Ел Конституциясының 36 бабында көрсетілгендей Қазақстан Республикасын қорғау-оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Десек те бүгінгі қоғамда әскери азаматтық борышты өтеуге деген құлшыныстың кемігені байқалады. Оның себептері де сан алуан. Алайда, әскери міндеттен бас тарту, қашу заң талаптарын бұзуға негіз болатынын, бұл бойынша жауапкершілікке тарту шаралары көрілетінін көпшілік біле бермейді. Осы орайда біз оқырманға мән-жайды түсіндіріп беруі үшін Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаевпен сұхбаттасқан едік.
–Әбдіғабит Құрбанұлы, оқырманға алдымен әскерге бозбала қай жастан бастап шақырылатынын, шақыру талаптары қандай екенін түсіндіре кетсек…
–Қарулы күштер дегеніміз елдің тірегі, қорғаны. Ал оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы жауапты. Олай болса, осы елдің әрбір азаматы санасына Отанды қорғау бұлжымас борыш екенін мықтап ендіргені абзал дер едім. Бұл дегеніміз Отанымыздың тәуелесіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу. «Мен қазақпын, мен қазақстандықпын» деген әр азамат азаматтық әскери борышын өтеуден бас тартпайды. Бұл Отанға деген адалдығына сын. Өздеріңіз де білесәіздер, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметішлердің мәртебесі» туралы заңына сәйкес, әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы сотталмаған кез келген Қазақстан азаматы мерзімді әскери қызметті (12 ай мерзімге) өткеруге міндетті болып табылады.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша зерделеу жұмыстары атқарылуда. Биыл наурыз айынан басталған көктемгі әскерге шақыру іс-шарасы маусым айының соңына дейін жүргізіледі. Азаматтарды мерзімді қызметке шақыру жөніндегі барлық іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып ұйымдастырылуда.
Орайы келгенде айта кетейін, Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері жергілікті атқарушы органдарына жүктелген. Олар әскерге шақырылушыларды да, медициналық комиссия мүшелерін де медициналық маскалармен және антибактериялық құралдармен қамтамасыз етіп отыр. Ал, Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерін қорғау және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етті. Қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқармалар жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар ету және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі, сондай-ақ жиын пункттерінде қажетті санитарлық жағдайларды қамтамасыз ету жоспары әзірленген.
Шақыру кезеңінде медициналық тексеру және жас толықтыруды әлеуметтік-психологиялық зерттеу, зерделеу, анықтау, әңгімелесу, құжаттар дайындау жұмыстары жоспарлы жүргізіледі. Жеке құрамның және шақырылушы азаматтардың санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтауына бақылау күшейтілген. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы тексеруден өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.
Әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады, яғни шақырылушы өзге облысқа аттандырылады.
–Биыл Шымкенттен әскерге қанша сарбаз аттанады деп жоспарлап отырсыздар? Шақырылған бюозбалалардың мамандығы, физикалық қабілеті әскерде рөл ойнай ма?
–Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2023 жылға әскерге шақыру науқаны барысында шамамен 1500 жуық жас азамат мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлануда. Әскери қызметке шақыруға денсаулық жағдайы бойынша жарамды, сотталғандығы және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жатады.
Әскерге шақырылушының білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдық-психологиялық ерекшеліктері Қарулы Күштердің түрлері мен тектері бойынша, сондай-ақ басқа да әскери құралымдар бойынша бөлуге әсер етеді. Мысалы, десантшылар үшін әскерге шақырылушының физикалық дайындығы, сондай-ақ бойы 170 см-ден төмен емес. Спортшыларға артықшылық беріледі. Бұл ретте әскерге, ІТ-мамандықтары, жүргізушілер, байланысшылар, және басқа да көптеген мамандар қажет.
Қарулы Күштердің беделін арттыру және нығайтуға, «Жас сарбаз» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылған филиалдары арқылы жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту, жыл сайынғы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу және т. б. патриоттық шаралар әсер етеді. Сондай-ақ, біз халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ата-аналармен арнайы әңгімелесулер жүргізіледі, оларға комиссиядан өту, бөлу, қызмет өткеру және келісім-шарт қызметіне одан әрі оқуға түсу перспективалары туралы айтылады. Біз халыққа қызмет өткерудің маңыздылығын – адам үшін, қоғам үшін, ел үшін жеткізгіміз келеді. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші-бұл мемлекеттің тірегі, бұл біздің қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі.
Ел Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің кәсіби дағдыларды алуына қатысты Қарулы Күштерде талап етілетін мамандықтар бойынша оқыту жүргізіледі.
– Әбдіғабит Құрбанұлы, әскерге барудыан жалтарып жүргендерге қандай жаза бар?
–Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғандарға үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мысалы, медициналық тексеруден өтуден жалтарғаны үшін де 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салу (648-бап) бар.
Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы 1-бөлігінің негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал, өз денсаулығына зиян келтіру арқылы, ауруды симуляциялау арқылы, құжаттарды жалған жасау немесе өзге де алдау арқылы әскерден жалтару әрекеті үшін – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әскерге шақырылушыларды жинау пункттерінен әскери бөлімдерге дейін жеткізу бекітілген тасымалдау жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілерге «әлеуметтік пакет» қарастырылған. Яғни, әскери қызметші, ата-анасы және жақын туыстары үшін тегін медициналық қызметтер ала алады. Санаторийлерде емделуге, тұрғын үймен қамтамасыз етілу, мемлекет есебінен пайыздық мөлшерлемелері төмен ипотекаға қол жеткізуге құқылы. Тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы өтемақы төлеу, балабақшаларға кезектен тыс орындар, зейнеткерлікке ерте шығу және т. Б әлеуметтік қолдаулар қарастырылған.
–Осы күні «Әскердегі қызмет «әлеуметтік лифт» болып табылады, күш құрылымдары мен Арнайы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға мүмкіндік береді» дегенді жиі естіп жүрміз…
–Расында да солай. Мол мүмкіндіктерге жол ашады. Қорғаныс министрлігінің басшылығы тарапынан әскери қызметтің қауіпсіздігіне үлкен назар аударылған. Әскерде сыбайлас-жемқорлыққа жол берілмейді. Әскери прокуратурамен, сондай-ақ әскери полиция органдарымен бірлесе отырып әскери ұжымда салауатты ортаны орнату үшін ұдайы жүйелі жұмыс жүргізіледі.
–Кейде 18-ге толған бозбаланың «шақырту алмадым» дейтіні жиі кездеседі. Бұл уәж негізге алына ма?
–Шымкент қаласының тұрғыны ретінде тіркелген, әскери борышын өтеуге мүмкіндік беретін жасқа жеткен азаматтардың бәрі да біздің департаменттің базалық тізімінде бар. Бәріне де шақырту жіберіледі. Алайда «шақырту алмадым» дейтіндері де табалатыны рас. Оған түрлі себептер негіз болуы мүмкін. Дегенмен, меніңше кез-келген 18-27 жас аралығындағы азамат әскер қатарына арнайы шақыртуды күтпей-ақ өзіне қажетті құжаттарымен тұратын мекенжайлары бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармаларына өз еріктерімен келуі керек. Өз Отанына қызмет жасауға жауапкершілікпен қарап белсенділік танытқаны абзал. Отанды қорғау әрбір азаматтың асыл парызы екенін естен шығармайық.
–Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Жәмила Жайлаубекқызы.