Шымкент

Шайынды суды тазартуға күш салынуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын айтқан-ды. Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналған бұл салада су ресурстарын тиімді пайдалану, жергілікті жерде тозығы жеткен инфрақұрылымдарды тездетіп жаңарту жайын көтерген еді. «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, салада автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен» деген Президент су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуге Үкіметке тапсырма жүктеген.

Шымкент қаласында су құбырлары желісін және кәріз жүйесін жаңарту, қайта құру мәселесін қаланы сумен қамтып, шайынды су бойынша қызмет көрсетуші «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС инвестиция тарту арқылы жүзеге асырып отыр. Қазір қалада ауыз су тасымалданатын, таратылатын 1900 шақырым құбыр болса, соның 1100 шақырымы жаңартылып, жөнделді. Бүгінде шайынды суды тазарту кешенін ұлғайту құрылысы қолға алынған. Мегаполистегі стратегиялық нысандарының бірі ретінде бұл құрылысқа үлкен маңыз беріліп отыр. Саланы дамытудағы негізгі күш кәсіби мамандар армиясы жасақталған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-іне артылуда. Қала әкімдігі серіктестіктің бас директоры Анарбек Орман ұсынған жобаны егжей-тегжейлі сараптап, нысанның маңыздылығын ескеріп, құрылыстың қарқынды жүргізілуіне қолдау білдіруде. Орайы келгенде қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл жобаның қала тұрғындары үшін өте қажеттігін, мегаполистің инфрақұрылымын жаңарту, жаңғыртуға негіз болатын жоба екендігін атап өткенін айта кетейік.

Жоба жүзеге асқан шақта кешен тәулігіне 200 мың м3 шайынды суды тазартады. Бүгінде бұл көлем 150 мың м3-ді құрайды. Тұтынушылардан жиналатын сарқынды суға қар, жаңбыр суын қосқанда шайынды суды тазарту, қайта өңдеу ісі күрделене түсетіні анық. Мегаполистегі демографиялық өсім, ішкі көші-қон ісінің жаңдана түсуін ескерсек, тұтынушылар саны да уақыт өткен сайын артуда. Бұл жағдайда шайынды суды сүзгіден өткізу кешенін кеңейту күн тәртібіндегі мәселе. Құрылысы жүріп жатқан жаңа кешен іске толық қуатына қосылғанда, жоба бойынша 2025 жылы қалдық суды тазарту мәселесі толық шешілгелі тұр. Бұл соңғы жылдары қанатын кеңге жайған Шымкенттің, әсіресе, қаланың солтүстік бөлігінде бой көтерген көпқабатты үй тұрғындары үшін де тиімді. Мысалы, бір ғана «Шымкент Сити» мен Тұран шағынауданында тұратын тұрғын саны қазір 80 мыңнан асып барады.

Айта кету керек, биыл бюджет есебінен салынып, пайдалануға берілетін кәріз жүйесіне «Самал-1», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс», «Қайтпас-1», «Ақжайық» шағын аудандарында, Гидролизный, Ворошиловка, Чапаевка тұрғын алабындағы 41 мыңнан астам жеке үйлер қосылуға дайын отыр. Яғни, осы аумақтан кәріз жүйесіне қосылатын 264 мың тұтынушы жалпы тұтынушылар санын тағы да арттыра түседі деген сөз.

Жаңа жобаға негіз болып отырған мұндай дәйектер аз емес. Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің «Жасыл қалалар» бағдарламасы шеңберінде Еуропалық банк Шымкент қаласының кәріз жүйелері кешенінің қуатын 50 мың текше метрге ұлғайту жобасын мақұлдаған. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы да бар. Былтыр Шымкент қалалық әкімдігі мен банк арасында келісім шарт жасалды. Банктің вице-президенті Алан Пию Шымкентке арнайы келіп, екі жақты тиімді келісімнің ең алдымен тұрғындар үшін маңыздылығына тоқталған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Бас директоры Анарбек Орман қол қойған сол құжат негізінде су ресурстарын тиімді пайдалануға құрылған жаңа жобаны қаржыландыру мәселесі шешілді. Жобаның жалпы құны 3,9 млрд. теңгені құрайды. Оның 1,8 млрд. теңгесі ЕҚДБ тарапынан несие ретінде, тағы 1,8 млрд. теңгесін ҚР Үкіметі мемлекеттік қолдау субсидиясы ретінде бөліп отыр. Кешен құрылысы 2024 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *