Біле жүріңіз

Домбыраның қасиетін сезінген—Мөлдір

  Шәкіртім-мақтанышым

Менің мектепте музыка сабағынан дәріс бергеніме 30 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде өнерді сүйетін бірнеше лег шәкірттерді тәрбиеледім. Қазір олар түрлі салада еңбек етіп жүр.

   Соңғы оншақты жылдың көлемінде мектепте домбыра үйірмесін ашып, ұлттық аспабымыз-домбыраны сүйетін балалармен жұмыс істеп жүрмін. Әр жылы аудан көлемінде өтетін өнер фестиваліне шәкірттерімді қатыстыру дәстүрге айналған. «Жігер» домбырашылар ансамблімен көптеген күйлерді орындап жүрміз. Мектепте өтетін аудандық, облыстық семинарларды әрқашан осы домбырашылар ансамблімен бастап ашып, қонақтарға жақсы көңіл күй сыйлап, абыроймен атқарудамыз.

   Солардың ішінде соңғы жылдары ерекше көзге түскен талантты шәкіртім Мөлдір Ерік жайында айрықша айтқым келеді. Ол 5-сыныптан бастап домбыра үйрене бастады. Айтқаныңды қағып ала қоятын, көрсеткеніңді ойнап кете беретін Мөлдір менің көңілімді бірден өзіне аударды. Өте талантты, домбыра тартуды жанындай жақсы көретін Мөлдір тез арада қатарластарынан оза шауып, өзі жақсы көретін күйлерді үйретуді сұрайтын болды. Тіпті карантин кезінде қашықтан үйреткен бейнетаспалар арқылы да ән, күйлерді меңгеріп алды. Карантин аяқталып, мектепке келген кезде мен оның менің қашықтан үйреткендерімді тартып бергеніне өзім де таңданғанымды жасыра алмаймын.

  Қазір Мөлдір өзінің жастығына қарамастан 25-тен аса күйді нәшіне келтіре орындайды. Қазақтың қара домбырасын жанындай сүйіп, аялап ұстайды. Домбырасын тартқан сайын, домбырасы да ашыла түседі. Мөлдірдің өзі де ойнаған күйінің мазмұнын терең түсіне отырып, беріле орындайды. Күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының , Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін, Секен Тұрысбеков пен жерлесіміз Жетісайлық күйші Бөрі Исаның күйлерін шебер ойнайды. Бөрі Иса атасынан барып сабақ алып, күйлерін үйреніп жүр.

   Мен Мөлдірдің болашағынан үлкен үміт күтемін. Осындай өнерлі қыз тәрбиелеп отырған  ата-анасына да алғысым шексіз. Оның өнеріне қызығып, өнеге алып жүрген кіші сынып оқушылары да аз емес. Оның домбыра тартысына қарап, қазақтың күй өнері осындай жастарымыз барда өлмейтініне сенемін.

«Домбыра-қазақтың қасиетті дүниесі» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, қасиетті домбырамызды қастерлей білейік дегім келеді.

                 Жұмагүл Кариева, М.Тоқжігітов атындағы №42 ЖОМ-нің музыка пәні мұғалімі.

Мақтарал ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *