Шымкент

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен 15 мамырдағы қауіпсіздік кеңесінде коммуналдық қалдықтарды реттеуге байланысты жергілікті аймақтық әкімдерге тапсырма берілген болатын. Сол тапсырмаға сәйкес, Шымкент қаласында коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы бағдарлама әзірленуде. Қазір бағдарлама 75 пайызға дайын, шілде айында толық аяқталады деп күтілуде.

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Шымкент қаласының атмосфералық тазалығын сақтау мақсатында жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі – «Коммуналдық қалдықтарды басқару» бағдарламасына сәйкес, қаладан шығарылатын қоқыстарды бақылау және оңтайландыруға арналған ГИС бағдарламасы іске асырылмақ. Яғни, әрбір тұрғын мұнан былай қоқыс жинайтын арнайы көліктің тұрғын үй ауласына қай күні, қай сағатта келетінін немесе келіп кеткенін, қаншалықты қоқыс жинап әкеткенін смартфон қосымшасы арқылы бақылап отыра алады.

Сонымен бірге, Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Мысалы, Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары  полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр.

Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Қазір қаладағы қоқыс полигонында 1,5 млн тонна тұрмыстық қалдық дұрыс көмілмеген. Әзірге 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *