Әлеумет Біле жүріңіз

Ойыншықтан да қауіп бар!

Ойыншық — баланың серігі. Бүлдіршіндер ішкі сырларын ойыншығымен бөлісіп, сырласады. Бірақ сауда айналымындағы ойыншықтардың саны көп болғанымен, сапасына аса көңіл аудару қажет. Ойыншықтарда адам төзгісіз иіс болуы мүмкін және формальдегид қосындысы мен толуол сұйықтығының құрамы мөлшерден артық болуы ықтимал.

Қазір базардан балаңызға қажетті ойыншықтың түр-түрін табасыз. Аң бейнесі  үлгісінде түрлі-түсті матадан тігілген жұмсақ қуыршақтар, асүйлік бұйымдар, үлкен машиналар, «Барбилер» бөбектерді ғана емес, үлкендерді де еріксіз қызықтырады.

Бірақ көп ойыншықтың қатарында балалардың ойлау қабілетін жетілдіретін, ұлттық нақыштағы ерекшелігімізді, салт-дәстүрімізді насихаттайтын отандық ойыншық­тар жоқ. Ал көбіне Ресей мен Қытайдан әкелінетін тауарлардың бағасы шарықтап тұрғанымен, сапасы сын көтермейді. Кейбір ойыншықтардан жағымсыз иіс бөлініп, бала денсаулығына кері әсер етеді. Әрісін айтпағанда, қыруар қаржыға келген бұйым әп-сәтте сынып, кәдеге жарамай қалады.

Жалпы заң негізінде әрбір ойыншық «Халық тұтыну тауарлары және көрсетілетін қызметтерді сертификаттау тізіміне» сәйкес сапа құжатына ие болуы шарт. Сондықтан әрбір  тұтынушы ойыншық сатып аларда оның сапасына ғана емес, таңбалау сертификатына да қарағаны жөн. Мұндай таңбалау сертификаты белгілі бір мерзімге беріледі.

Бізге дайын күйінде келген тауар бірден сатылымға жіберілмейді. Әр ойыншық бала өмірімен тығыз байланысты болғандықтан, алдымен өнім сараптау зертханаларынан қауіпсіздік шаралары бойынша тексеруден өткізіліп, содан соң сәйкестік сертификатына ұсынылады. Сертификат алу үшін ойыншықтардың өзіндік таңбасы болуы керек. Таңбада өнімнің шыққан Отаны, химиялық құрамы, қауіпсіздігі, пайдалану мерзімі жазылады. Сонымен қатар қай жастағы бүлдіршіндерге ойнауға арналғандығы жөнінде мәліметтер болады.

Бүлдіршін ойыншығы талғамға сай, сапалы болғаны жөн. Тауарды сатып алушы түсіне ғана емес, сапасына, педагогикалық-психологиялық, биологиялық, медициналық қасиеттеріне, санитарлық-гигиеналық, техникалық, механикалық қауіпсіздігіне де назар аударуы керек.

Ойыншықтың материалы неғұрлым қарапайым, солқылдақ болғаны жөн. Мұндай үлгідегі ойыншықтар баланы ешқашан жалықтырмайды. Мәселен, доп, кубик, қуыршақ тәрізді ойыншықтар үнемі бүлдіршіннің қолынан түспейді. Егер ойыншықтың материалы ажарлы болса, ол соғұрлым бала мінезінің жақсы қалыптасуына, жаттығуына дағдыландырады. Және бір ескеретін жайт, кейде балалар жаңа сатып әперген ойыншықты сындырып, ішкі құрылысымен танысқанды жақсы көреді. Мұндай сәтте ашуланбағаныңыз жөн. Ойыншық балаға ұнаса, оны бірден бөлікке бөліп, ішкі құрылысына үңіледі. Осылай бүлдіршін өз ойымен түзетуді, қайта құрастыруды үйренеді. Сәбидің жас ерекшеліктеріне қарай ойыншықтар да түрге бөлінеді. Сондықтан ойыншық сатып аларда бала талғамына, жасына қарағаныңыз абзал.

 Ойыншық таңдарда оның қауіпсіздік ерекшелігін қарау керек. Мәселен, 2-3 жасар бала машина мен қару-жарақты қалай қолдану керектігін білмейді.  Әрі механикалық қауіпсіздігі жағынан бұл ойыншықтар баланың денесін жаралап, мінез-құлқына, сана-сезіміне әсер етуі ықтимал. Сондай-ақ ойыншық белгілі мөлшерден артық дыбыс берсе, сәбидің жүйкесі бұзылады. Сондықтан әрбір ата-ана ойыншықты сатып алмас бұрын «бұл ойыншықпен қалай ойнайды?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Ал бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер ақша табудың көзін емес, бала өмірінің қауіпсіздігін, денсаулығын ойлағаны жөн. Қазақ балаларына тәрбиелік мәні бар, адамгершілікке баулитын ойыншықтар керек.

Бояуы тым қанық, алыстан «менмұндалап» тұрған ойыншықтардан сақтанған жөн. Себебі бояудың құрамында фенол, формальдегид, қорғасын элементтері бар. Бұл заттар адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне кері әсер етеді. Бала кез келген нәрсені алдымен аузына салады, сондықтан ойыншық сатып аларда аса ұқыптылықпен қарағаныңыз абзал.


А.Монтаева, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.



Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *