ЛГБТ-ны қызғыштай қоритын қазақтың «жігіттері» көбейе бастапты.
ЛГБТ-ға қарсы әңгіме айтсаң езулеріне жымысқы күлкі үйіріліп, «орта ғасырда қалып кеткен, хандық дәуірден шыға алмай қалған, т.с.с» деп әжуалағысы келеді. Ең сорақысы бұлар бұл азғындықты қалыпты жағдай санап, «олар бұл жолды өзі таңдап, бұл жолға өзі барған жоқ. Туылғаннан сондай бейіммен туылды» деген қолдан жасалған негізсіз, өтірік «қисынды» алға тартқысы келеді. Ақиқатында, бұл — қалыпты болмыстан ауытқу, бұл азғындыққа барғандар өздері таңдап, өздері барады. Ақиқаттан адаспаған тура ғылым да, дені дұрыс ғалымдар да осылай дейді. Әркім қалай ойлайды, кімді жақтайды өзінің ісі ғой, әрине. Біз де өз ойымызды айта береміз. Ал кеттік ендеше:
ЛГБТ туралы бір ауыз сөз
ЛГБТ — (лесбиянкалар, гейлер, бисексуалдар мен трансгендерлер) деген жиіркенішті сөздердің бас əріптерінен құралған сөз. Лесбиянка — қыз бен қыздың бір-біріне құмарлығын, гей — еркек пен еркектің, бисексуал — белгілі бір жыныстың екі түрлі жынысқа да құмарлығы, трансгендер — дүниеге қыз болып келіп, еркек болуды, еркек боп туылғанымен қыз болғысы келетіндерді білдіретін ұғым. Бұлардың түрі де, былығы да көп. Бұл жазбамда осылар туралы аз-кем сөз қозғамақпыз. Айтпақшы, «агендерность» деген де бар. Бұлар — өзін еркек те, әйел де емеспін деп санайтындар. Баукеңше айтқанда, Оттауизм. Түбі бір болғанымен, түрі жідә көп. Бұлардың барлығы медицинада атам заманнан бастап, ХХ ғасырдың басына дейін табиғи болмыстан, қалыпты бағыттан ауытқу, рухани ауру деп есептеліп келді. Шындығы да осы. Бұны ауытқу емес, рухани ауру емес деп «шатасудың» басталғаны күні кеше.
ЛГБТ-ның ғасырлар бойы тұншыққан тарихы 1970 жылдары бас көтере бастады. Бұл — СССР-дың ес жиып, АҚШ-тың есеңгіреп, экономикалық рецессияны бастап кешіп жатқан кезі. Бұл кезең компьютерлік революцияның, рок музыканың белсенді дамып, электронды музыканың қалыптасу кезеңі. Прогрессивті рок, хард-рок, софт-рок, хэви-метал, диско, хип-хоптардың айдарынан жел ескен дәуір болатын. Жалпы, осы бағыттағы музыкалардың дамуы лгбт-ның қанат жаюымен тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес. Есер ән бұлардың ара-жігі ажырамайтын сыңары іспетті. Біздің елде соңғы жылдары қаптап кеткен боянған әнші жігіттер, сырға таққан бәтшағарлардың көбеюі мен бүгінгі көшеге шығып, елді бұзғысы келген азғындардың бас көтеруі, жарыққа шыққысы кеп жанталасуы кездейсоқ емес. Әрине. Дәл осы 70-жылдары Голливуд күшіне мініп, қанатын кеңге жая бастады. Өнердің басты критерийі — адамдық емес, азғындық, ақша мен атақ болған дәуір бұл. Бұл кезеңде әлемде не болмады?! Көп оқиғалар боп жатты. Биологиялық қару туралы конвенция, Квебектегі қазан кризисі, АҚШ-тағы Уотергейт дауы, Солтүстік Ирландиядағы қақтығыстар, Неміс көктемі, Қытай-Вьетнам соғысы деп кете береді. Апаттар да аз болған жоқ. Бхола циклоны, Уаскарана көшкіні, Мангуадағы жер сілкінісі, Грейси дауылы. Санап тауыса алмайсыз. Тап осы кезең батыс елдерінде сексуалды революция күшіне мінген. Сексуалды революцияның ең алғашқы исі қазан төңкерісінен кейінгі орыстардың жерінде шықты деген пікір бар. Қысқасы, сексуалды революция дегеніңіз 1960-70 жылдары АҚШ-та, 1980-90 жылдары КСРО-да орын алған нәрсе. Дәл осы кезеңде айқайшыл тобыр әйел теңдігі деген ұғымның шоғын үрледі. Әйел теңдігі дегенге «жаны күйіп», айқай қосқан АҚШ-тың қара нәсілділерді табанға салып таптағаны адамзат тарихында жазулы, сақтаулы тұр. Тарихта суфражисттердің қозғалысы деген бар. Бұл қозғалыстың мәні — тұрмыстағы әйелдердің жеке меншікке деген құқы мен сайлауға деген құқы жолындағы күрес. Суфражист әйелдердің агрессивті әрекеттері көп болған. Келте ойлап, шолақ шешім шығаруға бейім кей жұрт айтып жүргендей құқы тапталып, қиянат көргенін қайдам, талай жерді қиратып, талқандап, айқаймен, айламен, арамдықпен алған тұстары көп. Феминизм — осылардың заңды жалғасы. Феминизм деген — әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік һәм жеке құқын кеңейтуге бағытталған жол. Мысалы, «іштегі баламды алдыртам ба, тірі қалдырам ба, өзім білем» деу- осы жолдың бір сипаты. (Алматыдағы феминистердің шеруіндегі плакатқа жазылған «Менің жатырым — менің ережем» деген сөз естеріңізде шығар).
Батыс елдеріндегі әйелдер қозғалысын төртке бөліп қарастыруға болады: 1. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы суфражистер қозғалысы. Бұл қозғалыстың негізгі мәні — тұрмыстағы әйелдердің жеке меншікке деген құқы мен дауыс беру құқына қол жеткізу. Суфражис әйелдердің қолы жетпей, армандап жүргеніне мұсылман әйелдер олардан мың жыл бұрын қол жеткізіп қойғаны — тарихи шындық. Мысалы Ислам бойынша тұрмыстағы әйелдің мүлкіне, ақшасына күйеуі оның рұқсатынсыз қол сұға алмайды. Сенбесеңіз ізденіп, тексеріп көрсеңіз болады.
2. Екінші толқын 1960 жылдары әйелдер мен еркектердің толық әлеуметтік һәм заңдық заңдық теңдігі үшін болған қозғалыс.
3. Үшінші толқын — өз мақсатына жете алмай тұншыққан екінші толқынның жалғасы. Бұл кезеңде феминистер порнография, садомозахизм, транс-әйелдер рөлі туралы дауласып, екіге жарылады. Дауласқан мәселелеріне қараңыз. Порнография, садомозахизм, транс-әйелдердің рөлі. Осылар өзін адаммын, адамзат баласымын деп есептейтін топтың таласатын ісі ме?!
4. Төртінші толқын 2012-13 жылдары басталған әйелдердің мүмкіндігі мен құқын кеңейтуге, интернет активизмге бағытталды. Түбірі бір болғанмен, феминизмнің түрі көп. Анархо-феминизм, ақ феминизм, қара феминизм, радикалдыфеминизм, сепаратистік-феминизм деп кете береді. Бұлардың ішінде ер мен әйелдің бас қосып, отбасы құруын аса үлкен қателік, тіпті қылмыс деп есептейтіндер де бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Түйін мынау: Құранда еркектері еркекке қызыққан Садум елінің апатқа ұшырағаны туралы айтылады. Олар Лұт пайғамбар шақырған ақиқатты қабылдамай, азғындықта шектен шыққаны үшін апатқа ұшырап, жер бетінен жоқ болды. Қазір жыныстық ауытқуды ауру емес, оған адам кінәлі емес деп, негізсіз, қисынсыз сөйлейтін адамдар көбейді. Сонда Алла Тағала Садум елін солай жаратып, өзі жазалап отыр ма екен?! Әрине, олай емес. Қазақ халқының ер мен әйелге қатысты сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан өз жолы, өз жүйе, өз дәстүрі бар. Ол дәстүрлерді, ол жолды мына мақалдардан көреміз: «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі», «Ұлдың жолы — ұлы жол, қыздың жолы — жіңішке». Бұдан басқа да жол, жобасы көп. Саф алтындай салтымыз бар, ғибратты ғұрыптарымыз бар. Бізге есі кеткендердің ақылы, жолдан шыққандардың жөн сілтегені керек емес. Анасын аялауды, қызды қадірлеуді қазақ біледі. Ана қадірін білмесе «Жәннат ананың аяғының астында» дер ме еді? «Қыз қонақ», «қыз қамқор» деп қастерлер ме еді?! Әр нәрсе жаратылыста белгілі бір болмыспен, фытратпен жаратылады. Тіпті жапырақтың да өз болмысы бар. Осыны бұзу, осыдан ауытқу — ол нағыз адасу, анық ауру. Араның шаққан кезі ащы болғанымен, салдары соншалықты ауыр емес. Қарақұрт шаққан сəтте ештеңе білінбегенімен, зардабы ауыр. Бұлардың рухани болмысымызға тигізер зардабы сол қарақұрттың уына қатты келеді. Тәмам!
Абай Қалшабек,
ақын-аудармашы.