Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге аса бастаған «Естуші Үкімет» жобасының шарапаты қарапайым халыққа тиіп-ақ жатыр. Әсіресе, Шымкентте ай сайын қала әкімі тұрғындарды арнайы қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдап, шешуге болатын түйткілдерді егжей-тегжейлі таразылап отыру дәстүрге айналды. Кешегі аптада қаладағы «Көрме» орталығында тағы да азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтіп, өтініш білдіруші тұрғындар мәселесі тыңдалды.
Тұрғындарды толғандырған мәселелердің маңызды бөлігі — елді мекендердегі ауыз су, табиғи газбен қамту, жарықтандыру, кәріз жүйелерін орнату, қатты тұрмыстық қалдықтарды тазарту және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері. Қабылдау барысында шағын аудандар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жауапты мердігер мекемеге тапсырма берілді. Сондай-ақ, балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстарын жеделдету бойынша да мердігер мекемеге тапсырма беріліп, осы айда толық аяқтап, тұрғындарға пайдалануға беру қажеттігі ескертілді.
Кездесу барысында қала әкімі Мұрат Әйтеновке тұрғындар тарапынан жеткен мәселенің бірі – Абай ауданына қарасты Алтынтөбе ауылындағы көше құрылысы болатын. Қала басшысы аталмыш ауылдың даму жоспарындағы мәселелер қалай жүзеге асып жатқанын өз бақылауына алып отыр. Жоспарға сәйкес Алтынтөбеде Сатқанбаев және Ырсымбетов көшелерінде оршата жөндеу жұмыстары басталды. Қала басшысы құрылыс басына арнайы барып, кешегі апта соңында құрылыс қарқынын тексерді.
Жобаға сәйкес асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 1,4 шақырымды құрайды. Шаһар басшысы жұмыстарды сапалы жүргізіп, мердігер компанияға жұмысты өндірістік кестеге сай шілде айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Жалпы, Алтынтөбедегі 11 көшенің 6-ы асфальтталған болса, 5-іне шағал тас төселген. Келесі жылы осындағы Жастар, Бердібай, Өтебаев көшелерін асфальттау жоспарланып отыр. Осылайша 2024 жылы бұл ауылда жол мәселесі түбегейлі шешімін табатын болады.
Қала тұрғындарын толғандыратын мәселенің бірі – жылу жүйелеріндегі ақаулар. Қысқы уақытта жылудың сапасы күрт төмендеп, тұрғындар суық үйде бүрсең қағатыны бар. Қала әкімі М.Әйтенов тиісті сала мамандарына бұл мәселені қазірден шешуді тапсырды. Қысқа дайындық жұмысының қалай жүріп жатқанын өзі барып көріп қайтты. Жалпы қала аумағында орналасқан жылу жүйесінде 17 сорғы станциясы және 23 қазандық бар. Бүгінде соның жетеуі қысқы маусымға дайын. Мамандар «қалған он сорғы станциясында дайындық жұмыстары әлі жалғасып жатыр» дейді. Сонымен қатар, қаладағы тозған жылу құбырларын жаңартуға да айрықша мән беріліп отыр. Мәселен, биыл 6 185 метр жылу құбырын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Алдыңғы кезекте қала бойынша «ОНС-2» сорғы станциясынан «ТК-4-ке» дейін, «ТК-4-тен» «ОНС-3» сорғы станциясына дейінгі магистралдық жылу жүйесіне қайта құру жұмыстары жүріп жатыр екен. Бұл сорғы станциялары мен жылу жүйелері 1980 жылдары қолданысқа берілген. Сондықтан жылу құбырларын толық ауыстыру және сорғы станцияларына қайта құру кестеге сай кезеңімен іске асуда. Жоспар бойынша қайта құру жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Құбырдың жалпы ұзындығы 4 057 метрді құрайды және жоба құны 1 938 миллион теңге. Ал А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысындағы «ТК-24» пен «ТК-26» станциясы аралығындағы ауыстыруға жататын құбырдың ұзындығы 667 метрді құрайды. Жоба құны — 341 миллион теңге.
Тұрғындардың назарын аударып отырған А.Байтұрсынов көшесіндегі «ТК-42» және Ғ.Іляев көшесінде орналасқан «ТК-39» станциясына дейінгі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл жалпы ұзындығы 605 метр, сметалық құны 215 миллион теңгенің жобасы. Бүгінде жұмыстардың 60 пайызы орындалған. Асқаров көшесі «ТК-23-тен» «ТК-3-ке» дейінгі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары да 45 пайызға орындалып отыр. Құбырдың ұзындығы 856 метр, сметалық құны 156 миллион теңге.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы барлық жұмыстарды кестеден кешікпей атқаруды тапсырды және мамандарға сапа жағына жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.