Қоғам Шымкент

«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТТІҢ» ТИІМДІЛІГІ АРТУДА


Бұған дейін де атап өткеніміздей, «Халық қатысатын бюджет» жобасының шарапатын көріп жатқан қала тұрғындарының бұл бағыттағы белсенділігі арта түскені қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның тиімділігін айрықша атай келе, Үкіметке оның ауқымын кеңейтуді, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауы керектігін тапсырған болатын.

Мысалы, Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданына жаңадан 10 елдімекен қосылғандықтан, көпқабатты тұрғын үй саны бүгінде 926-ға жетті.  Қала әкімінің 2020-2023 жылдарға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, 262 аула көріктендіріліп, 40 спорт алаңшасы салынған болатын. Биылғы жоспарға сәйкес 39 аула мен 2 спорт алаңшасын абаттандыру қосылып отыр. Сонымен бірге, 41 балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Осылайша 2025 жылы аудан бойынша көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру толық аяқталады деп күтілуде. 230 мыңнан аса халқы бар ауданда ауыз су және электр жарығы толығымен шешілген. Қазір «Сәуле» шағын ауданындағы №276 орамда газ құбырларын тарту жұмыстары жүруде.

Жалпы алғанда Шымкентте тұрғын үй, коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелерге соңғы кезде көп көңіл бөлінуде. Қала халқының жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызуды басты мінет санаған жергілікті билік  келер қыстың қамын жасауға әлден-ақ кіріскен. Өткен аптада қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен жылу жүйелерінің келесі қысқы маусымға дайындығын пысықтауға арналған жиын өтті. Қазір қала аумағындағы жылу құбырларын ретке келтіру бойынша іс-шара жоспары мен штаб құрамы бекітілген. Жоспарға сәйкес 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтіп, 9,3 шақырымға қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Жобалар аясында Гагарин, Абай, Громов көшелеріндегі магистралды жылу құбырларын және Гоголь, Адырбеков көшелеріндегі жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, қазір «3-Энергоорталық», «ҚазТрансГаз Аймақ», «ОңтүстікЖарықТранзит», «Су ресурстары — Маркетинг» коммуналдық мекемелері тарапынан да тиісті модернизациялық жұмыстар басталғанын айта кеткен жөн.

Жайлы өмір сүру демекші, Абай ауданының тұрғындарын алаңдатып келген сапалы электр энергиясымен толық қамту мәселесі де биыл түбегейлі шешілетін түрі бар. Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалған есептік жиында айтылған басты тақырып та осы болды. Халықпен кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов және аудан әкімдері мен барлық басқарма басшылары атқарылған жұмыстармен танысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Жоспарға сәйкес 257 мыңнан астам халқы бар аудан жыл соңына дейін ауыз сумен, сапалы электр қуатымен  толық қамтылады. Газдандыру жұмыстары келесі жылы аяқталып, тұрғындар 100 пайыз табиғи отынға қосылады. Ауданда 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 білім ғимараты салынады. Биыл 4 мектеп «Нұршуақ», «Жаңатұрлан», «Бозарық» шағынаудандарында бой көтерсе, 2025 жылға дейін заманауи білім ошақтары «Асар -2», «Шымкент Сити», Достық елдімекендерінен салынады деп күтілуде. Сондай-ақ, биыл Абай ауданы аумағында шағал тас төселген, орташа жөндеуден өткен 60 көше пайдалануға беріледі. Жоспарға енгізілген көшелер жарықтандырылып, белгіленген аумақтарға 250 бейнебақылау қондырғысы орнатылмақ. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған игі істердің бір парасы.

Ауданда «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, 15 әмбебап балалар алаңшасы, 3 спорт алаңша салынады. 

Айтпақшы, 300-ге жуық тұрғын қатысқан есептік жиында коммуналдық, әлеуметтік салаларға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Өз саласына қатысты мәселеге орай жауаптылар халықтың барлық талап-тілектерін назарға алып, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Мұрат Дүйсенбекұлы аудан әкімі мен сала басшыларына азаматтармен дер кезінде кері байланыс жасап, бірлесе тығыз жұмыс істеуге шақырды.

Осы күндері байқасаңыз, Шымкент қаласының қайсібір көшелерін бойлай аяқжолдар жөнделіп, қайта салынып жатқанын да байқауға болады. Солардың қатарында сауда орындарының аумағы да бар. «Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қаламыздағы сауда орындарының аумағындағы автотұрақтарды ретке келтіру бойынша жаппай мониторинг жұмыстары жүргізілуде», — дейді сала мамандары. Шараның мақсаты — көлік кептелісін азайту, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, сауда орындарының алдына автомобильдер тұрақтау үшін автотұрақ ұйымдастыру және тиісті жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын үйлестіру.

Бүгінгі таңда халық көп шоғырланатын «Айна», «Акбар», «Алаш», «АвтоНұр», «Қырғы базар» сынды базарлардың аумағына аяқжолдар салынуда. Бұл шаралар мұндағы ретсіздіктерді қалпына келтіріп, тұрғындардың жүріп-тұруын оңтайландыруға септігін тигізбек.

Жалпы, жол жөндеу Президенттің айрықша назарындағы мәселе. Биыл Шымкентте 20 магистралді жол жөнделеді. Жыл басында қала аумағындағы жолдардың сапасын арттыру мақсатында жасалған арнайы мониторинг нәтижесінде қаладағы бірнеше көшелерді жөндеу қажеттігі туындап отыр. Талдау нәтижесінде жөндеуді қажет ететін 20 магистраль көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың қатарында тұрғындар тарапынан жиі мәселе көтерілген Д.Қонаев даңғылы, Тәуке хан көшесі (Сайрам көшесінен «Корпарация Береке» ЖШС базасы маңындағы айналма жолға дейін), Қазыбек би көшесі, Желтоқсан көшесі (Бейбітшілік көшесінен Қонаев даңғылына дейін), Назарбеков көшесі, Аймауытов көшесі, Абай даңғылы, Пазиков көшесі Шапағат ш/а, Измир көшесі, Шанин көшесі де бар.

Ж.Ержанова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *