Шымкент

Инвесторлар игілігі

Ел экономикасын дамытуда басты рөл атқаратын инвестициялық саясатта сананы жаңғырту, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу қарастырылуда. Мемлекет абсшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керектігін айтқан-ды. «Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты  қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады» деген Президент барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындарға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін беру мәселесін шешу қажеттігін де тапсырған.

Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі екені нақтыланған.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде Шымкентте ауаның ластануының алдын алу және коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешуде еліміздегі алғашқы қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Қоқыс өңдейтін зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға дейін қалдық шығаратын болады. Жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлар тартылуда. Бүгінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі аталған жоба бойынша келіссөздер жүргізуде екен. Айта кету керек, мамандар «Бұл салаға Қытай, Германия, Испания мемлекеттерінің инвесторлары қызығушылық танытып отыр» дейді. Себебі, қалдықтарды жерге көмбей, жағу арқылы электр энергиясын алу эколог мамандардың да қызығушылығын арттырып отыр екен.

Негізгі аспект – бұл жобаны іске асыруда мемлекеттік қаражатты тартпай және өңдеуден кейін қалдықтардың түзілуін барынша азайтуды қамтамасыз ету болып табылады. Биыл ақпан айында Шымкенттегі қалалық қоқыс полигоны қайтадан мемлекеттік меншікке қайтарылды. Осы уақытқа дейін жинақталған қалдықтарға топырақ төсеу жұмыстары жүргізіліп, қазір полигонның жағдайы едәуір жақсарған.

Қытай демекші, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қытай-қазақ арасындағы іскерлік қарым-қатынас жандана түскен. Тиімді жобалар, ел экономикасын көтеруге бағытталған жоспарлар екі жақты келісімдер арқасында жүзеге аспақ. Жуырда Шымкенттік делегация Қытай Халық Республикасына арнайы жұмыс сапарымен барып, Сиань қаласында кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында «өзара серіктестік орнату» туралы меморандумға қол қойылған болатын. Қытайдағы партия комитетінің төрағасы Фан Хонвэмен және партия өкілдерімен кездескен шымкенттік делегация сол келісмдерді жандандыра түсуге уәделесті. Кездесуде екі қала арасындағы жоспарлар мен мүмкіншіліктер жайы талқыланып, алдағы уақытта Шымкент — Сиань әуе рейсін ашу мәселесі қаралды.

Әзірге нақтыланғаны, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығы тарапынан халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында Сиань халықаралық зерттеулер университінің өкілдері өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Яғни, екі ел студенттерінің академиялық ұтқырлық аясында білім алуы, магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өтуі, оқытушылармен алмасуы, бірлескен зерттеулер жүргізу және оқу орнының халықаралық бастамаларға қатысуы бағытындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктері талқыланды. «Бұл ынтымақтастық студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, профессор оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлерінің үлкен мүмкіндіктеріне жол ашады» дейді мамандар. Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында іскерлік кездесулерге шымкенттік делегацияны қала әкімінің орынбасары М.Исахов бастап барды. Делегация құрамында басқарма басшылары, аудан әкімдері және қалалық мәслихат депутаттары мен білім беру және бизнес өкілдері бар.

Шымкенттің дамуына көз тігіп, өз инвестициясын құюға құмбыл болып отырғандар арасында Ұлыбритания елінің кәсіпкерлері де бар. Кешегі аптада Шымкент қалалық әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек пен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Джейн Лич арнайы кездесті. Ресми кездесудің мақсаты – елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа перспективаларын айқындау.

Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар Қазақстан тәуелсіздік алған күннен басталған. Бұл жылдар аралығында мемлекетаралық байланыс сындарлы түрде нығая түсті. Мәселен, екі ел ынтымақтастығының бір көрсеткіші – қалалар арасында тығыз байланыс орнату. Стивендж пен Шымкент бауырлас қалалар. Екі қала арасында бұл күнде туризм бағыты бойынша байланыс бар. Кездесу сәтінде қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбек елшілік өкілдеріне қаланың экономикалық әлеуетін таныстырып өтті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, инвестиция тарту – қаланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру мақсатында екі елдің инвестициялық әлеуеті мен тартымдылығы туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру қажет екені айтылды. Кездесу  нәтижесінде екі ел арасында игілікті жобалар жүзеге асады деп күтілуде.

Инвесторлардың көбейгені жақсы-ақ. Десе де олардың арасында қазірдің өзінде іске кіріскендерін айрықша атап өту керек. Бұл орайда «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы кәсіпорындарды мысалға айтуға болады. Қазір мұнда «Coca-Cola İçecek» түрік компаниясының қолдауымен алкогольсіз, газдалған және газдалмаған ауыз су сусындарын шығаратын зауыт салынып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Шымкент қаласына «Coca-Cola İçecek» түрік компаниясы Қазақстан филиалының директоры Мұстафа Белтекин жұмыс сапарымен келіп, қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесіп, зауыт құрылысының жобасын талқылаған болатын. Бұл жайында газетіміз жазған-ды. Жүргізілген келіссөздерге сәйкес, биыл зауыттың іргетасы қаланып, қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 30 пайызы кестеге сәйкес атқарылған. Аталған зауыттың құрылыс барысымен танысу мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басында болды. Зауыт іске қосылса 100-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, Сондай-ақ, кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 262 миллион литр сусын шығаруға мүмкіндігі бар.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бұл жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асуы қаламыздың өндіріс саласына ауқымды серпін беретінін айтты. Зауыт 16 гектар аумақты алып жатыр, құрылысы 2024 жылы аяқталып, өндіріске қосылмақ. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *