Шымкент

АЛАҢША АРТЫП КЕЛЕДІ 


Мегаполистің Абай ауданына қарасты Алдоңғаров шаруашылығында 200 ірі қара мал мен 50 жылқы бордақылауға мүмкіндік бар. Шаруашылық құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінгі таңда жұмыстың 80 пайызға жуығы аяқталған.

Кешегі аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов бордақылау алаңында арнайы болып, шаруашылық басшысымен кездесті. Кәсіпкерге ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндірген қала басшысы алдағы уақытта бордақылау алаңын бұдан әрі дамытуға бағытталған мүмкіндіктер туралы ұсыныстар айтты. Биыл күзге дейін толық пайдалануға берілетін шаруашылықта заманауи талапқа сай арнайы қора жайлар, мал азығын сақтайтын қоймалар, жаздық қоралар мен 5 га жуық жоңышқа егіс алқабы қарастырылған.

Бордақылау алаңының қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда маңызы зор. Сауда нысандарына әр тоқсан сайын, ал өндірушілерге 1 жылға баға бекітіліп отырады. Шымкент қаласы аумағында қазіргі таңда бір мезетте 100-ден көп ірі қара мал бордақылауға арналған алаңдардың саны 30-дан асады. Қала басшысы М.Дүйсенбекұлы сала мамандарына алдағы уақытта қала халқын сапалы ет өнімдерімен қамтуда инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіп, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруды, ол үшін ішкі нарықта елдегі шаруалардың өнімін саудалауға мүмкіндік жасалуын тапсырған болатын. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлер әрдайым қолдауға ие болуы қажет. Шаруа өнімі сапалы қоймаларда сақталғаны жөн. Тауардың бүлінбей тұтынушыға жетуі есіл еңбектің өтеуі болмақ. Сондықтан да Шымкентте ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма кешендері көбейтілмек. Мысалы, қаладағы сауда-логистикалық орталығында «НМИ – ЮГ» көп функционалды қойма кешені салынуда. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге осы алаңда болып, құрылыс барысын тексерді.

Жобаға сәйкес, ғимараттың аумағы 22 мың шаршы метрге жуықтайды. Тоңазытқыш камерасында тәулігіне 1455 тонна өнім сақтауға болады. Ал ұн өнімдерін сақтайтын орында 327 тонна тауар сақтауға мүмкіндік бар екен. Мамандар кешен іске қосылғанда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылатынын алға тартып отыр. Қазір өндірістік кестеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 30 пайызға аяқталған. Жоспар бойынша қойма кешені келесі жылы қолданысқа беріледі. Қала басшысы М.Әйтенов жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны назарға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, нысанды шаруаларға қолайлы етіп жабдықтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айта кету керек, Шымкенттегі азық-түлік, көкөніс және тағы басқа тұрмыстық тауар өнімдерін сақтайтын ірі Сауда логистикалық орталығы 228 гектар аумақты алып жатыр. Қазір мұнда үш жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «Continental logistics Shymkent», «Kazakhstan Logistic group», «Зерде» компанияларының тұтынушылық өнімдерін сақтау қоймалары жұмыс істеп тұр. Ал жаңадан қолға алынған 6 жоба алдағы күндері логистикалық орталықтың тасымалдау бөлшегіне айналмақ. Соның бірі «Euro Tranzit Service Management» көкөніс сақтау қоймасы. Құны 5 миллиард теңге тұратын жобаның құрылысы биыл басталып, қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған сауда логистикалық орталығының да құрылысымен танысты. Әзірге құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған кешенде ғимарат негізгі 3 блокқа бөлінеді екен. Біріншісі, 12 мың шаршы метрді алып жатқан тауарды құрғақ сақтау бөлімі, екіншісі 8 мың шаршы метрлік мұздатқыш бөлігі, үшіншісі қосымша тауар сақтайтын бөлік. Қойма жылына 240 мың тонна жүк қабылдауға қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, 80 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *