариямен бірге Мәдениет үйінің қазіргі күйін көзбен көріп қайтты. Аталған нысан әзірге жеке серіктестіктің мүлкі. Ал серіктестіктің үлесі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атына республикалық меншікке тіркелген. Бұған дейін де қала әкімдігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен серіктестіктің жарғылық капиталынан «Фосфоршылар» сарайын мүлік ретінде бөліп шығарып, коммуналдық меншікке беру туралы ұсынысын жолдаған. Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша құзырлы органдар тиісті жұмыстар жүргізуде екен. Қала басшысы жауаптыларға осы бағыттағы кешенді шараларды заң шеңберінде жүргізіп, ғимаратты елдің игілігіне пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Халықпен тікелей байланыс орнату – Мемлекет басшысының басты саясаты. Олай болса мәселесін ашық айтып, ортақ үйіміз қаланы көркейтуге бағытталған ұсыныс-тілектерін тыңдауға әркез дайынбыз. Қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге әзірміз, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. 

Дәл осындай рәуіштегі кездесулер Қаратау, әл-Фараби аудандарында да өтті. Аудан әкімдері жылдық есебін берсе, тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Қала басшысы оларды мұқият тыңдап, мән-жайды анықтау бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма жүктеді.

Шымкент қысқа дайын ба?

Тұрғындарды толғандырып жүрген сұрақ та осы. Жасыратыны жоқ, қылышын сүйретіп қыс келгенде көше қардан дер кезінде тазаланбай, көк тайғақ жолда көлік апаттары жиілеп, көпқабатты үйлерде жылудың сапасы мардымсыз болатын жағдайлар Шымкентте былтыр да болған. Жалпы коммуналдық қызметтердің сапасы, оны бақылауда ұстау жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақ басшыларына берген қатаң тапсырмасы бар. Одан бөлек халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы «Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», – деген болатын.

Кешегі аптада Шымкентке ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов келді. Қала әкімі Ғаит Сыздықбеков екеуі бірқатар нысандардың тынысымен танысты. Вице-министр басқаратын комиссия Шымкенттің жылыту маусымына дайындығын сараптады. «3-Энергоорталық» АҚ-ы, №3 аудандық қазандық және ӘІО 160 ГКАЛ қазандығының дайындық жұмыстары тексерілді. «3-Энергоорталық» АҚ-ның қысқы маусымға дайындығы толық атқарылғаны анықталды. Қуаттылығы 60 Гкал №3 аудандық қазандығының да жылу маусымына дайындығы аяқталған. Бұл қазандық 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. «Әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 ГКАЛ қазандығы 123 көпқабатты тұрғын үйге жылу береді. Бүгінде қысқы маусымға дайын», – дейді сала мамандары. Қаладағы көпқабатты 2 076 тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекемедегі қысқа дайындық жұмыстары аяқталған.

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бастаған комиссия мүшелері Шымкенттегі «Бозарық» қосалқы станциясында да болды. Қаланың солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы іске қосылған станция қуаттылығы 160 МВт кВт құрайды. Бүгінде қосалқы станцияның жүктемесі 47 МВт-қа жеткен.

Нысан «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында. «Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 автотрансформатордың біреуінде ақау пайда болып, істен шыққан болатын. Автотрансформатор серіктестік көмегімен қайта қалпына келтіріліп, жуырда іске қосылды», – дейді мамандар.

Сондай-ақ, астаналық комиссия мүшелерін қала әкімі мегаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың кешенді жоспарымен де таныстырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *