Шымкент

Ойын алаңшасы көбейді

Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» атты үкіметтік жобаның тиімділігін көріп жатқан тұрғындар көп. Тапсырмаға сәйкес тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындап үйренген. Шымкенттіктер бұл орайда белсенді. Өздеріне қажетті жобаны талқыға салып, жүзеге асуын бақылап отырады. Әсіресе балаларға арналған ойын алаңшаларын салу ісінде көпқабатты үй тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына өз ұсыныстарын жиі айтады. Десе де мұндай ойын алаңшаларына деген зәрулік жеке секторларда да бар. Жеке тұрғын үйлер орналасқан шағын аудан тұрғындары да өз балаларына арнап ойын, спорттық құралдары бар алаңшаларды салу бойынша қала әкіміне жиі өтініш айтуда.

Жақында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты «Самал-3» шағынауданында болып, А.Әбдраманов көшесінде жаңадан бой көтерген балалар ойын алаңшасының құрылыс барысымен танысты. Мердігер мекеме «Ынтымақ Бес Арыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан салынып жатқан ойын алаңшасына мемлекет қаржысы есебінен 23,5 миллион теңге бөлінген. Мекеме басшысына құрылыс жұмыстарын кестеге сай уақтылы тапсыру жүктелді. Жалпы, Абай ауданы аумағындағы 14 мекенжайда балалар алаңшасы және 3 шағынауданда спорт алаңшасы орнатылуда.

Айта кетсек, Самал-3 шағын ауданында бүгінде 27 мыңнан аса тұрғын тұрады. Жалпы шағын аудан 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен, талшықты интернетпен қамтылған, сондай-ақ биыл 14 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай алаңшалар Тұран ауданында да көптеп салынып жатыр. «Құрсай» шағын ауданы Тұрандағы ең өзекті аудандардың бірі. Мұнда инфрақұрылым мәселелері жоспарға сай бірте-бірте шешімін тауып келеді. Шағын ауданда жиырма мыңға жуық адам тұрады. Биыл мұнда балаларға арналып 6 ойын алаңша салынбақ. Бүгінгі күнге дейін мұнда Ұзынағаш, Құлантөбе көшелеріндегі балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілген. «Жыл соңына дейін Бекболатов, Сатқанбаев, Әулиекөл көшелерінде орнатылады» дейді мамандар.

Тұран ауданы бойынша биыл 20 балалар ойын, 12 спорт алаңшасы пайдалануға берілмек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *