«Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде осылай деген болатын. Президент тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болмайтынын, сондықтан азаматтарымыздың заңға бағынуы керектігін, ал құзырлы органдар заң бұзушылықтың алдын алуға тиістігін баса айтты. «Қоғамның қауіпсіздігін және тұрақтылығын сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Өркениетті елдердің бәрінде солай. Әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі. Сондықтан бұл жұмысқа баса мән беру қажет» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің алдына бірқатар міндеттер қойды.
Заң талаптарын орындауда ұсақ-түйек деген болмайды. Тіпті заңсыздық дегеніміз күнделікті тұрмыста, елеусіз ұсақ-түйектен басталатыны тағы бар. Мысалы, Шымкент қаласы аумағында жалпы 36 базар жұмыс істесе, оның 19-ы әмбебап, 17-сі мамандандырылған. Бірқатарының құрылысы ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, яғни базарларды жаңғыртуды қажет етеді. Сондықтан осы талаптарға сәйкес 19 базар қайта құрылымдалу керек.
Оның ішінде 12 нысанның — Бекжан, Шымкент Тұлпар, Исатай (Алатау), Акбар, «Иманалиев» мал базары, Барыс, Жабық базар, Көктем, Жібек Жолы, Жаңа шахар, Назым апа, Көмешбұлақ базарларының реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталған. Ал Авто Нұр, Орталық қырғы базар, Алаш, Айна, Самал базарларына модернизациялау жұмыстары жүргізіліп, сауда қатарларының қызметін ұйымдастыру, аумағын күтіп ұстау, оны жабдықтау және жарықтандыру мәселесі заң талаптарына сәйкестендірілуде. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, белгіленгеннен тыс орындарда сауда жасау – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға себеп болады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, яғни әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға мәжбүрлейді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен қала аумағындағы ретсіз саудаға мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Ол топ қала аумағындағы басты көшелерде белгіленбеген орындарда сауда жасаушы тұлғаларға сауда қатарын реттеу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл орайда жыл басынан бері 550 хаттама толтырылды. Оның 407-сі ескерту түрінде болса, қалғаны бойынша 1 155 750 теңге айыппұл өндірілген.