«Жақсының жақсылығын айт, нұры
тасысын» демекші бүгін біз Шардара ауданы Егізқұм ауылындағы «Егізқұм»
мектебінің ұстазы Тамара Зейнеділованың елге етіп жүрген еңбегі жайында
айтпақпыз.
1992 жылдан бастап ұстаздық жолға түскен Тамара Саттарқызының екі жоғары білімі бар. Кейінгі 22 жылда «Егізқұм» мектебінде еңбек пәнінен дәріс беріп келеді. Әдетте оқушылардың дені еңбек пәніне аса қызығушылық таныта бермейтіні рас. Алайда, Тамара Саттарқызының дәрісін шәкірттері асыға күтеді. Өйткені, ол қазақтың ұмыт болып бара жатқан өрмек тоқу өнерін үйретеді. «2003 жылы өрмек тоқудан «Егізқұм» мектебінің атынан аудандық олимпиадаға қатысып, бас жүлде, облыста екінші орын алдым. Кейін мұны тоқтатып қойдым. Әр нәрсенің бір қайыры болады деген рас екен, 2020 жылы пандемия кезінде осы істі қайта қолға алуға тура келді. Дәлірек айтқанда, оқушылармен тақырыппен онлайн жұмыс істеу керек болды. Жалпы, өрмек тоқу да бір өнер, ол маған атақты тігінші болған Зейнеділ атамнан дарыған болса керек. Ол кісі мақталы жилетка (куфайка) тігіп, елге көп пайдасы тиген азамат.
Мен негізінен оқушыларға қазақтың ұмыт болып бара жатқан өрмек тоқу өнерін үйретудемін. Сонымен бірге өткен жылдан бері кенептің бетіне тықыр және түкті кілем тоқуға машықтандырып жүрмін. Қазіргі таңда сыйлық ретінде беруге болатындай сәнді етіп тоқудамыз. Әзірге сатуға ұсынып жатқанымыз жоқ. Бірақ сұрайтындар бар. Арнайы тапсырыс болса, оны да істеуге болады. Ол үшін бізге түрлі жіптер, өзге де қажетті құрал-саймандар керек. Соларды бір сатып алсақ, оқушыларға да қолөнермен айналысуға үлкен мүмкіндік болар еді. Әзірге жарамсыз, тұтынудан қалған ескі киімдерді алдыртып, оның түймелерін, жібін сөгіп пайдаланамыз. Осылайша балаға әрбір затты жарамсыз қалдырмауға болатынын үйретеміз. Ысыраптың не екенін де түсініп өсетін болады.
Мен бұл өнерді оқушылардың бәріне үйреткім келеді. Бірақ жоғары сыныптың оқушылары қабылдай алмайды екен. Ол қабілетсіздіктен немесе немқұрайлықтан емес. Бұл кезде олар ҰБТ-ға дайындалуға көбірек көңіл бөледі. Сол себепті оқушыларды төменгі сыныптардан бастап осы өнерге баулыған дұрыс. Өйткені, бұл кез-келген адам үшін өмірлік қажетті өнер деп есептеймін. Тіпті, кәсіпке айналдыруға да болады.
Бүгінде қыздарының жасаған бұйымдарын көрген ата-ана бізге алғыстарын айтуда. Олардың кейбірі өз қыздарында мұндай қабілет барын тіпті білмейді де. Бірақ бала бұлақ секілді, көзін ашсаң одан әрі жол тауып кете береді. Мен шәкірттерімнің барлығын мақтан тұтамын. Олардың әрбірінің бойында өздеріне тән ерекше қабілеті бар екенін білемін. Әсіресе 8 сыныптағы Балауса Данышпан, 6 сыныптағы Ұлмекен Сисен, Балым Сейілхан, Жанайым Құлтөре секілді оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Олар өте өнерлі балалар. Сабақтан тыс уақытта да келіп үйренгісі келетін қызығушылықтарына ата-аналары түсіністікпен қарауда. Қайта қуанады. Мектеп директор Ғалымжан Момынов оқушылардың қолынан шыққан керемет дүниелерді көріп, мектептен музей ашуға ұсыныс білдірді. Тіпті арнайы көрме ұйымдастыруды үгіттеп жүргендер де бар. Қалай болғанда да балалардың өнері бағалану керек. Бүгінде оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар балабақшаларда тұр. Сұрап, сатып алуға ниет танытып жатқандар көбеюде. Енді қолөнер туындыларын жинап, көпшіліктің назарына ұсынсақ деген ниет бар», — дейді ұлағатты ұстаз.
Міне, орталықтан шалғайдамыз демей, пайдаланатын материалдардың жоқтығын сылтау етпей, жоқтан бар құрастырып отырған осындай ұстаздар көп болса, балаларымыз да шетінен өнерлі шәкіртке, өмірге икемді азаматқа айналары сөзсіз.
Ұлықбек ҮМБЕТ.