Мегаполис мәртебесіне сай болу барлық салада жаңғыруды, жүйелі жоспарды, қарқынды құрылыс жұмыстарын қажет ететіні рас. Шымкент қаласы аумағындағы 34 су арнасының 8-іне биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы бүгінгі күнге дейін толық аяқталып, бесеуінің жұмыстары жалғасып жатыр. Соның бірі — «Сасық-1» су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басына барып, жауапты басқарма мен мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Аталған су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары кездесу барысында талқыланып, алдағы жоспарларға шолу жасалды. Каналдың жалпы ұзындығы – 14,1 шақырымды құрайды. Су арнасының жұмыстарына жауапты мердігер мекемеден 17 техника және елуге жуық жұмысшы тартылған. Қазіргі таңда бетон блоктары орнатылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Арнайы өлшем жүргізіліп, жерді құрылыс жұмыстарына дайындап, бетондалған арық жүйесі орнатылуда. Жалпы жұмыстың қазіргі таңда 40 пайызы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша нысан құрылысы биылғы жылдың қазан айында аяқталуы керек.
Қала әкімі мердігер мекеме басшылығына су арнасын пайдаланатын шаруалармен де кездесіп, құрылыс жұмыстарын тұрғындарға тиімді етіп ұсынуды тапсырды.