Әлеумет Шымкент

Талап-тілек ескерусіз қалмайды


Мемлекет басшысы атап өткендей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды. Бұл орайда Президент «Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады» деп қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді де ашып айтқан болатын.

Тіпті Мемлекет басшысы түрлі деңгейдегі қала, облыс, ауыл әкімдеріне нақты мысал да келтірді. «Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында, жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті» деген Мемлекет басшысы бұл орайда жергілікті әкімдерге жұмысты оңтайландыруды, халықпен тығыз қарым-қатынаста болу керектігін мықтап тапсырғаны белгілі.

Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің кезекті бірыңғай қабылдауы қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Айта кету керек, қала әкімінің бірыңғай қабылдауы дәстүрлі түрде өтетін басты іс-шаралардың біріне айналған. Мұндай кездесулерге жергілікті тұрғындар көптеп жиналып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерін шаһар әкіміне жеткізіп отырады. Бұл жолы да қала басшысының қабылдауына келген тұрғындар өз көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, талап-тілектерін жеткізді. Жиналған көпшіліктің мәселелерін саралай келгенде, көп сұрақ тұрғын үй кезегі, жер және жол, жұмыспен қамту мәселесіне қатысты болып шықты. Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполис тұрғындарының мәселесіне орай тиісті басқарма басшыларына тапсырма беріп, оның оңтайлы орындалуына 1 ай көлемінде уақыт берді. Ең бастысы бірыңғай қабылдауда әрбір тұрғынның қойған жеке сауалына жауапты сала бойынша басқармалардың мамандары бетпе-бет жүздесіп, келісілген мерзімде көтерілген мәселелердің жедел шешімін табуын назарға алды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей қала басшысының бірыңғай қабылдауына бұған дейін де қатысып, өз мәселесін айтқан тұрғындар аз емес. Олар көтерген мәселелердің нәтижесі қандай? Бұған дейінгі кездесулерде тұрғындардың бірқатарын қала аумағындағы су арналар көзінің бітелуі, арық-атыздардың қараусыз қалғаны айтылған болатын. Бұл мәселеге қала әкімінің тапсырмасымен баса назар аударған сала мамандары қазір Шымкент қаласының аумағында орналасқан 3 су арнасына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатанын мәлімдейді. Атап айтқанда Шапырашты су арнасының күрделі жөндеу жұмыстарының 80 пайызы, «Чумчактың» 98, «Сай ниже водопаданың» 95 пайызы аяқталған. Аталған су арналарының құрылыс жұмыстарына жалпы саны 37 техника, 58 жұмысшы жұмылдырылған. Бұл орайда басқарма қызметкерлері жергілікті шаруалармен кездесіп, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан арнаның жағдайын түсіндірді. Тұрғындар көктемгі егістік, бау-бақша жұмыстарына арналардан келетін судың қажеттілігі туралы талап-тілектерін жеткізді. Шаруалардың өтінішіне орай мамырдың 5-інен бастап ағын су беру науқаны ашылды.

Шымкент қаласындағы проблемалардың тағы бір парасы — көктем, күз мезгілінде, жауын-шашынды күндері көше бойы «өзенге» айналатыны. Мегпаполистегі ирригациялық жүйенің ескіргендігінен орын алатын мәселені шешу жолдары қарастырылып, нақты жұмыс жоспары түзілген. Қазір Еңбекші ауданында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қызу жүруде. Ауа-райының жауынды-шашынды мезгілдерінде аудан аумағында су басу қаупі бар 57 мекен-жай анықталған болатын. Оның ішінде 2022 жылы 21 көшеге жалпы ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. Биылға 13 көшеге 6,3 шақырым ирригациялық арықтар салуға 232,1 миллион теңге қаржы қаралып, арықтарды орнату жұмыстары басталды. Қалған 23 көшеге ирригациялық арықтар орнату 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Аудан аумағындағы су жиналатын орындар бақылауға алынған. Жауын-шашын кезінде мобильді топтар жұмылдырылып, арнайы техникалармен су тартылып отырады.

Әкімге үніміз жеткен екен деген қаладағы «Ұлағат», «Жұлдыз» шағынаудандарының тұрғындары бірыңғай қабылдауға өздері тұратын аумақта кәріз жүйесінің жоқтығын айтып келген еді. Жалпы Еңбекші ауданы аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігіне бүгінде инженерлік жүйелер тартылған. Жергілікті халықтың 94,5 пайызы ауыз сумен,  98,3 пайызы электр жарығымен, 90,7 пайызы табиғи газбен қамтылған.

Аудандағы өзекті мәселенің бірі жоғарыда айтып өткеніміздей кәріз жүйесі болатын. Енді оның да шешім тапқаны белгілі болды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспарлы жұмыс жоспарына сай бүгінде «Ұлағат» шағынауданында басталған кәріз құрылысы жыл соңына дейін аяқталап, жүйелер толық іске қосылатын болады. Жауапты мамандар «Жұлдыз» тұрғын алабындағы 27 көпқабатты тұрғын үйді кәріз жүйесімен қамту мақсатындағы құрылыс жұмыстары да өндірістік кестеге сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жоспарға сәйкес мұнда мамыр айында пәтерлерді абоненттеу жұмыстары басталды.

Қала, аудан әкімдері мен сала басшылары Шымкент қаласының тұрғындары тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап беруге құмбыл. Бұл орайда қала басшысы Мұрат Әйтенов жауапты мамандарға халықтың талап-тілектерін дер кезінде орындап, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ұдайы ескертіп келеді. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *