Естеріңізде болса
мұғалімдердің мәртебесіне қатысты заң күшіне енген тұста «Біз ше?!»
дескен кітапханашалыр көп болды. Дені мектеп кітапханасында қызмет
атқаратындар. Не мәдениет саласының қызметкеріне жатпайтын, не
педагогтар санатына кірмейтін осы бір қауымның еңбегі адал болғанымен
айлығы шайлықтарына жетпей жүргені рас.
Бәрі де заң аясында жүзеге асатын жұмыстарға негіз болатын «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» қаулысында «Педагог-кітапханашы» лауазымы қарастырылмаған. Сол себепті де мектеп кітапханашылары «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылған жеңілдіктер мен қолдауға ие бола алмайды. Әйтпесе, оқушыларға қанша оқулық қажет? Қай класстың қай пәнінен оқулық жетсіпейді? Осының бәрін санап, екшеп, тексеріп отыратын осы кітапханашылар. Одан бөлек пәндік апталықтар мен мектепішілік мерекелік іс-шаралардың ұйымдастырушылары да негізінен кітапханашы апайлар. Мұғалімдермен бірдей еңбек етеді дегеніміз ғой. Балалар арасында кітап оқып жарысу, пәндік апталықтарға қатысты қызықты мәліметтер тауып беру ісінде белсеніп жүретін мамандардың мұғалімдер санатына кірмейтіндіктен жалақысы өспей қалғаны өкінішті еді.
Енді бұл олқылықтың орны толатын болды. Биыл орта білім беру ұйымдарындағы кітапханашылардың біліктілігін арттыру, айлық жалақысын көбейту мәселесі шелшілгелі тұр. Яғни, мектеп кітапханашыларына педагог мәртебесі берілмек. Еліміздің вице-премьері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай деп мәлімдеді.
Алдымен 2 мыңнан аса білім беру ұйымдарының кітапханашылары біліктілігін арттырады. Курста IT-құзыреттілік пен цифрлық сауаттылық, авторлық құқық сияқты бірнеше кең ауқымды тақырыптар қамтылмақ. Себебі, егер кітапханашылар «педагог» мәртебесіне теңестірілетін болса, «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңында қарастырылған барлық нормалар, оның ішінде аттестаттаудан өтуге де тиісті болады. Бұл орайда Оқу-ағарту министрлігі 2165 орта білім беру ұйымы кітапханашыларының біліктілігін арттыру курстарын өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек биыл «Кітапхана ісі» мамандығына 100 грант бөлініп отыр екен.
Соңғы кездері жалақысы мардымсыз бұл мамандықты таңдап, оқуға ықыласты жастар азайған. Жұмысы көп, шаң басқан кітаптарды тазартып, оқырманды қызықтырып отыру ісінде барын аямайтын мамандық «күні өткен, қажетсіз мамандық» санатына да еніп кеткелі қашан. Енді міне, соңғы жаңалықтар бұл саланы жандандыруға күш салынып жатқанын аңғартады. Үкіметтік деңгейде қолға алынған жоспарда 2030 жылға қарай кітапханаға 6 987 маман қажет болатыны анықталған. Оның ішінде кітапханашылар – 5 226 адам, кітапхана қызметшілері – 1 696 адам, кітапхана жұмыскерлері – 65 адам. Биыл, 2023-2024 оқу жылына «В043-Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламаларының топтарына берілген 100 грант өткен оқу жылымен салыстырғанда 75 пайызға жоғары.
Айта кету керек, мектептегі кітапханашылардың мәртебесін айқындау мәселесін Мәжіліс депутаттары бірнеше рет көтерді. Себебі, Қазақстанда мәдениет саласына қарасты кітапханаларда қызмет атқарып жүрген 4 мыңнан астам қызметкердің ғана айлығы көбейіп, қалған 8 мың педагогикалық саланың кітапхана қызметкерлері не мұғалімдерге, не мәдениет саласы қызметкеріне жатпай айлықтары өспей қалған.
Ж.Ержанова