Әлеумет Шымкент

Инвестжобалар елдің игілігіне негізделген


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының  «Нақты секторды дамыту» бөлімінде елімізде құрылып, бүгінде жұмысын жандандыра бастаған барлық арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін атай келе, «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады» деген еді.

Шымкенеттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында кәсіп ашамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Мысалы, осы аймақтағы «Shymkent Qagazy» ЖШС-і мемелекет тарапынан жасалып отырған қолдауларды тиімді пайдаланған кәсіпорындардың бірі. Қазіргі таңда жылына 3 млн картон қорабын және 10 мың тонна крафт қағазын шығарып отырған серктестік өндіріс көлемін күн өткен сайын арттыруды көздеуде. Қазір Шымкенттен шығатын картон тауарлар еліміздің барлық аймақтарына жөнелтіледі. Қолданыста болған қағаздар, қажетсіз деп танылған макулатура зауыттың автоматтандырылған қондырғыларында қайта өңделіп, екінші өмірін бастауда. Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артып келеді. Алдағы уақытта серіктестік жаңа бағыттарды іске қосып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлауда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарынының ашылуына негіз болары анық.

Дәл осы «Оңтүстік» АЭА-да аймақтағы жалғыз 3 және 5 қабатты гофрленген картон өндіруші «KazbioLife» ЖШС-і де өндірістік қуатын арттыра түскен кәсіпорындардың бірі. Жылына 60 млн. шаршы метр гофрленген картон және картонды қаптама қораптарын құрастыратын зауыт өндірісті кеңейту мақсатында екінші жобасын жүзеге асыруға күш салып отыр.

Жалпы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінде инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Мұндағы қолайлы инфрақұрылым мен заманауи логистика тың жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беруде.

Бұл аз десеңіз осы аймақта аумағы 867 гектарды құрайтын 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылып жатыр. Оның құрылыс жұмыстары толық аяқталған шақта инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске қосылады дейді мамандар. Ал бұл дегеніңіз тағы да жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар саны кемиді деген сөз. Елдің әлеуметтік деңгейін арттыруға септігін тигізетін мұндай жобалар табыс табуға негіз болары анық.

Шымкент мегаполист болғанымен, қала сыртындағы ауылшаруашылығына қолайлы аумақтардың да әлеуетін тиімді пайдалану жұмыстары назардан тыс қалған емес. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 45-тен астам кәсіпорын бары қуантады. Олардың негізгі бағыты ұн, макарон, ірімшік, сары май, айран, шұжық, консерві өндіруге негізделген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру мақсатында биыл 3 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын іске қосылады екен. Қазірдің өзінде мемлекеттік «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасының шарапатын көре бастағандар бар. Олар сүтті қайта өңдеп, қатты ірімшік пен сары май шығаруда. Осындай 6 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жыл сайын өнімдердің қуаттылығы артқанын да айта кеткен жөн.

Бұл орайда Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабы аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып жатыр. Жалпы алғанда ауданы 132 гектарды құрайтын аумақта тамақ өнеркәсібінің өндірісі жанданайын деп тұр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылатын бұл индустриялық аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін салып біту биылға жоспарланған. Бұл, яғни «Бозарық» өндірістік аймағы іске қосылған жағдайда құны 18 млрд. теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба жүзеге асады» дейді мамандар. Мысалы, құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын консервіленген және өзге де өнімдерді, жартылай фабрикаттарды өндіру және орау, көкөністерді, ет өнімдерін, жемістер мен жидектерді өңдеу зауыты осы аймақтағы негізгі кәсіпорындардың бірі болғалы тұр. Сонымен қатар, құны 1,5 млрд. теңге тұратын консервіленген ет өндірісі де өндірістік аймақты ғана емес, мегаполистің экономикасын өркендетуге септігін тигізері хақ. Мұнан өзге мұнда косметикалық май және жеміс-жидек тағамдарын өндіретін зауыт, кондитерлік өнімдер, түрік шұжықтарын, нан үгіндісін, сүт өнімдерін, құрама жем өндіру жобалары да бар. Ал, сұйық май өндірісі, макарон өндіру, етті қайта өңдеу кәсіпорындары жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болмақ.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге сай, инвесторға «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы аумағына өз өндірісін орналастыруы кезінде жалдау шартына сай, инфрақұрылымы жүргізілген дайын жер телімі беріледі. Инвестор индустриялды аймақтан орын алу үшін «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның Шымкент қаласындағы филиалы индустриялық аймақтардың басқарушы компаниясынан қажетті құжаттардың тізбесін алуына болады. Ол үшін арнайы өтінім жазуы керек. Басқарушы компания қажетті құжаттар тізбесін 3 жұмыс күні ішінде қарайды. Сонымен бірге компания қажетті құжаттардың тізбесін Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 1 жұмыс күні ішінде жібереді. Сондай-ақ, қала әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб тұрақты қызмет атқарады, онда инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелер қарастырылады және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Шымкенттің әлеуетіне шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде мегаполисте бірнеше елдің инвесторлары өз жобаларын жүзеге асыруда. Инвестиция елдің экономикалық өсу қарқынын анықтай отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларға, түптеп келгенде халықтың әл-ауқатының артып, тұрмысының көтерілуіне оң әсер етеді. Инвестицияның артуымен Шымкентте құрылыс, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тамақ индустриясы, туризм және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатқаны аян. Әсіресе, көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, сауда-саттық, қауіпсіздік және басқа да өзекті мәселелер бойынша оңтайлы саясат жүргізуде. Елімізбен іргелес жатқан Қытай мемлекеті мен арадағы байланыстың саяси да, экономикалық та маңызы жоғары екені түсінікті. Әлемдік экономикадағы жетекші орынға ие бұл елмен арадағы келісім, іскерлік қарым-қатынас ерекше мәнге ие. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Шымкент еліміздің кәсіпкерлік және индустриалды орталығына айналған ірі өнеркәсіптік өлкенің біріне айналды. Содан да болар қаламыз отандық қана емес шетелдік бизнес өкілдерінің де  қызығушылығын арттырғаны заңдылық.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында Қытай инвесторларының қатысуымен 1,36 млрд. АҚШ долларын құрайтын 4 жоба жүзеге асуда. Олардың ішінде ең ауқымдысы – Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы. Бұл жобаның құны 1,3 млрд. АҚШ долларын құрайды. 2018 жылы жаңғыртудан кейінгі пайдалануға берілген зауытта 380 адам жұмыс істейді.

Ал бекіткіш бұйымдар өндірісімен айналысатын «Шымкент крепеж»  жобасының құны 3 млн. АҚШ долларды құрайды. 2018 жылы іске қосылған зауытта қазір 40 адам жұмыс істеуде.

Көрші елдермен тиімді ынтымақтастық орнату бағытындағы саяси шешімдерде еліміз Ресейге салынған санкциялардың теріс әсерін азайтуға және дағдарыс кезіндегі экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік алғаны да жасырын емес. Бұл орайда ел Президенті атап өткендей, Ресейде жұмыс істеп келген шетелдік компаниялар Қазақстанға инвестиция құюға дайын. Кәсіпорындарын біздің елге көшіріп әкелгендері де баршылық.

Десе де екі ел арасындағы татулыққа сызат түспейтін қарым-қатынысты да сақтай білген орынды. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 26,1 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Ресейге экспорт 25 пайызға өсіп, 8,8 млрд. долларды құрады.

Орайы келгенде Шымкент пен Ресей арасындағы экономикалық байланыс жылдан жылға артып отырғанын да атап өткен жөн. Ресей инвесторларымен қалада ірі инвестициялық жобалар іске асып келеді. Мәселен, «Hevel Kazakhstan» ЖШС (Ресей) – инвестициялық құны 6,2 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы 50 МВт Күн электр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда ресейлік «Бона Файд Групп» ЖШС инвестициялық құны 60 млн. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 252 мың дана әйелдер фитнес киімдерін тігетін жобаны бастап кетті. Өндіріс орны биыл, жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, индустриалды аймақта «Гекса» ЖШС (Ресей/Қазақстан) — инвестициялық құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алмақ. Өндіріс орны қуаттылығы жылына 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығармақ. Инвестициялық құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 300 мың м3 темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарланған. Ресейлік «ДСК 17» ЖШС іске асыратын зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *